«Шелек жалағандар тұтылды»
Шымкенттің шенеуніктері мәдениетті «майшелпекке» айналдырған
Соңғы жылдары үшінші мегаполис – Шымкент — «ТМД-ның мәдени астанасы» мәртебесін иеленді. Мәдениет саласына есімі елге танымал өнер жұлдыздары келіп, түрлі қызметтердің құлағын ұстады. Мегаполис, шын мәнінде, үлкен мәдениеттің орталығы сияқты сезіліп қалған еді. Бәрі бекер болып шықты.
«Туған жеріме қызмет етемін» деп, Шымкентке келгендердің бірі — белгілі әнші Сәкен Майғазиев болатын. 2020 жылдың желтоқсанында ол қалалық Мәдениет үйінің («Түркістан» сарайының) директоры қызметіне тағайындалды. Әйтеуір, осы кездерде Шымқаланың рухани өмірінде аласапыран басталып кетті. Наурыз тойына бөлінген 500 миллион теңгенің дауы жұртшылық арасында қызу талқыланып, таяқтың бір ұшы Майғазиевке барып тиді. Осы үшін әнші қоғам белсендісін сотқа берді, артынша, арызын қайтып алды. Одан кейін «Мәдениет басқармасы мен Майғазиев жетекшілік еткен Мәдениет үйіндегі лауазымды қызметкерлер құзырлы органның өкілдеріне 80 миллион теңге пара бермек болды», деген ақпарат шықты. Осындай қым-қиғаш оқиғалардан кейін Майғазиев Шымкенттен кетіп қалған болатын-ды.
Жуырда Шымкенттің соты осы шулы оқиға бойынша мәдениет саласының алты қызметкеріне үкім шығарды. Үкім Шымкенттегі шым-шытырық, жаға ұстатарлық біраз жайттың бетін ашып берді.
Былтыр наурызда ішкі мемлекеттік аудит департаменті Мәдениет басқармасына қарасты Мәдениет үйіне тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеру барысында шенеуніктердің өтпеген мәдени іс-шараларға ақша аударып, талан-таражға салғаны анықталады. Жемқорлардың қазынаға келтірген шығындарын аудиторлар 609 миллион теңге деп бағалаған.
Қаржылар алдын ала жасалған сценарий бойынша жымқырылған. Қалалық Мәдениет басқармасының бас есепшісі К.Асанбекова ақшаны алдымен, Мәдениет үйіне аударады. Мәдениет үйінің бас есепшісі Н.Баймашева бұл ақшаларды осы мекеменің есепшісі Н.Дәуренованың, жеке кәсіпкер Ғ.Әмірқұлованың және олардың туыстарының аттарына ашылған түрлі жеке кәсіпкерлік нысандары мен серіктестіктерге аударған. Артынша, ақшаны Н.Баймашева қайтадан К.Асанбековаға апарып берген. Осындай «ақша айналымынан» әркім өзіне тиесілі үлес алып отырған.
Сотта жауап берген Н.Баймашеваның айтуынша, аударылған ақшаның бес пайызға дейінгі бөлігін кәсіпкер Ғ. Әмірқұлова, 5-10 пайызын келісім бойынша өзі алған. Мәдениет үйіне түсетін барлық қаржыны К.Асанбекова Мәдениет басқармасы басшысының келісімімен және қол қоюымен жүзеге асырған. Қаржының басым бөлігін басқарманың басшысы алып отырған және бұл жағдайды бәрі білген. Мәдениет үйі директорларының да алатын өз үлестері болған. Тіпті, ол сотта Мәдениет үйінің директоры қызметін 2016-2019 жылдар аралығында атқарған, осы іс бойынша айыпталған С. Есболовқа да К. Асанбекованың нұсқауымен бірнеше рет ақша апарып бергенін мәлім етеді. Алайда Есболов мұны сотта жоққа шығарды.
Ал енді Мәдениет үйінің директоры қызметін 2020-2021 жылдары атқарған Сәкен Майғазиевтің бұл іске қатысы қанша? Н.Баймашеваның айтуынша, ол бір жолы қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ханзада Есенованың тапсырмасы бойынша жоғарыдағыдай жолдармен табылған ақшалардан 4 миллион теңге алып, оны С. Майғазиевтің тарапынан өткізілген іс-шараға шақыртылған қонақтарды күтіп алуға және оның қызметтік бөлмесіне кілем, үстел, перделер мен орындықтар, кресло сатып алуға жұмсаған. С. Майғазиев бұл ақшаның қылмыстық жолмен келгенін білмеген көрінеді. Бұған сенуге бола ма? Сотта куәгер ретінде жауап берген әншінің өзі шығармашылық адам болғандықтан, есеп-қисаптан хабары болмағанын, қаржылардың жымқырылып жатқанын білмегенін алға тартыпты. Ол тек бір жолы 70 миллион теңгеге күдік келтіріп, мән-жайды анықтау үшін Алматы қаласынан маман шақыртады. Алайда Мәдениет басқармасының басшысы Х.Есенова тексеруге кедергі жасаған. Осыған байланысты Майғазиев пен Есенованың арасында түсініспеушілік туындап, тіпті, бір-біріне дауыс көтеруге дейін барған. Шамасы, Сәкеннің Шымкенттен табан астында кетіп қалуына осы жәйт себеп болғанға ұқсайды.
Айтпақшы, тексеру жұмыстарынан кейін үстерінен қозғалған қылмыстық істі жабу үшін К. Асанбекова, Н. Баймашева және Ғ.Әмірқұлова былтыр тамызда елордада антикордың қызметкерлеріне 79 892 000 теңге пара бермек болған. Пара ретінде берілетін ақша Астанадағы қонақ үйлердің бірінде тәркіленген. Олар осыдан кейін қамауға алынған.
Сот К.Асанбекованы 8 жылға, Н.Баймашеваны 7,6 жылға, Ғ.Әмірқұлованы 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Шығынның біразын өтеген Н.Дәуренова 7 жылға шартты жазаға кесілді. Ал Мәдениет үйінің бұрынғы директорлары С.Есболов пен Ғ.Аманқұлов салғырттық бабымен кінәлі деп танылғанымен, қылмыс мерзімінің ескіруіне байланысты сот залынан босатылды. Қазынаға келтірілген шығындарды К. Асанбекова, Н. Баймашева және Ғ. Әмірқұловадан өндіруге үкім шығарылды.
«Ақшаның басым бөлігін Мәдениет басқармасының басшылары алып отырды» деген Н.Баймашеваның сөзі қисынға келгенімен, оны дәлелдейтін нақты айғақ жоқ. Сотта жауап берген аталған басқарманың бұрынғы басшылары Ә.Шалхарова мен Р.Мыңбаев құжаттарға Асанбекова сеніп, қол қоя бергендерін, ақшалардың жымқырылып жатқанын білмегенін айтыпты. Алайда қалай десеңіз де 600 миллион теңгеден астам қаражатты айналдырған үш есепші мен бір кәсіпкер жымқырды, ал одан басқа жауапты басшылардың бәрі ай қарап жүрді дегенге сену қиын. Қысқасы, бұл жолы тек «шелек жалағандар» ғана тұтылған сияқты.
Ал Шымкент қалалық Мәдениет басқармасының соңғы басшысы Ханзада Есенова сотқа келмеген, одан ешқандай жауап алынбаған. Есенова басқарманың басшысы болған жылдары Шымкенттің мәдениеті дау-дамайдан көз ашпады десек, артық айтқанымыз емес. Биыл қаладағы мәдениет мекемелерінің басшылары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, Есенованың тарапынан жасалған түрлі заңсыздықтар туралы айтқан еді. Көп ұзамай, басқарманың басшысы қызметінен кетті. Оның орны әлі күнге дейін бос тұр. Есеноваға қатысты күдік-күмән көп болғандықтан, сот жеке қаулы қабылдап, оны антикорға жолдады. Онда Есенованың әрекеттеріне құқықтық тұрғыда тиісті баға берілмегені, қылмыстық-процестік заңнама шеңберінде шешім қабылданбағаны жазылған.
Бұдан бір нәтиже шыға ма, жоқ па?