Шерзат ісі: Куәгер Джохар Өтебековке шағым түсірді

Шерзат Полаттың өліміне байланысты Талғар қаласында қаралған қылмыстық іс төңірегіндегі дау жаңа сипат алды. Куәгер ретінде сотта жауап берген Эльмира Нұрбекова адвокат Джохар Өтебековке ресми түрде шағым түсірді.
Адвокатқа бағытталған айыптар
Адвокат Джохар Өтебеков YouTube-тегі «Гиперборей» арнасына берген сұхбатында, куәгердің Алматылық адвокаттар алқасына жазған шағымында полиция қызметкерлеріне тән кәсіби терминдер мен ресми лексика көп кездесетінін алға тартты.
«Мен бұл шағымның полиция қызметкерінің айтуымен жазылғанын түсіндім. Құжат толығымен құқық қорғау жүйесінің ұғымдарына толы. Эльмира полицияны, прокуратураны және сотты қорғаштап отыр. Менің үстімнен жалған ақпарат таратып, қысым көрсетіп жатыр деген уәждер айтылған. Маған ол кісінің не үшін құқық қорғау органдарының адвокатына айналғаны түсініксіз. Меніңше, оны пайдаланған», – деді Өтебеков.
Куәгердің әрекеті күдік тудырды
Эльмира Нұрбекова — сот процесінде қорғалуға құқығы бар куәгер ретінде жауап берген тұлға. Бастапқыда ол қанды оқиғаны өз көзімен көрмегенін айтқан, алайда кейін бұл сөзінен бас тартып, айтқанын түсінбей жазып бергенін алға тартқан. Алайда сот барысында оның қазақ тілін еркін меңгергені анықталды.
Сондай-ақ, оқиға орнындағы бейнежазбаларда Нұрбекованың оқиғадан кейін жайбарақат күйде жүргені, қалжыңдасып, оқиға жайлы басқалармен ашық әңгімелескені көрінеді. Осы деректерге сүйенген сот оның әрекетінен қылмыстық белгілер бар деп тауып, жалған жауап беру және қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша қосымша тергеу жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, Шерзат Полат 2024 жылғы 4 қазанда отбасына тиесілі дүкенде болған жанжал барысында пышақ жарақатынан көз жұмған. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
2025 жылғы 5 маусымда шыққан сот үкімі бойынша, басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған сотталушыларға 1,5 жылдан 20 жылға дейінгі жаза кесілді.