Шерзат Полаттың өліміне қатысты куәгер алғашқы жауабынан бас тартты

Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.
Бүгін сотта басты куәгер Эльмира Нұрбекова жауап беруді жалғастырды. Бұған дейін, 5 қазан күні берген жауабында Нұрбекова марқұмға пышақ жарақаты салынғанын көргенін айтқан болатын. Алайда қазіргі сот отырысында ол бұл оқиғаны көрмегенін және не болғанын білмейтінін мәлімдеді.
Эльмира Нұрбекова жауаптарындағы қайшылықты былай түсіндірді:
"Бізді ұстағаннан кейін екі тәулік бойы ұйықтамадық, тамақ ішпедік. Шамамен 100 адам кезекпен тергеді. Нақты не сұрағандарын білмеймін. Мен оларға орыс тілінде жауап бердім, ал олар қалай қазақшаға аударғанын қадағалаған жоқпын. Үйге қайту үшін барлық қағаздарға қол қойдым", – деді ол.
Нұрбекованың адвокаты да оның істің материалдарында Шерзатқа пышақ жарақаты салынғанын көрді деген нақты айғақ жоқ екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, сотта куәгердің бұрынғы жауаптарының видеожазбасы көрсетілді. Онда Нұрбекова қазақ және орыс тілдерінде сөйлеген.
Айта кетейік, бұл іс бойынша тоғыз адам айыпталып жатыр. Екеуіне кісі өлтіру бойынша айып тағылса, қалған жеті адамға ҚР Қылмыстық кодексінің әртүрлі баптары, соның ішінде бұзақылық пен қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылған.