Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:30

Шерзат ісі: Айыпталушылар кісі өлтіру кінәсін кім мойнына алатынын алдын ала келіскен

Абзал Шынасыл
Фото: Жоғары сот тікелей эфир скриншоты

 Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша Талдықорғанда өтіп жатқан сот процесінде 21 мамырда тың ақпараттар белгілі болды.

Сотта басты айыпталушы Абзал Шынасыл тергеу кезінде айыпталушылар бір-бірімен келісіп, қылмыстық жауапкершілікті қалай бөлісетінін алдын ала шешкендерін айтты.

Шынасылдың айтуынша, Талғардағы тергеу барысында полиция қызметкерлері «егер біреуі кінәні мойнына алмаса, бәріне қиын болады» деген. Осыдан кейін айыпталушылар жолда келе жатып, кім не үшін жауап беретіні туралы шешім қабылдаған.

«Сәкиев кінәні біреу мойнына алмаса, барлығымызға қиын болатынын айтты. Мен ойланып, Шерзатқа қатысты кінәні мойныма алуға шешім қабылдадым. Ал Нұрқанатқа пышақ салғанын Шыңғыс (Белғожаев) мойнына алмақ болды», – деді Шынасыл сотта.

Алайда сот барысында Абзал Шынасыл Шерзатқа өлімге алып келген пышақ жарақатын салмағанын айтып, бұрынғы мойындауынан айныды. Ол: «Шерзатты нақты кім пышақтағанын білмеймін, бірақ ішіміздегі біреу болуы мүмкін», – деді.

Прокурор тергеу кезінде неге кінәні бөлісіп алғандарын сұрағанда, ол «өзі де нақты не болғанын білмейтінін» айтты. Айыпталушы сонымен қатар Нұрқанат Ғайыпбаевқа үш рет пышақ салғанын мойындап, мұны «ашумен істедім» деп түсіндірді.

Сот отырысында Шерзаттың дене жарақаттарының суреті көрсетілді. Оның бетіндегі және аяқтарындағы сызаттар мен көгерген жерлер анық байқалды. Сот төрағасы фотоларды дене жарақатын анықтау үшін пайдалануға рұқсат берді. Шынасылдан бұл жарақаттар қайдан пайда болуы мүмкін екенін сұрағанда, ол: «Мен Шерзатты ұрған жоқпын, оны соққыға жықпадым», – деп жауап берді.

Тегтер: