Шенеуніктер шындықты жасырып отыр
Шымкент әкімдігі Гүлмира Сатыбалдыға қатысты іске түсінік берді
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов Қайрат Сатыбалдының жұбайы Гүлмира Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іске түсініктеме берді. Шенеунік Г.Сатыбалдының ісі Шымкентпен байланысты екендігін және қалалық әкімдіктегі лауазымды тұлғалардың қылмыстық іс қозғалғанын ақпарат құралдарынан естігенін айтып отыр. Бұған сенеуге бола ма?
Естеріңізде болса, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының әйелі Гүлмира Сатыбалдының бизнесті рейдерлік жолмен тартып алды деген фактімен ұсталып, қамауға алынғаны хабарланған болатын-ды. Өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына, оның ішінде, Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқан жария еткен-ді. Істің мән-жайы орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін төленген 747 миллион теңге жөнінде көрінеді. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілген жоқ.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховқа журналистер осы мәселеге түсінік беруді сұранған болатын-ды.
– Жолаушылар көлігі басқармасынан бірде-бір қызметкер ұсталған емес. Бізде ондай ақпарат жоқ, – деді әкім орынбасары.
Бірақ мұндай ақпаратты Антикор таратып отырғанын және онда қылмыстық істің лауазымды тұлғаларға қатысты қозғалғаны туралы жазылғанын алға тартқан журналистерге:
– Ақпаратта «ұсталды» демеген ғой. Олар кімді тексеріп жатқанын айтпайды, – деген ол, мәселеге тереңдегісі келмеді. Осы кезде әңгімеге Исаховтың қасында отырған Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мадияр Байымбетов араласып, қылмыстық істің басқарманың басшысына және оның орынбасарына, яғни өзіне қатысты қозғалғанын мәлім етті.
– Қылмыстық іспен әлі таныспадық. Бізді, әзірге, ешкім шақырған жоқ, –деді.
Бұған дейін ақпарат құралдарында «Ария-Жаңа Астана» серіктестігі туралы көптеген мәліметтер жарияланған-ды. Мәселен, биыл orda.kz порталы аталған компанияның Бауыржан Байбектің кезінде Алматыдағы арнайы экономикалық аймағына кәріз жүйесінің құрылысын жүргізіп, бюджеттің қаржысын босқа шашқанын жазған болатын. Осы ақпаратқа қарағанда, аталған серіктестік өзіне құрылыс тауарларын жеткізуші компаниялармен есептеспей, оның соңы у-шуға, соттасуға ұласқан еді. Ұлардай шулап жүргендердің ұзын-саны 100-ге жуықтаған. Мойнындағы қарыз тым көбейіп кеткендіктен, серіктестік басшыларына шетелге шығуына тыйым салынған-ды. Қарыз өндіруге қатысты 100-ден астам сот процестері өткен. Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметтерге қарағанда, «Ария-Жаңа Астана» компаниясы 2016-2021 жылдар аралығында мемлекеттік мекемелермен жалпы көлемі 36,2 миллиард теңгені құрайтын келісімшарттар жасасқан. Оның ішінде, Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Ақмола облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, Алматының жайлы қалалық орта басқармасы, Қызылорда қалалық құрылыс бөлімі, Алматы облысы Іле ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бар. Көп жағдайда компания мемлекеттік тапсырыстарды конкурстан тыс алып отырған көрінеді.
Енді мынаны қараңыз, былтыр тамызда Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «Ария-Жаңа Астана» компаниясының үстінен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану және тұрақсыздық төлемін өндіру туралы талап арызын берген. Мұндай талап арыз мердігер өзіне тиесілі міндетті орындамаған жағдайда берілетіні белгілі. Осыған қарағанда, «Ария-Жаңа Астана» компаниясының Шымкентте бір нәрсені бүлдіргені анық сияқты. Алайда, артынша, талап қоюшы Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Е.Жолдасов сотқа талап қою арызын қайтарып алу және қараусыз қалдыру туралы өтінішін түсірген. Осыған сүйенген судья талап арызды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарады.
Қысқасы, басқарма басшысы былтыр тамызда аталған компанияның үстінен сотқа талап арыз береді, кейін оны қайтарып алады. Ал биыл наурызда Антикор мердігердің және басқарма басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғайды. Осыдан кейін шымкенттік шенеуніктердің шындықты жасырып отырғаны байқалады. Бұл іске басқарма басшыларынан да жоғары тұрған лауазымды тұлғалардың қатысы болуы әбден мүмкін.
Мәселенің мән-жайын уақытында білетін боламыз.