Шерменде кеткен қабылан

Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Тұрар Рысқұлов туралы қазіргі таңда зерттеу еңбектер баршылық.
Сайттар мен мерзімді баспа беттерінде көптеген мақалалар кездеседі, оның ішінде архив құжаттарымен көмкерілген материалдар көңілге қуаныш ұялатады. Жеке кітаптар да шығып жатыр. Осындай алып тұлғаның әкесі Рысқұл жайлы да заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесі жазылып, киносы да шықты. Сонымен қатар Рысқұл жайлы «Бір кем дүние» деп жар салған заңғар жазушымыз Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын айтып өткен жөн болар.
Осы тұрғыда жақын арада Қордай өңірінің тумасы өмір бойы Алматы, Баян-Өлгей (Монғолия), Қордайда мұғалім болып, қазақтың тұлғалары: Сәкен Сейфуллин, Нұрмақов Нығмет, Құрманғалиев Ғарифолла, Қордайдың қос ақыны Кенен Әзірбаев, Есдәулет Қандеков, т.б. достық қарым-қатынаста болған марқұм Қыдыкенов Мүһиди ақсақалдың көптеген естеліктерін, тарихи жазбаларын 83-ке келген ұлы Мұрат маған табыстады. Сол бір естеліктердің бірі төмендегі Тұрар Рысқұлов пен әкесі Рысқұл жайында. Естеліктегі Тұрарға көмек қолын созған қырғыз-қазаққа танымал Ноғайбай шешен Қыдыкенов Мүһиді ақсақалдың ағайыны.
Тұрар Рысқұлов және оның әкесі Рысқұл жайында
Рысқұл осы күнгі Шымкент облысы Түлкібас ауданында кедей-шаруа отбасында туған. Өзі қайратты, алғыр жігіт екен. Ол өз жерінде тұрмыс қысымынан нашарлап біраз туыстарымен Қаскелеңге Сәлмен деген әрі бай, әрі ру басы нағашысына көшіп келеді. Сәлменнің малшысы және тағы басқа қызметін істеп, біраз уақыт жүреді. Өзінің туған інісі Сәлменнің малын бағып жүріп, боранда қалып ауырып өледі. Сәлменнің қорлығына шыдай алмай, көптеген басқа себептермен, Сәлменнің бақталасы – Үшкемпір ұлы Саймасай болыстың қасына көшіп барады. Саймасай оны бауырына тартып қарсы алады. Оның Сәлменнен кетуі Саймасайдың ел алдындағы беделін өсіреді. Рысқұл Саймасайдың белді жігіттерінің бірі болып жүре береді. Саймасай Рысқұлды ел арасындағы, әсіресе Сәлмен екеуінің арасындағы, барымтаға пайдаланады. Осындай жұмыста кісі өлімі болады. Саймасай беделі күшейген сайын топтап жігіт ұстап, елге тыныштық бермейді. Оны Алматы уезінің бастығы да қолдайды.
Бұл кезде Рысқұлдың 6-7 жасар Тұрар деген ер баласы Саймасайдың ауылындағы молдадан оқып жүреді екен. Ақыры іс ұлғайып: «Саймасай топтан ұры ұстайды, елдің малын ұрлатып елге тыныштық бермейді» – деген арыз губернаторға түседі. Губернатор: «Ұрыны ұстап, қатаң шара қолдан, болмаса өзіңді жазалаймыз» – деп Саймасайға қысым көрсетеді. Сонымен билер кеңесі Рысқұлды 5 жылға Сібірге жер аударуға үкім шығарады. Рысқұл осыдан қашып кетіп Талғар тауына жасырынады. Тұрарды өзінің досы, бір орыстың кедей-шаруасының қолына тастап кетеді. Ол досына:
- Тұрарды ана жауыздардың қолына түсіре көрме! – деп тапсырып, Талғар тауына шығып кетеді. Уездік әкімдер, болыс-билер Рысқұлдың туыстарынан күнкөріс малдарын тартып алып, ұрып-соғып жәбір көрсете бастайды. Рысқұл туыстарына жаны ашып уезге: «Сендер менің момын шаруа туыстарыма тимеңдер, олар айыпты емес мен айыптымын, Саймасайды өлтірген мен, мені ұстап алыңдар. Мен Бұрылдай төбешігіндегі қырманда, сабан арасында (күнін көрсетіп) жатамын» – деп хат жазып жіберіпті.
Сол айтқан күні түнде бір топ солдат төбешікті қоршап жатады. Рысқұл олардан бұрын келіп, сабанда жатып ұйықтап кетіпті. Солдаттардың дүбірінен оянып кетіп орнынан атып тұрса, солдаттар тұра қашыпты. Рысқұл мылтығын лақтырып жіберіп, қолға түседі. Сонан оны солдаттар апарып түрмеге қамайды. Бірнеше күннен кейін, бұрынғы үкімді орындау үшін, Рысқұлды арбаның артына байлап, Ташкентке айдайды. (Ол кезде «каторжниктерді» Ташкент арқылы айдайды екен) Конвойда айдалудағы 19 адам болыпты. Кешке жақын ымырт жабыла, осы күнгі Самсыға жақындағанда, Рысқұлдың жанында екі солдат қалып, басқасы озып кетеді. Рысқұл: «Түзге отырам, қолымды босат» – деп өтінеді. Солдаттар қолын босатып, рұқсат етеді. Біреуі қаруын ұстап қарап тұрады. Рысқұл қайта келе жатып, шап беріп, қарауыл солдатты аттан жұлып алып, ұрып жығып, екінші солдатты да ұрып түсіріп, екеуін матастырып байлап, аттары мен қаруларын алып, Шу бойындағы «Ақбұлақ» деген жердегі Ноғайбай бидің үйіне келіп паналайды. Кешікпей қайта оралып Саймасай болыстығында қалған ұлы Тұрарды осында алып келеді. Біраз уақыт осында жүреді. Ноғайбайдың көмегімен Тұрарды Пішпектегі «Школа садоводства» мектебіне орналастырады.
«Рысқұл қашқынды Ноғайбай би паналатып жүр» деген қаңқу сөз ел арасына тарай бастайды. Өсек-аяң, қаңқу сөз күннен-күнге үдей түседі. «Тентек ояз» – деп аталып кеткен Пішпек уезінің бастығы тіміскілеп, жансыздары арқылы Рысқұлды іздестіре бастайды. Оны Ноқаң сезіп, өзі де ол тентек оязды жек көруші еді, бір күні Рысқұлды шақырып алып:
– Оязды ұстап алып, мұсылман қылып жібер, – деп тапсырады. Рысқұл тапсырманы ойдағыдай орындапты. Сонан соң Ноғайбай Рысқұлды осы күнгі Түлкібастағы туыстарына жіберіпті. Рысқұл сол жерде жүреді. Бірақ айтылып жүрген қаңқу сөз расқа айналып, Жетісу губерниясының губернаторынан Ноғайбайға: «Рысқұлды ұстап тапсыр, болмаса ол үшін өзіңді жауапқа тартамын» – деген қатал бұйрық келеді. Рысқұл туралы губернаторға хабарлағандар қырғыздың манаптары екенін Ноқаң білген екен. Сондықтан Ноғайбай «Приговор» жазып Түлкібас болыстығына жолдапты. Олар Рысқұлды ұстап Ноғайбайға жіберіпті. Рысқұл Ноғайбайдың алдына келіп:
– Қажы-еке ай, сізде пана бола алмадыңыз ба? – депті. Ноғайбай:
- Шырағым Рысқұл, солай дейсің ғой, солай-ақ болсын. Мен сені Пішпек уезіне тапсырып, одан тіл хат алайын. Айлаң бар жігітсің ғой, одан қашып кет. Одан кейін не істеу керектігін өзім саған айтамын.
Сонымен Рысқұл тағы қашып шығып Ноқаңа жолығады. Ноқаң оған сол түні «Тау арқасына» (Қарақол жаққа) өтіп кетуге кеңес береді.
- Сол жақта «із басылғанша жүре тұр, өзгесін кейін көрерміз. Балаң Пішпекте оқи берсін, мен барда оған ешкім тимейді, – деп қош айтысып ажырасыпты. Енді қысым Пішпек уезінің басына түседі. «Тентек ояз» Рысқұлды іздеумен болады, жер-көктен іздейді. Ақыры қырғыз манаптарының көмегімен Рысқұлды қолға түсіріп Пішпек қаласында дарға асады. Осылайша Ұлы даланың қабылан ұлы өмірден өтті.
1927 жылы Пішпек қаласына темір жолдың келуіне байланысты Тұрар Рысқұлов осында келгенде, қырғыздың манаптары (Рысқұлды ұстап бергендер мен олардың тұқымдары) станцияның басында, Тұрардың алдынан тұз, нан алып шығып қарсы алғанда Тұрар оларға қарап:
- Сіздердің іштеріңізде менің және менің тобымның қас жаулары да тұрған сияқты. Қырғыз-қазақ бауырлас ел екені рас. Бірақ мен бай-манаптарға қарсымын, олар біздің еңбекшілердің тап жаулары; менің әкемнің қанын ішкен сол шонжарлар, оларды жақсы білесіздер. Бірақ мен нан мен тұздан үлкен емеспін, сондықтан нан мен тұздан ауыз тиемін. Ал осында тұрған манаптар, менің сіздерге достығым болмайды, – депті.
Орта Қараш асуындағы оқиға
Саймасай Жаркент уезінің Албан руынан шыққан бір байының сұлу қызын, бәйбішенің үстіне, малды баса беріп алмақ болады. Сол қызды алуға Саймасай бәйбішесімен, бірнеше жолдастарын ертіп қайын жұртына кетіпті деген хабарды Рысқұл естиді. Рысқұл билер кеңесінің үкімінен кейін Саймасайға кекті еді. Рысқұл «орта қараш» асуында Саймасайды тосып жатады. Бір күні «Саймасай тоқалын алып қайтыпты», – деген хабарды естиді. Ол асуда бір топ долана ағашының ішінде күтіп отырғанда, асуға көштің алды келіп ілінеді. Көштің ең соңында Саймасай жас әйелімен қатарласып келе жатады.
— Мылтықты кезеп, бірақ атпадым, жазықсыз әйелдің қанын жүктегім келмеді. Жолдың жалғыз аяқ шұбалаң жерінде, әйелі кейін қалып, Саймасай алға шыға бергенде Саймасайды атып құлаттым. Содан атыма қарай сайға түсе бергенімде:
«Ойбай анау Рысқұл ғой – деген бәйбішенің дауысы құлағыма саңқ ете қалды» – депті тергеушіге берген жауабында.
(Қыдыкенов Мүһіди ақсақалдың ұрпақтарына қалдырып кеткен естелігінен)