Шерзат Болаттың әкесі 15 тәулікке қамауға алынды
Еңбекшіқазақ аудандық соты Талғарда қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесін 15 тәулікке қамауға алды.
Бұл мәліметті Алматы облыстық сотының телеграм-парақшасы жариялады. қаржаубай Нұрымовпен қатар тағы екі туысына айыппұл салған.
"Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін (ӘҚБтҚ 434 -бабының 1 - бөлімі) азамат Қ. Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Еңбекшіқазақ аудандық соты әкімшілік іс жүргізу тәртібімен істерді қарау нәтижелері бойынша азамат С. Нұрымова ұсақ бұзақылық жасағаны үшін (ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі) 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 488- бабының 8-бөлімі.) азаматтығы жоқ адам жасаған, азаматша Б. Реймова әкімшілік тәртіппен 15 тәулікке қамауға алынып, кейіннен ҚР шегінен шығарып жіберілді", - делінген хабарламада.
Кеше Талғарда Шерзат Болаттың әкесінің ұсталды. Оған жерлеу кезінде «қоғамдық тәртіпке және басқалардың, соның ішінде кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді» деген айып тақты. Бұған оның туыстары келіспей отыр.
10 желтоқсан күні түнде Алматы облысы полиция департаменті Қаржаубай Нұрымовтың ісі сотқа өткенін хабарлады.
Айта кетейік,Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғам арасында резонанс тудырды. Оны 4 қазанға қараған түні бір топ жігіт әке-шешесінің көзінше ұрып, пышақтап өлтіріп кетті. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
Кейін желіде «Хутор бригадасының» басшысы атанған Хасан Қасымбаев мәлімдеме жасады. Ол Талғар тұрғындарының өзі туралы жазған желідегі пікірлерін жалған деп атады. Содан соң Хасан Қасымбаевтың өзі ұсталып, екі айға қамалды. Бірақ ІІМ оның басқа іс бойынша қамалғанын мәлімдеді.
9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың қайтыс болғаны белгілі болды.
"Ақпараттарға сәйкес, ол өз өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан Шерзат Болаттың ағасы екені анықталды. Факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу барысында криминалдық сипаттағы қандай да бір іс-әрекеттер анықталмады", - делінген хабарда.
Бірақ туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін мәлімдеді.