Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:07, 18 Ақпан 2022

Шекарадағы шырғалаң

None
None

          Болған оқиға ізімен

Бұл тақырыпқа қайта ораламын деген ой қаперімде жоқ болатын. Оған  президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттеріндегі орын алып жатқан кемшіліктерге байланысты жуырда айтқан қатал сыны себеп болды.  Көп нәрсе көз алдыма қайта оралды. Қалай дегенмен де өткен күндердегі өрге шығып сүйінген, өзекке түсіп күйінген сәттер әсте ұмытылмайды екен. Сондықтан да тар жол, тайғақ кешуге байланысты өз басымыздан өткен сан түрлі эпизодтарды қағаз бетіне түсіруге тырыстым...

Бәрі де ойламаған жерден болды. Кезекті еңбек демалысында жүрген едім. 2002 жылдың қаңтар айының 25-сі күні елбасы Астанада бүкіл дәрежедегі әкімдермен кездесу өткізіп, сол кездесу барысында сөйлеген сөзінде  қытаймен шекарада орналасқан кедендердің атына қатты сын айтты. Көп ұзамай, кеден комитетінің төрағасы да басқа қызметке ауысты. Ол кезде кеден комитеті мемлекеттік кіріс министрлігінің құрамында болатын. Кеден комитетінің төрағасы кім болады екен деп жорамалдап жүрген кезімізде, бұл қызметті сол кездегі мемлекеттік кіріс министрі Зейнолла Кәкімжанов уақытша өзі атқарады екен дегенді естідік. Үкімет ауысардың алдында ғана оның кеден комитетінің орталық аппаратының кейбір басқарма бастықтары мен территориялық кеден басқармаларының бастықтарын аттестациядан өткізіп, оның қорытындысы бойынша біразын қызметтерінен босаттырып тастағандығынан хабардар болатынбыз. Осы көріністер арқылы кеден саласын тағы бір кадрлық реформалар мен тазартулар күтіп тұрғанына  ешқандай күмәніміз болған жоқ.

 Сол жылдың 12-ші ақпан күні Зейнолла Кәкімжанов біраз территориялық кеден басқармалары мен қытаймен шекарада орналасқан кеден және кейбір кеден бекеттерінің бастықтарын министрлікке шақыртты. Сол күні-ақ қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттерінің бастықтары түгелдей, қызметтерінен босатылғаны жөніндегі хабарды естідік. Енді босаған орындарға кімдер тағайындалады екен деген ақпаратты тосып жүрдік. «Не болса да артында мықты тіреуі бар біреулер тағайындалатын шығар», деген ойымыздың да болғаны жасырын емес.  

Астанаға министрдің қабылдауына шақырылғандардың ішінде сол кездегі Шығыс Қазақстан облыстық бас кеден басқармасының бастығы, генерал лейтенант Н.Тілемісов пен оның кадрлармен жұмыс жөніндегі орынбасары Е.Абдрахманов бар болатын. Әңгімелесу барысында Зейнолла Кәкімжанов: «Қытаймен шекарада орналасқан кедендерде тәртіп орнатуға қабілеті жететін кадрлар бар ма?» деген сауалды ортаға тастапты. Сол кезде Н.Тілемісов пен Е.Абдрахманов «Бақты» кедені бастығының орнына менің кандидатурамды, ал «Майқапшағай» кедені бастығының орнына Б.Смағұловтың кандидатурасын ұсыныпты. Біздің кандидатурамызға қарсылық білдірмеген министр Н.Тілемісовке қарап:

  • Сіз «Бақты» кедені бастығының орнына ұсынып отырған Нұрахметовтың мен түрін де көрген жоқпын. Ол үшін өзіңіз басыңызбен жауап бересіз, – депті.

 Ал аты-шулы «Қорғас» кеденіне бастық болып сол күні Е.Абдрахманов тағайындалады. Ерікжан Абдрахмановты тағайындар алдында көпшіліктің көзінше:

  • Бәрінен де саған қиын болатынын білемін. Қауіп те төнуі мүмкін. Сондықтан да кез келген уақытта менің ұялы телефоныма хабарласуыңа рұқсат. Қолымнан келген көмегімді аямаймын. Егер де алты айдың ішінде сол жерде тәртіп орната алатын болсаң, Қазақстанның картасындағы қай кеденді көрсетесің, таңдаған қызметіңе қоямын, – деп шегелеп айтыпты.

         «Бақты» кеденіне бет алып келе жатырмыз. Жүрегім қобалжулы. Осыдан екі жылдан асатын уақыт бұрын ғана аталмыш кеденде контрабандаға қарсы күрес бөлімінің бастығы болып қызмет істеп кетсем де, ұжымдағы қызметкерлердің көпшілігін жақсы танысам да, бұл жолы атқаратын жауапкершілік жүгі әлдеқалай ауыр екені сөзсіз.

– Бекен, біздің министр өте таза және талапшыл адам, – деп бастады әңгімені жол үстінде басқарма бастығы, генерал-лейтенант Нұрлан Хайдоллаұлы. – Сондықтан да бар күш-жігеріңді салып, жұмыс істе. Біріншіден, кеденге ықпал етуші бандиттік және басқа да ұйымдасқан топтардың ықпалында кетіп қалып жүрме. Екіншіден, жеке құрамда кадрлық тазартулар жүргізуің қажет. Үшіншіден, контрабандаға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тегеурінді тосқауыл қойып, кедендік төлемдерді бірнеше есеге көтеруің керек. Сонда ғана сенімді ақтай аласың. Ал енді өзіңді көрсететін мүмкіндік келді. Іске сәт, бауырым, – деді ағалық ақылын айтып.

         Жұмысқа алғаш кіріскен күні-ақ бүкіл ұжымның басын қосқан жиналыста кедендік шекарадан өтетін әр жүк көлігі жеке бақылауымда болатынын және кедендік ресімдеу мен тексеру жұмыстарының бәріне  тікелей өзім қатысатынымды айттым. Бұған қоса, дереу үйлестіру тобын құрып, рейд шараларын жүргіздік. Нәтижесінде, Бақты ауылының ішіндегі кейбір үйлердің ауласына жасырып қойған темір қалдықтарын тиеген бірнеше автокөліктерді, олардың ағытып қойған тіркемелерін ұстап, белгіленген тәртіп бойынша ішкі істер органының  қызметкерлеріне өткізіп бердік. Бақты ауылына кіреберіс жол жиегіне шлагбаум қойып, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырдық. Сол күні-ақ шекара жабылды десе де болады. Транзит режимінен басқа импорт және экспорт операцияларының бәрі тоқтады. Бірнеше күн қол қусырып босқа отырмай, кеденнің 2001 жылғы және 2002 жылдың қаңтар айының жұмысына статистикалық талдау жасалды. Талдау барысында аталмыш кеденде 2001 жылы ай сайын өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар жиынтығы бар-жоғы – 3 миллион 710 мың теңгені ғана құрап, импортталған тауар таситын әр көліктен өндірілген кедендік төлемдер мен салықтар, орта есеппен, 80 мың теңгеден, ал алым коэффициенті 33 пайыздан аспағандығын көрсетті. Яғни, «Бақты» кедені бір жылда мемлекет қазынасына – 44 миллион 520 мың теңге көлемінде ғана қаржы түсірген болып шықты. Сонымен қатар, әр автокөліктегі импорттық тауардың статистикалық құны бес еседен аса, салмағы екі еседен аса кемітіліп көрсетілген. Ал бөлінген лимит бойынша кеденнің өзінің  қаржымен қамтамасыз етілу қажетіне жұмсалған қаржы 31 миллион теңгеден асып кетіпті. Сонда кеденнің бір жылда мемлекет қазынасына түсірген таза пайдасы 13 миллион теңге көлемінде ғана. Әрине, кеденнің кедендік төлемдер мен салықтар өндірудегі барлық мүмкіндіктері  осымен ғана шектелмейтіні белгілі.

         Қызметке кіріскеніме жиырма күндей уақыт болды. Алайда, шекарадан бірде-бір тауар тасыған көлік өтпеді. Сыртқы экономикалық қызметпен айналысушылар мен кейбір контрабандистер кеденде жаңа басшылық келгелі тәртіптің тым қаталданып кеткенінен хабардар болып алған. Олардың бәрі  импорттық тауардың ассортиментіне қарай әр көліктен мөлшермен заң жүзінде қанша кедендік төлемдер мен салықтар алынатынын біледі. Жиырма күннің ішінде бірде-бір кедендік  ресімдеу болған жоқ, кеденнің есеп шотына бір теңге де түспеді. Шекарада екі ел арасында ары-бері қозғалыс болмаса, кедендік төлемдер мен салықтарды орындау жөніндегі жоспарлы тапсырмаларды қалай орындаймыз деп қобалжығаным да рас. Тым асыра сілтеп жіберген жоқпын ба, деп те ойладым. Жан-жақтан телефон шалушылар да қаптады. Бәрінің сұрайтыны шекарадан тауар алып өту үшін «жеңілдік» жасау.

Сонымен қатар, менің қабылдауыма алғашқылардың бірі болып қаржы полициясының қызметкерлері келді. Олар әңгімені төтесінен «бірлесіп» жұмыс істеу жөнінен бастады да, өздерінің тарапынан ешқандай кедергі болмайтынын айтты. Мен бірден бас тарттым. Сол жерде өзіме үлкен бір  жау тапқанымды түсіндім. Тура сол күні «Қорғас» кеденінің бастығы Ерікжан Абдрахманов телефон шалып, айтқан талаптарына көнбегені үшін қаржы полициясы қызметкерлерінің оның қалтасына героин тығып жіберіп, қамауға алмақшы болған қитұрқы әрекеттері жөнінде айтты да, жігіттерді қорғап, өзімнің де сақ болуымды ескертті. Мен дереу ұжымды жинап, қандай арандату әрекеттері болып жатқаны жөнінде хабардар еттім. Бұл кез «Қорғас» кедені ұжымы мен қаржы полициясы қызметкерлерінің арасындағы қақтығыстың  нағыз қызған шағы болатын.

Сонымен қатар, кейбір республикалық телеарналарда Зейнолла Кәкімжановқа және қытаймен шекарада орналасқан кедендердің жұмысын қаралауға бағытталған ақпараттық шабуылдар үдеп кетті. Біз, әрине, бұл әрекеттердің қандай мақсатпен жасалып жатқанын, оның артында қандай ықпалды күштердің тұрғанын білдік. Сондықтан да кеден органдарының үстіне үйірілген қара бұлтты сейілтіп, кеденнің шынайы бейнесін дәлелдеу үшін талапты бұрынғыдан да күшейтіп, кешенді шаралар қабылдауға тура келді.

Әуелі мына бір оқиға менің есімде қатты қалып қойды. Бірде менің қабылдауыма өзім жақсы танитын Нұржан есімді кәсіпкер жігіт келді. Жаңа қызметке келуіммен құттықтаған соң, әңгіме арасында:

  • Беке, сен осы қызметке тегін келді дейді, сол рас па? – деді.

 Жауап ретінде  жалғыз мен ғана емес, бүкіл қытаймен шекарада орналасқан кедендердің бастықтарының бәрі де тағайындалған кезде бір тиын бермегенін айттым. Ол сенген жоқ.

– Сенбесең, онда мында қара, – деп  орнымнан тұрдым да, кітаптар салынған сөреден қасиетті Құранды алып, қолыма ұстадым. Сол кезде сенбеске амалы қалмаған танысым басын шайқап:

  • Қазіргі заманда да осындай таза адамдар бар екен-ау. Сонда Кәкімжанов қараптан-қарап отырып, миллионнан артық доллардан айырылыпты ғой, – деді өз ойын жасырмай. Әрине, бұл жерде әлгі танысымның кеден басшысының қызметі сатылды деп топшылауы негізсіз емес еді. Сонымен қатар, қызметті сатып алған кейбір әріптестерімді де білетінмін.

Сондай-ақ «Бақты» кеденіне келгенде, мынандай дәрежедегі аласапыранның ішіне түсемін деп мүлде ойламаппын. Жаңа лауазымға тағайындалғаныма 3-4 күндей ғана уақыт өткен болатын. Кешкілік жұмыстан қызмет көлігімен келе жатсам, қоршаудың алдындағы қақпаға жақын жерде мемлекеттік нөмірі 997, маркасы Ланд Крузер автокөлігі тұр.  Біз оншалықты назар аудармай, қақпадан ішке кіріп кеттік. Содан кейін жанымдағы көмекші жігітке:

– Ана тұрған не көлік екенін біліп келші? – дедім. Бір уақыттта ол лезде қайтып келіп:

  • Аға, машинаның ішінде Атаба отыр, сізді шығып кетсінші деп айтты, — деді.

Дәл сол сәтте Нұрлан Хайдоллаұлының осы уақытқа дейін «Бақты» кедені Талғат Атабаевтың (лақап аты Атаба) ықпалында болып келгені туралы айтқаны есіме түсті. Содан кейін көмекшіме:

  • Мен ешқандай жағдайда да жолыға алмайтынымды жеткіз, – дедім.

Бұл жағдайды дереу Нұрлан Хайдоллаұлына баяндадым. Ол менің бұл әрекетімді дұрыс деп бағалады да, бас кеден басқармасынан көмекке арнайы дайындығы бар қосымша бес адам жіберетінін айтты. Кейіннен сол кезде мені арнайы қызмет органының өкілдері бандиттік құрылым басшысымен кездесе ме деген қауіппен сырттай бақылап тұрғандарын естідім. Себебі, аталмыш жағдай бойынша ертесінде кеден комитеті төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов телефон шалды да, «Бақты» кеденінің бақылау аймағында жүрген бандиттік құрылым өкілдерінің ықпалына түсіп қалмауымды қатаң ескертті. Сөйтсек, Зейнолла Халидоллаұлы біздің әр басқан қадамымызды ұлттық қауіпсіздік органының бақылауы арқылы да жіті назарда ұстап отырған көрінеді.

         Мынандай жағдайдан кейін әр қадамымызды сақтықпен басып, жұмысты дұрыстап, жолға қою керек болды. Талдап қарасақ, 2002 жылдың қаңтар айының кедендік төлемдер мен салықтар жөніндегі жоспары 3 миллион 823 мың теңге көлемінде ғана орындалған екен. Ал ақпан айындағы жоспарлы тапсырма 2 миллион  341 мың теңге көлемінде ғана. Яғни, барлық көрсеткіштер 2001 жылдан да төмендеп кеткен. Наурыз айына бізге 4,5 миллион теңге көлемінде жоспарлы тапсырма берілді. Алайда, жиырма күннен асты, шекарада арлы-берлі қозғалыс жоқ. Шекарада қозғалыстың тоқтап қалуынан Алматы мен Семей ғана емес, бүкіл Қазақстанның базарларында қытай тауарларының бағасы қымбаттап, сұраныс көбейіп кетті. Мәселенің мән-жайын түсінбеген кейбіреулер «кеденшілер бағаны көтеріп жіберіпті», деген қауесет таратып жүрді.       

Наурыз айының басында алма тиеген бір жүк автокөлігі шықты-ау,  әйтеуір. Бұл оқиға біз үшін Антрактидананың мұзын жарған кемедей әсер етті десем, артық болмас. Кедендік ресімдеу кезінде салынған кедендік  төлем мен салықтың құны бір  миллион 400 мың теңгеге жуық болды. Бұны естігенде, алманың иесі шалқасынан түсе жаздады.

– Менің алмамның құны алтынмен тең болды ғой, – деп реніш білдірді. Сол кезде мен оған:

– Бір айдан артық уақыт өтті. Алайда, қытаймен шекарадан бірде-бір алма өткізуші болған жоқ. Семейдің базарында да алма таусылды. Сондықтан да алмаңыз өтпей, шығынға ұшыраймын деп қорықпаңыз, – деп көңілін көтеріп қойдым.  

Тура сол күні, яғни алма тиеген жүк көлігі уақытша сақтау қоймасынан кедендік ресімдеу шараларын бітіріп шыққан бетте-ақ оны қаржы полициясының қызметкерлері тоқтатып, біздің кедендік ресімдеу шараларымыздың дұрыстығын тексеру үшін өздерімен бірге алып кетті. Олар бұл көлікті екі күн бойы тексеріп, не кеденшілерге, не кәсіпкерге тиісетін ілік таппаған соң, босатуларына тура келді. Біздің үстімізден осындай тексерулер  жиі қайталанып тұрды. Тексере-тексере әбден түк таппай, шаршаған олар ақырында импортталған тауар тасыған жүк көліктерін тоқтатып, тауар иелерінің қолындағы кедендік жүк мағлұмдамасындағы миллиондап төленген цифрды көргенде, оны тексеруден түк шықпайтынын біліп, жібере салуға мәжбүр болып отырды. Біздің қалай жұмыс істеп жатқанымызға олардың көздері әбден жетті. Жігіттеріміздің де ұйқысы тынышталды. Осылайша, құқық қорғау органы қызметкерлерімен арамыздағы түсініспеушілік жағдайларына жол берілмеді. Сөйтіп, наурыз айының жоспарлы тапсырмасы 21 миллион 635 мың теңгеге орындалды. Яғни, «Бақты» кеденінің жарты жылда беретін көрсеткішін бір-ақ айда орындауға қол жетті. Бәріміздің қуанышымызда шек жоқ.

 Осындай кезде қол жеткізіп жатқан жетістіктеріңді көре алмайтын  жаулар да тасада қалмайды. Бірде сәуір айының басында республикалық телеарналардың бірінде «Бақты» кедені арқылы жуырда ғана ақбөкеннің мүйізі мен спирт өткені туралы ақпарат айтылып қалды. Бұл жалған хабарды естігенде, зығырданым қайнап кетті. Олай болуы мүмкін емес. Себебі, наурыз айында кедендік ресімдеуден өткен  бар-жоғы 18 автокөліктің бәрінің кедендік тексеруіне тікелей өзім қатысқан болатынмын. Сонымен қатар, бізден кейін жол-жөнекей тоқтатып, құқық қорғау органының қызметкерлері қаншама тексерді. Егер де шынымен-ақ контрабанда жіберіп алған жағдайымыз болса, олар бізді аямайтын еді. Бұдан бөлек, олардың кеденшілердің жұмысынан қайткен жағдайда да кінәрат табу керектігі жөнінде тапсырма алғандарынан да хабардар болатынбыз.

         Енді бұндай қара күйеден өзімізді ақтап алу үшін  бұл ақпаратты анықтаудың бір ғана жолы бар. Ол – қытайлық кеденшілерге барып, арнайы мәлімет алу. Сәтін салғанда, осы кезде көршілес Қытай Халық Республикасы Шәуешек кеденінің бастығы  «Бақты» кеденінің жаңа басшылығымен танысу және жұмыс бабында пікір алмасу мақсатында өздеріне кездесуге шақырту жіберіпті. Шақыртуды қуана қабыл алып, орынбасарым Ж.Ибраев және негізгі бөлім бастықтары кездесуге бардық. Кездесу барысында мынадай бір қызық оқиға болды. Қытай кеденінің бастығы  бізге:

– Кейінгі кезде осы сіздерден бізге металл, ал біздерден сіздерге спирт өткізу операциялары неге тоқтап қалды? Әлде сіздердің мемлекеттің сыртқы экономикалық қызметке байланысты саясаты өзгерді ме? — деп сұрақ қойды.

Бұл сұраққа жауап ретінде осы уақытқа дейін өткізілген металл мен спирттің түгелдей заңсыз, яғни контрабандалық жолмен жүзеге асырылғанын айтқанымда, қытайлық әріптестер жағаларын ұстады. Сөз арасында мен қытайлық әріптестерге жыл басынан бері қанша тонна спирт, металл және ақбөкеннің мүйізі өткендігі туралы мәліметті растап беруді өтіндім. Олар ақбөкеннің мүйізі 2001 жылдың қараша айының17-сі күні өткендігі және бұл оқиға жөнінде қытайдың бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылғаны туралы фактіні растады. Ал спирт пен металл өткізу жөніндегі мәліметті басшылықпен келісіп барып, беретінін айтты.

Арада көп уақыт өтпей-ақ, қытайлық әріптестер сөздерінде тұрып, спирт пен металл жөніндегі мәліметті берді. Сөйтсем, «Бақты» кеденінен ең соңғы контрабандалық металл мен 86 тонна спирт 2002 жылдың 26  қаңтарында өткізіліпті. Ал мен болсам қызметке 13 ақпан  күні келдім.  Бұл мәліметтерді алсам да, жоғары басшылыққа баяндаған жоқпын. Олай жасаған себебім, осының алдында ғана қолының сұғанақтығы бар біраз адамдарды жұмыстан шығарып жіберген болатынмын. Бұған қоса, екі ел арасында ақпарат алмасу жөніндегі ратификацияланған келісімнің болмағандығынан және қылмыс құралының жоқтығынан аталмыш фактілерді дәлелдеп, кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тарту бос әурешілік екені сөзсіз. Сондықтан да ұжымның басын қосқан жиналыста қытайлық әріптестер берген мәліметтер бойынша өткенде қандай заңсыздықтарға жол берілгенін айтып, алдағы уақытта жұмысқа деген талапты бұрынғыдан да күшейтуді ескерттім.

Сонымен қатар, сол жылдың сәуір айының ортасында бізге қызмет бабында Президент әкімшілігінің сол кездегі мемлекеттік инспекторы, белгілі оппозиционер Ғазиз Алдамжаров, облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Бергенев, Ұржар ауданының әкімі марқұм Д.Селиханов келді. Ғазиз Алдамжаровтың келу мақсаты Елбасының қытаймен шекарада орналасқан кедендердің атына айтқан сынынан кейін одан қандай қорытынды шығарылып жатқаны жөнінде мәліметтер алып, бәрін өз көзімен көруге келген екен. Біздің өткен жылмен салыстырғанда, жарты жылдық жоспарды бір айдың ішінде орындағанымызды естігенде риза болып:

– Сонда бұрын қалған ақшалар қайда кетіп жатқан? – деп сұрады.

  • Маған дейін жасалған жұмыстар жөнінде біреудің сыртынан топырақ шашқым келмейді. Мен өз жұмысыма ғана жауап беремін, – дедім.

         Сәуір айының жоспарлы тапсырмасы да ойдағыдай  межеленіп, айналдырған екі айдың ішінде ғана өткен жылмен салыстырғанда, бір жылдың көрсеткішін бірақ беру арқылы мерейіміз тағы да бір көтеріліп қалды. Сол кезде «Қорғас» кеденінің бастығы Ерікжан Абдрахманов хабарласып, сәуір айының жоспарын 1 миллиард 200 миллион теңгеге орындағандарын айтып, сөз соңында:

  • Сендер де жарайсыңдар. Бәріміз де шекарада тәртіпті біркелкі ұстап, министрдің сенімін ақтадық қой деймін,- деді.

Әрине, бізге қарағанда, Ерікжан Абдрахмановтың басын қатерге тіге жүріп, көрген қиыншылығын және айына 100 миллионға да жетпейтін кедендік төлемдер беретін «Қорғас» кеденінің көрсеткіштерін миллиардтан асыруы дегеніңіз екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік екені сөзсіз. Сонымен қатар, «Қорғас» кеденіндегі қаржы полициясы мен кеденшілердің арасындағы болған қақтығыстың түп  тамыры қайдан шығып жатқаны да көп ұзамай, әшкере болды. Кедендік шекарадан шыққан әр автокөліктен өз үлестерін алып отырған жемқор топ ақырында, жеңіліске ұшырады. Біздің осы көрсеткіштеріміз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария бола бастаған кезде ғана көпшіліктің әділеттілік кеденшілер жағында екеніне көздері жетті.   

         2002 жылдың мамыр айының үші күні Зейнолла Кәкімжанов қытаймен шекарада орналасқан кедендердің бастықтарын Астанаға жиналысқа шақыртты. Бізді қабылдардың алдында ғана тағайындалғанына көп бола қоймаған «Достық» кеденінің бастығын қызметінен босатты. Шығыс Қазақстан облыстық бас кеден басқармасының бастығы Н.Тілемісов пен «Майқапшағай» кеденінің бастығы Б.Смағұлов үшеумізді кірген бетте айқайға баса қарсы алды. Өмірімде министрімізді бетпе-бет бірінші рет көруім екен. От шашқан көздері адамға тіке қарағанда, өңменіңді тесіп өтеді.

         Мен алғашында ештеңені түсінбей қалдым. Сөйтсем, көре алмайтын арандатушы біреулер біздер туралы жалған ақпар беріп қойса керек. Жүрегім бірдеңе сезгендей, контрабандалық спирт пен металл жөніндегі қытай кеденінің бастығы берген мәліметті өзіммен бірге ала келгем. Мына сөздеріне қарағанда, біз ешқандай мардымды жұмыс жасамағанбыз және осы жерде қызметімізден босайтын сияқтымыз. «Қызметтен кетсем, кеттім,  негізсіз жаланың құрбаны болғанша, өзімнің ақтығымды неге дәлелдеп айтып кетпеске?» деп оқталдым да:

  • Министр мырза, бізді де бір ауыз тыңдаңызшы, – дегенде, дауысымның қалай қатты шығып кеткенін аңғармай қалдым. – Сіз мені сенім артып, «Бақты» кеденінің бастығы қойған кезіңізде кедендік төлемдердің ай сайынғы мөлшері 3 миллион теңгеге де жеткен жоқ, ал импортталған жүк тасыған әр автокөліктен алынатын кедендік төлемдер 80 мың теңгеден аспаған болатын. Ал қазіргі уақытта әр автокөліктен алынатын кедендік төлемдер 1 миллион 200 мың теңгеден, ай сайынғы кедендік төлемдер 20 миллионнан асты. Екі айдың ішінде ғана 6 тонна контрабандалық спирт тәркілеп, экономикалық контрабанда бойынша 4 қылмыстық іс қозғап, бәрін де сотқа дейін жеткіздік. Енді сізге бұдан артық қандай көрсеткіш керек екенін түсінбедім, – дедім.

Сол кезде Зейнолла Халидоллаұлы бетіме жанарын тіктеп қарады да:

  • Бұл әлі жеткіліксіз. Енді тағы бір ай уақыт беремін. Көрсеткіштер бұдан да жақсармаса, қызметтен кетесіңдер, — деді.

Жұмысты жақсы жолға қойдық деп марқайып жүрген басымыз төмен салбырап, жұмысқа деген ынтамыз қашып кетті. Тіпті, министрдің қабылдауынан көңілім құлазып шыққаны соншалық, «қызметтен өз еркіммен кетуім жөнінде мәлімдеме жазсам ба» деп те ойладым. Ақырында, ашуымды ақылға жеңдіріп, министріміздің тағы бір сынағынан өтіп көрейік деген ниетпен жолға шықтық.

         Жұмыс қалыпты ырғағымен жүріп жатты. Тоғыз айдың қорытындысын шығаратын уақыт та жетті. Кедендік төлемдер мен салықтардың орындалуы 106 пайызды, ал өткен жылмен салыстырғандағы өсуі 600 пайызды құрады. Бұған қоса, алым коэффициенті 2001 жылғы 33 пайыздан 53 пайызға дейін көтерілді. Бұл көрсеткіш «Бақты» кеденінің  кедендік төлемдер мен салықтар бойынша 1999, 2000 және 2001 жылдардағы үш жылдық көрсеткішін қосқандағыдан да асып кетті. Сонымен қатар, бірнеше миллион теңгенің халық тұтынатын тауарлары, спирт және валюта тәркіленді. Бұндай  көрсеткіштер «Бақты» кеденінің тарихында болмаған еді.  

Сонымен қатар, Зейнолла Кәкімжановтың басқаруы кезінде қытаймен шекарада орналасқан бірде-бір кеденде төтенше оқиғалар тіркелмеді, контрабандалық әрекеттерге жол берілмеді және бірде-бір қызметкер қылмыстық жауапкершілікке тартылған жоқ. Бұған қоса, 2002 жылға дейін  «Қорғас», «Достық», «Қалжат», «Майқапшағай», «Бақты» кедендерінің барлығының көрсеткіштерін қосқанда, ай сайын орындайтын кедендік төлемдер мен салықтардың  жиынтығы 200 миллион теңгеден аспайтын. Ал Зейнолла Кәкімжановтың кезінде бір ғана «Қорғас» кеденінің өзі-ақ айына миллиардтан артық кедендік төлемдер мен салықтар беруге қол жеткізді.

Шынын айтқанда, бұрын кедендік шекарадан өткен әр автокөліктің салмағы, тауардың статистикалық құны, кедендік төлемдердің әр автокөлікке шаққандағы орта мөлшері және алымдық коэффициентіне жете мән берілмейтін. Бұндай қатаң бақылау сол кезде ғана нақтылы жүзеге асырылды және өзінің жемісін берді. Зейнолла Кәкімжановтың басқаруымен болған осы жетістіктерді кеден саласында жасалған жемісті реформа деп те бағалауға болатын еді.

         Зейнолла Кәкімжановтың  адал әрі талапшыл басшы ғана емес, айтқан сөзінде тұратын және сенімді ақтаған жігіттерді бағалай алатын азамат екеніне де талай көзіміз жетті. Оған бір ғана мысал ретінде мына фактіні келтіре кетуге болады. Ол алты ай уақыт өткенде, «Қорғас» кеденінің бастығы Ерікжан Абдрахмановқа телефон шалып:

– Мен саған «Қорғас» кеденінде алты айдың ішінде тәртіп орната алсаң, Қазақстанның картасынан қай кеденді көрсетесің, соған бастық етіп жіберемін деген уәдемді білесің ғой. Сен сенімді ақтадың. Енді өзіңнің таңдауыңды айт, — дегенде Ерікжан Абдрахманов өзінің туған жеріне, яғни Шығыс Қазақстан облысына жіберуін сұрапты. Тура сол күні ол Шығыс Қазақстан облыстық кеден басқармасының бастығы болып тағайындалды.

         2002 жылдың тамыз айының аяғында Кіріс министрлігі тарап, З.Кәкімжанов Қаржы министрі болып тағайындалды. Ал кеден комитеті дербес бөлініп, Кедендік бақылау агенттігі болып қайта  құрылды. Осы қайта құрулар кезінде қазан айының 12-сі күні «Майқапшағай» кеденінің бастығы Б.Смағұлов екеуміз еш себепсіз қызметтен босап, әділетсіздікті бастан кешірдік. Алайда, 2002 жылдың жұмыс қорытындысын шығарған кезде «Бақты» кедені республика көлемінде кедендер арасындағы рейтинг бойынша бірінші орынды иемденді. Қызметтен кетіп, өзімнің еңбегім бағаланбаса да, өзім сегіз ай басқарған ұжымымның еңбегінің адал бағаланғанына  қуандым.

         Кеден комитетін жеті айға жуық өзі басқарған кезінде Зейнолла Кәкімжановқа қарсы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белгілі бір ұйымдасқан топтың ықпалымен ешбір негізсіз жеке басына, арына тиетін адам айтқысыз идеологиялық шабуылдар жасалды. Дәл осы кезеңде Зейнолла Халидоллаұлының өзінің мансабына салқыны тиетін талай қарсылас жинап алғанына біздің күмәніміз жоқ. Соған қарамастан, қара бұлттай қаптаған қиындықтардың бәріне төтеп беріп, білімділігімен, қара қылды қақ жаратын адалдығымен және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығымен кеден саласында тәртіп орнатамын деп өз мойнына алған жауапкершілігін абыроймен орындап шықты. Осы орайда,  қазақтың осындай біртуар азаматымен қызметтес болған күндерімді ұлағатқа толы сәттерімнің бірі деп есептеймін. Жауапкершілігі өте жоғары болған осы кезеңде біздер де үлкен бір өмір мектебінен өттік. Жалғыз біз ғана емес, артында тіреп тұрған «көкелері» жоқ болса да, қолынан іс келетін қаншама азаматтар қызмет сатысында әділетті көтеріліп, өз орындарын тапты. Сондықтан да көп нәрсеге көзімізді ашқан, бойымыздағы жігерімізді жаныған, өзіміздің қарым-қабілетімізді көрсетуге мүмкіндік берген және тайғақты жолда тайдырмай, жүруді үйреткен сол кездер үшін тағдырыма мың да бір ризамын.

Иә, кеден саласында өткен жылдарда орын алған заңсыздық пен  жемқорлық әрекеттері талай адамның болашағына балта шауып, тағдырларын тәлкекке түсірді. Осы орайда, 1998 жылы «Достық» кеденінің бастығы болған үлкен жүректі азамат Саясат Тұрышевтың тағдыры әлі көз алдымнан кетпейді. Екеуміз аз уақыт болса да бірге қызметтес болдық. Өзі еркін күрестен спорт шебері және ештеңеден тайсалмайтын жүректі жігіт еді. Осы мінезі жоғарыдағы кейбіреулерге ұнамаса керек. Сөйтіп, оны сол кездегі кеден комитеті төрағасының міндетін атқарушы С.Кузьменконың бұйрығымен кеден бастығы қызметінен негізсіз босатты. Осы орайда, С.Кузьменконың өзі кейіннен Рахат Әлиевтың сыбайласы болғандықтан, үстінен қылмыстық іс қозғалып, бірнеше жылға бас бостандығынан айырылғанын айта кеткенім артық болмас. Бұл да бір жазықсыздың көз жасы босқа жібермейтін бумеранг заңының белгісі шығар, бәлкім.

Бұндай бассыздыққа шыдамай, әділеттілік іздеген Саясат сол кездегі премьер-министр марқұм Нұрлан Балғымбаевтың алдына дейін барады. Саясаттың осы әрекетінен қорыққан қылмыстық топ мүшелері мәселе тым тереңге ушығып кетпеу үшін оны 1999 жылы жазда Қызылорда қаласында арнайы тапсырыспен атып өлтіреді. Ал енді «Бақты» мен «Достық» кедендерінің бастығы болған Ержан Нұғымановты да қатты тығырыққа тірегендері сонша, көп ұзамай, жүрек талмасынан қайтыс болды. Сонымен қатар, өз басым да талай тауқыметті бастан кешкен жайым бар. Атап айтсам, 2008 жылы түнгі сағат 12-де жеке басыма қастандық жасалып, ауруханадан бірақ шықтым. Ол аздай, жеке көлігіме есірткі салып кетті. Бұған қоса, көлігіме жарылғыш зат тығып кету әрекеті де орын алды. Осылайша, кеден саласында жүріп қастандықтың небір түрімен қоса, кландық монополияны да, алаяқтықты да, бандитизмді де, рэкетті де, контрабандисті де көрдік. Кейіннен ойлап қарасам, бұл да бір психологиялық ахуал қиындаған кезде оған төтеп беру жолдарын үйрететін өмірдің үлкен мектебі екен. Біздің ерік-жігеріміз сол кезде шыңдалыпты.

Зейнолла Халидоллаұлының қытаймен шекарада орналасқан кедендерде темірдей тәртіп орнатуының тағы бір ерекшелігі бар. Атап айтсам, сол бір қиын-қыстау күндерде ол Нұрсұлтан Назарбаевтың қабылдауына барады да, кедендік шекарада тәртіп орнату үшін не жасау керектігі жөнінде өзінің ұсынысын айтады. Соның негізгісі – шекаралық аудандарда қызмет істейтін қаржы полициясы мен ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларын түгелдей қызметтен босатып, олардың орнына қолы  таза азаматтарды қоюды ұсынады. Себебі, осы айтылған органдарда қызмет істейтін басшылардың кезінде шекаралық кедендердің жұмысына үлкен ықпалы болғаны да жасырын емес. Министрдің бұл ұсынысы елбасы тарапынан қолдау табады. Сөйтіп, көп ұзамай, қытаймен шекарадағы барлық қаржы полициясы мен ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің басшылары да орындарынан босайды. Бұл дегенің екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік  қана емес,  елдің қамы үшін туған нағыз азаматтың ісі екені сөзсіз. Міне, осыдан жиырма жыл бұрын қытаймен шекарада орналасқан кедендердегі тәртіп осындай күшпен келгенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Өкінішке қарай, Зейнолла Кәкімжановтан кейін аталмыш салада ешбір басшы бұндай тәртіп жасай алмағанын ашық мойындаған орынды.

Бүгінгі күні еліміздің барлық саласында саяси-экономикалық бетбұрыс нышандары жарқын көрініс беріп, «Жаңа Қазақстан» құру жолында ауқымды шаралар жиынтығы қолға алынып жатыр. Сонымен қатар, халықтың үніне құлақ аспаған үкімет отставкаға кетіп, жаңа үкімет жасақталды. Осы орайда,  ащы шындықтың бүкпесіз айтыла бастауы бұқара халық арасындағы көптеген әлеуметтік проблемалардың шешілуіне себепкер болғаны қуантады. Бұған қоса, жоғары қызметке меритократиялық қағидат бойынша қолынан іс келетін азаматтар көптеп тартыла бастады. Шынын айтқанда, солардың ішінен мемлекеттік қызмет пен бизнестің не екенін жақсы білетін Зейнолла Кәкімжанов сияқты жігіттерді көргім келіп еді. Себебі, халық отыз жыл бойы  билік басындағы қолынан іс келмейтін рухсыз, жемқор және мінезсіз адамдардың тірлігінен әбден мезі болды. Ал енді Зейнолла Кәкімжанов болса, сол кездің өзінде ештеңеден қаймықпай, қаржылық-экономикалық бағыттағы кемшіліктер бойынша сол кездегі премьер-министр К.Мәсімов басқарып отырған өкіметтің атына әділ сындар айтқаны әлі есімде. Өкінішке қарай, шындықты айтқан адам оңушы ма еді? Нәтижесінде, қызметтен босап, саясат пен билік эшалонынан алыстап кетуге мәжбүр болды.

Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  қытаймен шекарада орналасқан кеден бекеттерінде темірдей тәртіп орнатып, кедендік төлемдерді көбейту жөніндегі талабы күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Сонымен қатар, ел басшысы кедендік шекараны монополиялап алған белгілі бір өкілетті экономикалық операторлар туралы да шындықты ашып айтты. Осы орайда, кеден саласының маманы ретінде айтарым, бұл оңай шаруа емес. Себебі, аталмыш операторлардың көбісі, кедендік шекарада құқық қорғау органы қызметкерлерінен құралған комиссияның жүруіне байланысты өз жұмыстарын уақытша тоқтатады да, сыртқы экономикалық нарықта тек таза істейтіндері ғана қалады.

Бұған қоса, барлық кеден бекеттеріндегі тауарларды кедендік тексеру мен ресімдеу тәртібі бірдей болуы керек. Олай дейтінім, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қай кеден бекеті «жеңілдікті»  көбірек жасап, сыбайластыққа баратын болса, барлығы сол жаққа үдере көшеді. Бұл жағдай кедендік шекараның жазылмаған заңдылығы. Сонымен қатар, олардың кедендік баждар мен салықтарды төлеудегі әділеттілігін посткедендік бақылау формаларын қолдану арқылы жүзеге асырған тиімді. Себебі, кешегі күнге дейін өкілетті экономикалық операторлардың тауарлары кедендік тексеруге жатпады және оларға тәуекел бейімі толық негізде қолданылмады. Ылғи да «Жасыл дәлізбен» өтіп жүрді. Соның нәтижесінде, сыртқы экономикалық қызметпен айналысушы талай адамдар амалдың жоқтығынан тауарларын операторларға беру арқылы шығаруға мәжбүр болды. Сөйтіп, тапқан табыстарының көбісі өкілетті экономикалық операторлардың қалтасында кетіп отырды. Міне, кедендік шекарадағы монополия осылай қалыптасты. Сондықтан да сыртқы экономикалық қызметті жандандыру үшін кедендік шекарадағы монополияны жоймай, іс алға баспайды. Осы орайда, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың аталмыш бағытта жүргізіп жатқан экономикалық саясаты болашақта еркін де тәуелсіз бизнеске кең жол ашары сөзсіз.

                                                               

                                                   

                                                        

   

   

Тегтер: