Шерзат Полаттың ағасының өліміне қатысты қылмыстық іс толықтай тоқтатылды

Бұл туралы марқұмның туыстарының адвокаты Мейірман Шекеев Instagram парақшасында мәлімдеді.
Бұған дейін алдын ала тергеу қорытындыларына сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаевтың өлімі өз-өзіне қол жұмсау ретінде бағаланған болатын. Тергеушілер бұл оқиғадан қылмыстық сипаттағы белгілер таппаған. Алайда марқұмның отбасы тергеумен келіспей, істі қайта қозғау жөнінде өтініш беруді жоспарлап отыр.
"Нұрқанаттың ісі тоқтатылды. Алайда біз болашақта істі қайта жандандыру үшін өтінішхат түсіретін боламыз", - деп жазды Шекеев.
Сонымен қатар, адвокаттың айтуынша, Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша апелляциялық сот отырысы 18 тамыз күні Алматы облыстық сотында өтпек.
Аталған іс бойынша сотталған тоғыз адамның сегізі үкімге қарсы шағым түсірген. Тек Думан Ысқақ апелляциялық шағым бермеген. Ол тағайындалған 1 жыл 6 ай мерзімді толық өтеп, жақында бостандыққа шыққан.
Адвокаттың айтуынша, сотталғандар мерзімінен бұрын бостандыққа шығуы үшін бірнеше маңызды шарттар бар:
- Азаматтық талапты өтеу – Жәбірленуші тараптың моральдық өтемақы түрінде қойған талап толық өтелуі керек. Егер бұл талаптар орындалмаса, мерзімінен бұрын босату мүмкін емес.
- Жазаның белгілі бір бөлігін өтеу – Ауыр қылмыс жасағандар жазаның жартысын, ал аса ауыр қылмыс үшін сотталған Абзал Шынасыл мен Равиль Сәкиев секілділер жазаның үштен екі бөлігін өтеуі тиіс. Бұл – Қазақстан заңнамасына сай талап.
- Сот шешімі мен қосымша тыңдалым – Мерзімінен бұрын босату туралы шешімді тек сот қабылдайды. Бұл үшін арнайы сот процесі өтіп, жәбірленуші тараптың пікірі де ескеріледі.
- Түзету мекемесінің мінездемесі – Қылмыскердің түзету мекемесіндегі тәртібі мен мінез-құлқы оң сипатқа ие болуы қажет. Басшылық тарапынан берілетін оң мінездеме маңызды рөл атқарады.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеевтің айтуынша, марқұмның әкесі, анасы мен әжесі моральдық шығын ретінде сотталушылардан жалпы сомасы 600 миллион теңгеден астам өтемақы талап еткен. Сот бұл соманың бір бөлігін ғана қанағаттандырды.