Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:24, 28 Шілде 2022

Шенеуніктеріміз неге шамданғыш?!

None
None

Шенеунікті мемлекеттік қызметкер ретінде биліктің айнасы деуге болады. Олардың жүріс тұрысы, сөйлеген сөзіне қарай халықтың да билікке деген көзқарасы, пікірі қалыптасады.

Бірақ соңғы кездері шенеуніктеріміз сөзден сүрінгіш, халықпен қарым-қатынасы да дөрекі болып барады. Сәйкесінше, халықтың да мемлекетке деген сенімі төмендеп, пікірі де жақсармай тұр. Сөзімен де, ісімен де көпке үлгі болуы тиіс шенділеріміз «ұлық болсаң, кішік болды» неге ұмытты?!

Сол өктем сөйлеп, халыққа жөнін айтуға ерініп жүргендердің жоғары жалақысы да, үстіндегі шетелдік киімі де, астында мініп жүрген көлігі де халықтың арқасында екенін түсінбейтіні өкінішті. Мысал келтірер болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын қазақтың белгілі ғарышкері Талғат Мұсабаевтан сұхбат алуға тырысып, ыңғайлы орын нұсқаған журналиске, «сен кім едің?» деп тарпа бас салып, тіпті кеудесінен итеріп, төбелеске шақырғандай болуы ұзақ уақыт қоғамның талқысына түсіп, Талғатқа деген елдің ықыласына селкеу түсірген еді.  

Талғат Мамашев та Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарған жылдарында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында өткен бір жиында кейбір бюрократиялық кедергілерді ащылау айтқан қандастарымызбен сөзге келіп қалған Талғат Мамашев шетелден келген қазақтарға: «Оралмандарды ұрғаным бар. Сыйласып жүрміз бе, сыйласып, адам сияқты жүріңдер. Жөні жоқ есіріп, құтырмаңдар!» деп салғаны бар еді. Шын мәнінде тарыдай шашыраған қазақтың басын қосуға ықпал ететін қауымдастыққа басшылық етіп отырған жанның сөзі елге келуді ниет еткен талай қандастарымызға ауыр тигені анық. «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге жайылып», кейін қоғам наразылығы өршіп бара жатқан тұста, «Мен сөзімді бір жерден оқып, не біреулерден естіп, соған сеніп қалғандар болса, олардан ресми түрде кешірім сұраймын. Негізінде мен «қолдарыңнан келгенді қылыңдар, сендерге түкіргенім бар» деп бүкіл оралмандарды қорлағам жоқ, ондай әңгіме болған да жоқ. Кейбіреулерге ашу үстінде айтқан сөзімді монтаждап таратқан», – деп көпшіліктен кешірім сұрады. Алайда кейін тағы бір жиында журналистің қойған сұрағына «басымды қатырмашы» деп дөрекі жауап бергені Мамашевтың шын бет бейнесі сол екенін аңғарта түсіп еді.

«… блин. Жынымды келтірмеңізші»...

Халық мәселесіне келгенде «жыны келетін» шенділеріміз де бар. 2019 жылдың басында Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин отандық телеарналарға сұхбат беріп тұрған кезінде журналистердің тарифтерге қатысты қойған сұрағына ашулана жауап беріп, «Мен кеше парламентте тарифтер жайлы айттым. Бұл жерде ұсақ және орта кәсіп жайлы. Сіз маған осы жерде тарифтер жайлы сұрағыңыз келіп тұр ма? Ресми түрде маған келіңіз. Тарифтер жайлы басынан аяқ айтып беремін, блин. Жынымды келтірмеңізші», – деді. Алайда кейін «Мен журналистерге дөрекі сөйлегеніме өкінемін. Менің сөзімнің формасы мен үні қолайсыз болғанын мойындаймын. Сондықтан ресми түрде журналистерден кешірім сұраймын. Осы сұхбатта айтылғандай, мен журналистерді қызықтыратын сұрақтарға жауап беруге дайынмын», – деп жыны тез тарқайтынын аңғартты. Шыны керек, мұның бәрі журналистердің камерасына түсіп қалған соң әшкере болып жатқан қылықтары. Ал журналистер жоқ жерде, күнделікті қызмет барысында қара халықпен қалай сөйлесетінін осыдан соң бағамдай беріңіз...

Әрине, кешірім сұрағандары дұрыс шығар, бірақ «айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, олардың дөрекілігімен елдің есінде қалғаны анық. Әрине шенеунік те адам, оған да ашулану, «жындану» тән. Дегенмен айтқан сөзінің соңы қайда апарарын парықтамау, билік басында жүргендерге жараспайды-ақ! Өйткені шендінің аузынан шыққан бір ауыз сөзі жалпы халықтың намысына тиюі әбден мүмкін.

Осыдан бірнеше жыл бұрын ата-анасы жұмысқа кеткенде, бір үйдің бес бірдей қызының өртеніп кетуі қоғам назарын аударып, барша халық қайғы жұтты. Пәтерде тұратын көпбалалы ата-ананың жоқшылық пен жетіспеушіліктен еріксіз түнгі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүр болуына тұрғындардың әлеуметтік жағдайына жауапты министрліктің белгілі бір деңгейде «үлесі» бар екені анық. Сондықтан сол кездердегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыповаға «Ата-ана неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған?» – деп журналистердің сұрақ қоюы, ал мәселеге жауапты маманның тым қарабайыр жауабы көп нәрсені аңғартып еді. «Бұл – олардың таңдауы» (Это их выбор) –деген Светлана Жақыпованың жауабы онсыз да қайғыда отырған халықтың ашуына тиген болатын.  

Кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қызмет атқарған жылдары Мәдина Әбілқасымова да көпбалалы аналардың жәрдемақысы туралы сөз болғанда, «Мен көпбалалы ана емеспін, әрине. Бірақ 16 000 мың теңге көпбалалы анаға өте көп» талай көпбалалы аналардың ашуын тудырған болатын. Билікке жағыну үшін адамның миына кірмейтін пікір айтып, сол кездері бала басына 20 мың теңге жүйесі үшін жанын салғандардың бірі – Нұржан Әлтаев болатын. Мәжілісмен тілшілерге берген сұхбатында: «Бір баланы асырауға айына 20 мың теңге жетеді. Тек ақшаны барынша үнемдеу керек», – деп халыққа ақыл айтқан болатын. Өздеріне келгенде миллиондап айлық алатын депутаттың халыққа келгенде 20 мыңды көп қаржы санауы жүйкеге тиеді-ақ! Білдей Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың «ұнамаса көшіп кет» дегенін де естідік.

«Самарқанда бір апам бар, менен де өткен сорақы» демекші, соңғы жылдары Дәурен Абаевтың халыққа бағыттаған сорақы сөздерінің қайсысына ренжірімізді де білмей қалдық.

Халық Қанат Бозымбаевтың боқтығын да естіді

Қаңтардағы халық наразылығы кезінде жиналған халықты тыңдата алмай бас салып боқтай салған Алматы облысы әкімінің видеосы да желі арқылы тез тараған еді. Бұл оның алғашқы «қызығы» емес. Осыған дейін де ҚР Энергетика министрі болып тұрғандаҚанат Бозымбаев бірнеше рет журналистерге дөрекі жауап берген болатын. Оның бұл әрекеті, тіпті депутаттардың да сынына ұшырады. 2017 жылы жанармай бағасының көтерілуіне қатысты журналистің «Қазіргі уақытта дизельдің бағасы қанша?» деген сұрағына Бозымбаев «Далаға шығып «заправкаға» барып қарамайсың ба?», — деп жауап берген болатын. Тағы бірде журналистің қойған сұрағына жауапты «18-рет айтып берейін» деп бастаған еді. Шенеуніктеріміз халыққа осынша дөрекілік көрсетсе де кейбірі кешірім де сұрамады. Боқтап жатса да жоғары жақтан ең болмаса ескерту алмады. Тіпті сорақы қылықтарынан соң сол қызметке лайықты ма деген сұрақ халық көкейінде тұрса да дым болмағандай, әрі қарай қызметтерін атқара берді. Осыдан соң халықтың билікке құрметі қала ма?!

Бір шенеуніктің ерсі әрекетін айтып ауыз жиылғанша, екінші біреуінің одан да бетер күлкіге қалуы жиілеп тұрған заманда – қайсысын тыйып, қайсысын жөндегендейміз? Тағы бір шендінің жыл басында халыққа «газ қымбат болса, автобуспен жүр» деуінің соңы талайлардың наразылығын туғызып, тіпті «қаңтар қырғынының» туындауына да ықпал еткен болатын. Сондықтан шенеуніктеріміздің дөрекілігі халық пен билік арасын алыстата беретінін билік басындағылар бір сәт түсінсе екен.

Тегтер: