“Шенеунік болу – шексіздік емес”: осы айда пара алған әкімдерге шыққан үкім қандай?

Қазақстанда бұрынғы және қазіргі мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жемқорлық қылмыстары бойынша бірқатар сот үкімдері шықты.
Олардың арасында облыс, қала, тіпті ауыл әкімдері мен орынбасарлары да бар.
Көкірекбаев пен 2 млрд теңге ісі. Жамбыл облысының экс-әкімі Кәрім Көкірекбаев аса ірі көлемде пара алғаны үшін 12 жылға сотталды. Оның орынбасары Әділет Ахатаев пен мердігер компания директоры Андрей Поплавский 11 жылдан алды. Айыпталушылар жалған актілерге қол қойып, атқарылмаған жұмыстар үшін пара алған. Үшеуі де мемлекеттік қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды. Мемлекетке келтірілген залал – 2 млрд теңге.
Махажановтың “жарты жолдағы” жазасы. Кентау қаласының бұрынғы әкімі Дәурен Махажанов бастапқыда 50 млн теңге пара алғаны үшін 10 жылға сотталғанымен, кейін іс “алаяқтық” бабына ауыстырылып, жаза 5 жылға қысқартылды. Сот оны ақшалай айыппұлмен босатты. Ол түрмеде небәрі 15 ай отырып шықты.
Ауыл әкіміне – 4 жыл.Түркістан облысында Қызылқұм ауылдық округінің экс-әкімі Нұрақбай Қойлыбеков кәсіпкерлерден жер телімі үшін 500 мың теңге пара талап еткені дәлелденіп, 4 жылға сотталды. Ол өз кінәсін мойындамаса да, аудиожазбалар мен бейнематериалдар сотта басты айғақ болды.
Ақмола облысы Зеренді ауданының бұрынғы әкімі Берікжан Абуталипов 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол пара ретінде жанармай талондарын алған. Сонымен қатар оның әріптесі Нұрлан Баканов пен кәсіпкер Аркадий Столяренко мемлекет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды.
Ірі көлемдегі пара сұраған Шымкент әкімінің орынбасары кім? 2020 жылдан бері Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Мақсұт Исахов мемлекеттік тендерді “ұтып беру” үшін кәсіпкерден жүздеген миллион теңге талап еткені күдікке ілінді. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Атыраудағы 182 млн теңгелік “қамқорлық”. Атырау облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев жұқпалы аурулар ауруханасын қабылдауға көмектесу үшін 182 млн теңге пара сұрағаны үшін 10 жылға сотталды. Оның ісі бойынша облыстық құрылыс басқармасының экс-басшысы Тимур Басаров та кінәлі танылып, 5 жыл алды.
Хаменова ісі – айыпты деп танылды, бірақ мойындамады. Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменова ірі көлемде пара алғаны үшін 7 жылға сотталып, «Құрмет» орденінен айырылды. Ол сотта өз кінәсін мойындамай, ақталуды сұрағанымен, үкім күшінде қалды.