Шерзат ісі қалай тергеліп жатыр?
Талғардағы атышулы оқиғаға арналған кезекті шолуымызда Шерзат Болат қаза тапқан дүкендегі видеоның таралуы, ішкі істер министрлігінің сол видеоға түсініктеме беруі, «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының басшысы деп айтылып жатқан Хасанның сұхбаты, Шерзаттың өліміне қатысты тағы 4 адамның ұсталуы, Хасанның ағасының қызметтен кетуі, Алматыда Талғар әкімдігінен жапа шеккен тұрғындардың жанайқайы сөз болады.
Шерзат өліміне қатысты видео интернетке таралып кетті
Өткен аптада Шерзаттың өліміне қатысты дүкендегі оқиғаны баяндайтын видео таралды. Әлдекімдер Шерзаттың әкесінің пышақ ұстап бара жатқан сәтін кесіп алып, әлеуметтік желіге жариялап жіберген. Шерзаттың әкесі оған қатысты пікір білдіріп, «Әділетті шешім күткем. Әдейі таратып отыр. Менің баламды анасының көзінше өлтірді. Одан басқа не дәлел керек? Отбасымды қалай қорғауым керек? Олар бірінші пышақпен келді, мен сонда ручкамен шығуым керек пе?» деді. Ол өзінің үндеуінде «Қазақстанда әділдік жоқ, Алматы облысынан көшемін, болмаса басқа елге кетемін» деп, президенттен көмек сұрады. Бұдан кейін марқұмның отбасын қаралайтын блогерлер мен журналистер пайда болды.
15-қазанда ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов Талғар ауданындағы қылмысқа қатысты тергеудің құпиясын ашып, видеоға түсініктеме берді. Әленов Талғарда 16 жастағы Шерзаттың өліміне күдікті делінетін азаматтарға қатысты да мәлімдеме жасады. 13-қазанда тағы үш адам ұсталғанын айтты. Ал 18-қазанда тағы бір адамның ұсталғаны белгілі болды.
Ішкі істер министрлігі 10 адам ұсталды деген соң әлеуметтік желіде Талғар тұрғыны Ләйла Казекенованың үндеуі тарады. Казакенованың сөзінше, ұлы Арлан Казекенов пен оның досы Юлдаш Розыбакиеваны полиция ұстап әкеткен. Ләйла ұлы мен оның досын қылмыскерлер 13 болды дегесін соның санын толтыру үшін жазықсыз ұстады деп есептейді.
«Менің ұлым сол күні түнде дүкенге Нұрқиястың шақыртуымен бәрі біткесін барған. Кейіннен тергеу кезінде осының бәрін айтып берген, оны босатқан еді. Бірақ қылмыскер саны 13 деп айтыла бастағаннан, қайтадан қамады. Егер оларды қамаса, екі қыз не үшін ұсталмайды?!», – деді Казекеновтің анасы.
Талғарда ұйымдасқан қылмыстық топ бар ма?
Брифинг барысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы мен оның Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар болуы мүмкін деген күдік неліктен қарастырылмай жатыр деген сауалға жауап берді. Әленовтың айтуынша, Қазақстанда «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген.
«Біз күдіктілердің барлық байланыстары мен контактілерін тексердік, олардың ұйымдасқан қылмыстық топқа ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, бізде «Хуторский» ұйымдасқан қылмыстық тобы тіркелмеген. Біз жергілікті полицияны және олардың қылмыстық топпен ықтимал байланысын тексеру туралы ұсыныс жасаймыз. Бірақ ең бастысы – қазіргі қылмысты ашу», – деді министрдің орынбасары.
Әленов желіде аты аталып жүрген Хасан Қасымбаевтың бұл қылмыстық іске қатысы бар ма деген журналистердің сұрағына да жауап берді. Оның айтуынша, Хасан Қасымбаевтың осы тергеу амалдары мен қылмыстық іске еш қатысы жоқ.
Бір қызығы, «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты мәліметтер Алматы қалалық кеден басқармасының қызметкері Медет Жамашевтің өлімі кезінде де айтылады. Жамашевті 2012 жылы қаржы агенті Талғат Махатовтың тапсырысымен бірнеше адам өлтірген. Оның ішінде Хасанның інісі деп айтылып жүрген Ержан Қасымбаев бар. Қылмыстық іс 2017 жылы ғана ашылып, Ержан Қасымбаев 15 жылға қамалды. Сот барысында БАҚ бұларды «Хутор» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі деп жазды.
Енді Әленовтің «ОПГ жоқ» деп айтқан сөзіне де тоқталайық. Ұйымдасқан қылмыстық топ болуы үшін бірнеше адам бірігіп, бірнеше рет қылмыс жасауы керек. Ал Шерзаттың өлімі бір ғана жағдай екен. Бұл Алматы облысының полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Серік Шалқаровтың сөзі. Жалпыға қолжетімді сот құжаттары ұсталғандардың кейбірінің есімі құқық қорғау органдарына жақсы таныс екенін көрсетеді. Мысалы, Шерзаттың өліміне күдікті делінетін Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев және Абзал Шынасылдар 8 рет істі болған. Бұл істердің барлығы ұрып-соғу, бұзақылыққа қатысты. Кейбірінде, тіпті кісі өлімі болған. Бірақ соның көбі жәбірленушімен татуласу себебінен жабылыпты. Күдіктілер ең ауыр болғанда шартты жазамен құтылған. Бұл істерді қараған судья ретінде Еркебұлан Келемсейітов пен Ілияс Мұхадиұлының аты аталады. Міне, осындай шексіз жазасыздықтың соңы аса қатыгез қылмысқа ұласып, 16 жастағы жасөспірімнің өліміне себеп болып отыр. Оның үстіне әлеуметтік желіде Нұрқияс Ілиясовтың instagram-парақшасы делінетін аккаунттан 2016 жылы жарияланған автомат және оқпен «Хутор» деп жазылған сурет таралды.
Осы жерде «бұл жігіттер бірігіп бірнеше қылмыс істесе және жазасыз құтылып кетіп отырса, ұйымдасқан қылмыстық топ емес пе және оларды кім қорғап отыр?» деген заңды сауал туады. Талғар тұрғындары олардың артында мықты тіреулері барын күнде БАҚ беттерінде дабыл қағып, айтып жатыр. Мұны Jas Alash Youtube арнасы марқұмның үйіне арнайы барып сұхбат алған кезде Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов «біреулер бұлардың Хасанның жігіттері екенін айтады. Оның өзін нақты танымаймын. Бірақ Талғарға қарайды, бандиттерді реттейді, біреулерге ақша береді дейтінді естуім бар. Қысқаша айтқанда, барлығын сол шешеді екен. Оның ағасы Талғардағы әкімдікте жұмыс істейді. Талғардағы дүкендер, ресторандар соларға «отметкада» отыр екен» деген еді.
Талғар тұрғындары «ауданда ұйымдасқан қылмыстық топ бар» десе, ІІМ «ауданда ешқандай ҰҚТ жоқ» деп мәлімдеп отыр. Әзірге аудан тұрғындары мен құқық қорғау органдарының пікірі бір-бірімен қарама-қайшы.
Хасан Қасымбаевтың сұхбаты және Алматы облысы әкімдігінің күлкілі мәлімдемесі
Шерзаттың өліміне қатысты «Хутор» тобы, «Хасанның бандылары» деген сөз жиі айтылып жатыр. Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік, Хутор деген Талғар маңындағы қазіргі Рысқұлов ауылы. Хасан Қасымбеков осы ауылда бірнеше жыл тұрған. Қайғылы жағдайдан соң Хасанның өзі де сұхбат беріп, аты аталып жүрген қылмыстық ұйымдарға еш қатысы жоғын мәлімдеді. Қасымбаевтың мәлімдемесін ауылдастары да қуаттады. Олар да видео үндеу жолдап, Хасанның қолы ашық жомарт жігіт екенін, ауылға көмек беріп тұратынын айтты. Тіпті ауыл тұрғындары «болар іс болды, бізді қараламаңыздар» деді.
Бұл үндеулерге қатысты Шерзаттың әжесі де жанайқайын жеткізді. Ол Хасанды танымаймын, бірақ бала-шағамда не өші барын білмеймін. Хутордың бір азаматы кешірім сұрауды білмеді. Сотты, полицияны сатып аласыңдар, бірақ Құдайды сатып ала алмайсыңдар» деді.
Әлеуметтік желіде Хасанның ағасы Аслан Қасымбаевтың Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы екені айтылды. Осы оқиғалардан соң Талғар қаласы әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қызметінен босатылды және Аслан Қасымбаев та қызметтен кетті. Бірақ Шерзаттың әкесіне «сенің ұлыңды әкімдік өлтірген жоқ қой» деген Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков пен оның орынбасары Айбек Бидаев қатаң сөгіспен ғана құтылды. Бұдан бөлек, 18 қазанда Бас прокуратура Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов қызметінен босатылғанын хабарлады.
Талғардағы оқиғадан соң әлеуметтік желіде «Хутор» тобының басшысы деп айтылып жатқан Хасанмен суретке түскен жұлдыздар мен лауазымды тұлғаларды жұрт сынға алды. Соны бірі полиция қызметкері, подполковник Еркебұлан Қасенұлының суреті. Қоғам оны қызу талқылап, құқық қорғау органдарының этикалық нормасын сынады. Тіпті бұған қатысты Алматы облысы әкімдігі де арнайы мәлімдеме жасады. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, олардың берген мәліметі тіпті күлкілі шықты. Облыс әкімдігінің жазуынша, подполковник Еркебұлан Қасенұлы аңшылыққа шығыпты. Сөйтіп жүріп айдалада Хасанмен кездейсоқ кездесіп қалыпты. Сосын бірге суретке түсе салыпты. Мұнымен тоқтамай, әкімнің кеңесшісі Ғалымұрат Жүкел «суреттегі құқық қорғаушы зейнетке шыққан» деп те хабарлады.
Талғар әкімдігінен жапа шеккен тұрғындар әділдік іздейді
2 аптадан бері Талғар бүкіл Қазақстанның аузында жүр. Шерзат Болаттың өлімінен соң Талғарда жазықсыз шапа шектім деген тұрғындардың сөзі желіде жиі таралып жатыр. Мысалы, 16 қазан күні әкімдіктен жапа шектім деген Талғар ауданының бірнеше тұрғыны Алматы қаласында баспасөз жиынын ұйымдастырды. Оны ұйымдастырған қоғам белсендісі Жарқын Күреңтаевты жиын басталмай тұрып полиция ұстап әкетті.
Жиында бірнеше тұрғын әкімдік тарапынан осыған дейін бірнеше рет қысым көргенін, жазықсыз қудаланғанын айтып берді. Мақсат Кенжебаев есімді азамат өзінің үйін әлдекімдер өртеп жібергенін мәлімдеді.
«Осы жағдайдың бәрін айттым. Шерзаттың қазасына дейін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ауданымызға келгенде «Талғар қылмыстық ұйымдасқан топпен айналысады. Мұның алдын алыңыз. Жемқорлықпен күресу керек. Әкім де сатылады, имам да сатылады» деп әкімге айттым», – дейді Талғар тұрғыны.
Баспасөз жиынына келген Талдыбай Әбдіқаппаров аудан әкімі халықпен кездесуге келгенде суға 300 млн теңге бөлінгенін, бірақ сол су халыққа жетпегенін айтқан. Бірақ әкім жауап берудің орнына өзін ішімдік ішкен деп айыптап, полициядан айықтырғышқа жауып тастауды бұйырған. Бірақ аудан аурухана дәрігерлері бұл кісіні алкоголь ішкен деп жазып беруден бас тартқан. Қазіргі күнде зейнет жасындағы Әбдіқаппаров әлі де азаматтық құқығым тапталды деп әділдікке жете алмай жүргенін айтады.
Баспасөз жиынның соңы дауға ұласып кетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Талғар ауданының әкімдігі бұл жиынның шырқын бұзу үшін әдейі титушкаларды жіберген.
Тұрсынбек БАШАР