Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 20 Сәуір 2023

Шекарада энергетика бекеттері құрылды

None
None

Президенттің, үкіметтің жанармайға қатысты тапсырмаларын орындау үшін Түркістан облысындағы шекаралық аймақтарда энергетика бекеттері құрылды.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов мәлім етті.

Басқарма өкілінің айтуынша, энергетика бекеттері дизель отынын көршілес елдерге заңсыз тасымалдау жолын кесу мақсатында құрылған. Сондықтан олар шекаралық аймақтарда орналасқан және қазіргі таңда Сарыағаш ауданындағы – «Жібек жолы», «Қазығұрт». Келес ауданындағы – «Б.Қонысбаев». Мақтаарал ауданындағы – «Сырдария», «Атамекен», «Целинный» өткізу пунктерінде жұмыс істеп тұр.

— Облыста жанармай тапшылығын жасанды түрде тудырып отырған жанармай бекеттерін тексеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Құрамына облыс әкімдігі, Мемлекеттік кірістер, Экономикалық тергеп тексеру, Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттерінің мамандары енген жұмысшы тобы Шымкент-Сарыағаш, Сайрам-Түлкібас, Түркістан-Шымкент бағытындағы жол бойында орналасқан бекеттерді тексеріп, біршама кемшіліктерді анықтады, – деді Қанат Шонбасов.

Қазіргі таңда Түркістан облысы аумағында 9 мұнай сақтау қоймасы мен 369 жанармай құю бекеті жұмыс істейді. Оның ішінде 328-інде дизель отыны сатылады. Дизель отынының өнімін есепке алудың ақпараттық жүйесі 135 жанар-жағармай құю бекетінде орнатылған.

Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өңірде АИ-92 маркалы бензинін тұтыну 8 мың тоннаға өсіп, 34 мың тоннаны құрады. Дизель отынын бір айлық тұтыну көлемі 7 мыңға өсіп, 36 мың тоннаға жетіп отыр. Сондықтан облыс бойынша АИ-92 маркалы бензиннің және дизель отынының жетіспеушілігі қаупі сезілген. Енді осы тапшылықты болдырмау бағытында жұмыстар күшеймек.

Ал облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Сәкен Далиевтің айтуынша, өңірде автогаз бағасы қымбаттамайды. Түркістан облысына сұйытылған газдың сұранысы айына 12 000 тоннаға жуық көлемді құрайды. Ал күнделікті тұтыну көлемі 420 тоннаның төңірегінде.

Басқарма басшысының сөзіне сенсек, өңірдегі сұйытылған автогаздың көлемі жеткілікті. Алдағы уақытта да тапшылық туындамайды.

«Сәуір айына 10236 тонна, мамыр айына 12359 тонна, маусым айына 10739 тонна сұйытылған мұнай газ Түркістан облысына бөлініп отыр. Бағасы да тұрақты. Автогаздың литрі 60-65 теңгенің көлемінде сатылып жатыр. Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында тариф өседі деп жоспарланып отыр. Ал біздің өңірде әзірге ондай жоспар жоқ. Көлемі де жеткілікті. Зауыттан күніне 16 вагоннан Түркістан облысына жіберіліп жатыр» – деді Сәкен Далиев.

Бүгінде өңірде балон газын қолданатын 140 536 тұрғын үй бар. Сондай-ақ 50 000-нан астам жеңіл көлік, 1500-ге жуық жүк тасымалдайтын және 1000-ға жуық жолаушы көлігі сұйытылған автогазды тұтынады.

Тегтер: