Шерзат ісі: куәгер күдіктіге айналып, күмән қоюлана түсті

28-29 сәуір күндері Талдықорған қаласында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс бойынша кезекті сот отырысы өтті.
Сотта куәгерлердің жауаптары арқылы бірқатар күмәнді тұстары айқындалды. Алайда жауаптарда кездескен қайшылықтар істің одан әрі күрделене түсуіне себеп болды.
28 cәуірдегі сот отырысы
28 сәуір күні Талдықорғанда өткен сотта бірқатар куәгерлер жауап беріп, оқиғаға қатысты жаңа әрі қайшылықты деректер белгілі болды. Алдымен куәгер Эльмира Нұрбекованың жауаптарын тыңдау одан әрі жалғасты. Ол бұған дейін тергеу барысында берген жауабында Абзал Шынасылдың Шерзатты пышақтағанын нақты сипаттаған. Алайда сот отырысында бұл сөзінен айнып, «көрген жоқпын, есімде жоқ» деп мәлімдеді. Адвокат Мейірман Шекеев куәгерден тергеудегі нақты сипаттаманы қайдан білгенін сұрағанда, Нұрбекова «үйге қайту үшін қағаздарға қол қоя берген» деп жауап берді. Оның сөзінше, тергеу кезінде екі күн бойы ұйықтамай, тамақ ішпей 100-дей адам тергеген. Прокурор Дана Сәрсенбай куәгердің видеожазбасын көрсете отырып, оның бұрын «бала жерде жатқан, үсті қан-қан, Абзал пышақпен ұрып жатты» деп жауап бергенін еске салды. Ал Нұрбекова «шок жағдайында болдым, не айтқанын білмеймін» деп ақталды.
Бұл жауаптардан кейін прокурор Нұрбекованың жауабында қарама-қайшылық барын айтып ескертті. Жалған жауап бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын тағы бір еске салды. Ал Нұрбекованың қорғаушысы соттан прокурордың бұл сипаттағы сұрақтарын тоқтатуды сұрады. Судья болса, жауаптардағы қарама-қайшылықты сотқа дейінгі тергеу кезінде анықтап алу қажеттігін айтып, прокурорларға ескерту жасады. Сот барысында Эльмира Нұрбекова оқиға кезінде мылтық алып шығып, оқ атқан адам ретінде Шерзаттың ағасы – марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевты атады.
Екінші куәгер – Дана Жақсыкелді де сол түні сотталушылармен бірге болған. Оның айтуынша, дүкенге темекі алуға кірген, сыртқа шыққанда төбелес басталған. Мылтықтың атылғанын көріп, қорқып кеткен. Сосын көлікке кіріп отырған. Ары қарай төбелестің қалай болғанын көрмеген.
Тергеу кезінде Дана Жақсыкелді мылтық Абзалдың алдында болғанын, бірақ кімнің алып келгенін көрмегенін және Абзалдың Dizzy сусынымен қолын жуғанын айтты. Осы сәтте қаруланған адамдарды көріп, полицияға хабарласуға қорыққан.
Үшінші куәгер – Юлдаш Розыбакиев оқиға орнына кейінірек келген. Ол Абзал мен Нұрқиясты ғана танитын болған. Куәгердің айтуынша, оқиға күні достарымен бірге Талғардағы әкімдік маңында тұрған. Сол кезде Арлан Қазыкеновпен сөйлесіп тұрғанында тағы бір досы Даниярдың анасы хабарласып, қалада төбелес болып жатқанын айтқан. Кейін олар үш көлікпен «Қамажай» дүкені маңына барған. Оқиға орнына келгенде екі адам жерде қансырап жатқанына куә болған. Шамамен жиырма шақты адам жиналып тұрған. Біраздан кейін келген ақ түсті Sonata көлігі жараланғандарды алып кеткен. Бұдан соң оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем жеткен.
Оқиғадан кейін куәгердің досы Арлан Қазыкенов Нұрқиясқа хабарласуды ұсынған. Олар Арланның көлігіне мініп, ауылға бет алған. Жолай Нұрқиясты алып кетпек болған. Оқиға орнында қара түсті Mercedes және Volkswagen Golf көліктері тұрған. Қараңғыда араларында амандасып, Нұрқиястың «көлікте күтіңдер» дегенін естіген. Бес минут өткен соң Нұрқияс көлікке келіп, «кеттік» деген. Сол кезде олардың көлігіне Абзал Шынасыл мен бейтаныс қыз мінген. Олар төмен қарай бағыт алған. Mercedes көлігі арттарынан келе жатып, жолай жоғалып кеткен. Сол кезде Нұрқияс «бұрылып, Mercedes-тің ізіне түс» деп бұйырған. Кейін Нұрқияс, Абзал және қыз көліктен түсіп, олардың орнына Равиль және тағы бір бейтаныс адам отырған. Куәгер бұл сәттерде болған әңгімені тыңдамағанын айтты.
«Сотталушылардың бұл іске қатысы барын білген жоқпын. Көлікте отырған сәтте Абзал Шынасыл бізге «ештеңе айтпаңдар» деп ескерту жасады», – дейді Юлдаш Розыбакиев.
Төртінші куәгер Арлан Қазыкенов те оқиға орнына кейін келген. Ол Нұрқиястың «бұл жағдай біздің тема» деп айтқанын тергеу кезінде мәлімдеген. Алайда сотта бұл сөзді нақты есіне түсіре алмады. Арлан көлігімен Нұрқияс, Абзал және белгісіз қызды алып кеткенін, кейін полиция ұстап алғанын мәлімдеді.
Бесінші және алтыншы куәгерлер – сотталушы Дидар Қалиахметовтің туыстары Самат Абдықадыр мен Дәулет Мұратов моншадан шығып дүкенге барған, оқиға орнына кездейсоқ тап болған. Самат дүкен маңында ешкімнің қолында қару көрмегенін, Дидарды киімінен тартып әкеткенін және бір рет оқ атылғанын естіген соң көлікке мініп кеткендерін айтты. Дәулет те Дидарды ұрғандарын көрмегенін, сыртта айғай-шу болғанымен, төбелес екенін бірден түсінбегенін жеткізді.
28 сәуір күнгі сот отырысында куәгерлер жауабынан оқиғаның күрделілігі тағы бір мәрте байқалды. Куәгерлердің жауабы жиі өзгеріп, тергеу мен соттағы сөздері сәйкес келмеді. Әсіресе Эльмира Нұрбекованың тергеу кезінде пышақтау сәтін нақты сипаттауы, ал сотта оны мойындамауы – бұл істегі сенімділікті төмендетіп отыр. Сотта Нұрбекованың денсаулығы күрт нашарлап, жедел жәрдемге жүгінген. Жәбірленушінің адвокаты Мейірман Шекеев оған қатысты іс қозғалатынын, куәгер статусы күдіктіге ауыстырылуы мүмкін екендігін мәлімдеді.
29 сәуір күнгі сот отырысы
29 сәуір күні өткен сотта бірқатар куәгерлер жауап беріп, іс барысына қатысты маңызды әрі қайшылықты мәліметтермен бөлісті. Кәмелетке толмаған куәгер Бекнұр Асқарбек сотта куәлік берді. Ол сотталушы Дархан мен Думанды ғана танитынын, екеуімен де жеке араздығы жоғын айтты. 3 қазан күні жездесінің өтінішімен Дарханға мың теңге ақша жібергенін, оны апасы Светлананың атынан жібергенін растады. Бұл ақшаның нақты не үшін керегі айтылмаған. Ақша аударымы кезінде нөмірде «Жұмабике» деген есім шыққанын мәлімдеді. Сот залына келген Светлана Қалтаева да сотталушылар мен жәбірленушілерді танымайтынын жеткізді.
Ал куәгер Еркебұлан Тоқтарбай – Дарханның сыныптасы. Ол оқиға күні Дарханмен бірге болған, кешкі уақытта көлігімен оны дүкенге дейін апарып тастаған. Дархан дүкенге жеткен соң, біреумен телефон арқылы сөйлесіп, тағы да ақша сұраған. Ал оқиға туралы ол кейін әлеуметтік желіден естіген.
Сол күні оқиға орнына алғаш жеткен полиция қызметкері – Жәнібек Әмірақын да Дархан Әскентайдың сыныптасы болып шықты. Куәгердің сөзінше, сол түні кезекші бөлімнен Менделеев көшесінде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткенде бұрылыста бір топ адам тұрған. Жерден қан ізін көрген. Айналасындағылар оған бір баланың пышақталып, әкесімен бірге емханаға жөнелтілгенін жеткізген. Бұл деректерді ол дереу кезекші бөлімге баяндаған. Кейін күдікті көліктерді анықтап, әріптесімен бірге оларды іздей бастаған. Жолай бір жігіт көзге түсіп, олар оны тоқтатқан. Жігіт өзінің Менделеев көшесінде болғанын, төбелеске қатысы барын мойындаған. Жеке басы анықталған кезде ол — сотталушы Дархан Әскентай болып шыққан. Жәнібек Әмірақын сотта күдіктінің өзінің сыныптасы екенін, алайда сол сәтте оны бірден тани алмағанын түсіндірді. Себебі Дарханның көзі ісіп кеткен, қараңғы болған, әрі үстінен ішімдіктің иісі мүңкіп тұрған.
Сотта марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі жауабы оқылды. Онда Нұрқанат оқиғаның басталуына не себеп болғанын, Шерзат пен Дархан арасындағы жанжалды, кейіннен басқа жігіттердің қосылып, жанжалдың ушығуын егжей-тегжейлі сипаттайды. Оның жауабында, Нұрқанат дүкенге келгенде Дархан есімді жігіттің Шерзатпен сөзге келіп тұрғаны айтылған. Шерзат Дарханның әкесіне дөрекі сөйлегеніне наразы болып, оны ұрып жіберген. Нұрқанат жағдайды бейбіт шешуге тырысқанын, бірақ Дархан кейін Нұрболға хабарласқан. Оның сөзінше, Нұрбол оқиға орнына келіп, өзін «хуторский» деп таныстырып, бастапқыда татуласып кеткендей көрінген. Алайда артынан қайтадан бірнеше көлікпен жігіттер келіп, жанжал өрши түскен. Олардың арасында Абзал, Нұрқияс, Шыңғыс және тағы бірер жігіт пен екі қыз болған. Дәл осы кезде көліктен түскен белгісіз жігіт артындағы топқа бұрылып: «делайте» деген. Осы сәттен кейін төбелес басталған. Нұрқанат Шерзаттың досы Ахметтің құлағанын, Абзалдың оны жағасынан ұстап тұрғанын, ал Нұрқиястың өзін ұрғанын айтқан. Тағы бір қыз дүкен есігін іштен тіреп, Қаржаубайды шығармай қойған, ал басқа қыз көлік ішінен пышақ алып берген. Сол сәтте Нұрқияс оған пышақ сермеген. Осы кезде Шерзат қайта оралып, Абзалды ұрып жіберген. Абзал шегінген кезде Шерзат Нұрқанатқа «қашайықшы» деген. Біраздан соң Шерзат «Нұрқанат аға, мыналар маған бір нәрсе тығып алды» деп үш рет айғайлаған. Ол Шерзаттың арқасынан пышақ жарақатын көріп, оны құшақтап қорғауға тырысқан.
«Шерзатты құшақтап, денеммен жауып қорғауға тырыстым. Бірақ жігіттер жабылып ұрып, екеуміздің ортамызды аша алмай жатты. Сол сәтте Абзал оң жақ жамбасыма пышақ тықты. Шыдауға тырыстым. Артынша Нұрқияс тағы бір мәрте пышақтады. Кейін Абзал үшінші рет жаралады. Осы кезде біреу басымнан аяқпен тепті. Оң жақ құлағымның артына темір сияқты қатты затпен ұрды», – деп баяндайды Нұрқанат.
Сотта тағы бір куәгер – Талғат Әшірбаев жауап берді. Ол Абзал мен басқаларды «Эйфория» кафесінен «Қамажай» дүкені алдына жеткізген. Оқиға орнына жеткенде айғай-шу басталғанын көріп, мылтық даусын естіген соң, қорқып кеткенін, жақында үйленгелі жатқандықтан қауіптеніп кетіп қалғанын айтты. Біраз уақыттан кейін қайта оралғанда, жерде жатқан екі адамды, Шерзаттың анасын және жедел жәрдемнің келгенін көрген. Полиция шақыруға қорыққан.
Сондай-ақ марқұмның досы Нұрдәулет Байтұрсыновтың да тергеу видеосы жарияланды. Ол оқиға орнына досы Ахметпен бірге келгенін, алдымен жағдай шешілді деген хабар алғанымен, кейін қайта оқиға орнына қайта барғанын айтты. Қақтығыс кезінде Ахметті біреудің ұрып жіберген, кейін пышақ ала жүгірген адамдардан қорқып, өзі мен достары қашып кеткен. Оралған сәтте полиция мен жедел жәрдем келгенін көрген.
Сот барысында журналистер жәбірленушілердің адвокаты Мейірман Шекеевтен «Чика» дегеннің кім екенін сұраған. Қорғаушы «Чика» лақап атты азаматтың сотта куәгер ретінде жауап беріп жатқанын, логикаға салсақ, оның кім екенін анықтауға болатынын айтқан. «Сотқа байланысты барлық жайтты ашық мәлімдей алмаймын, сондықтан куәгердің есімін атамаймын», деп жауап берген.
Бұл аптадағы екі күнгі сот отырысы осымен аяқталды. Келесі сот отырысында күдіктілерден жауап алынуы мүмкін. Сот отырысы кезінде адвокат Мейірман Шекеев көлігінің екі дөңгелегінің болты жоқ екенін байқаған. Мұны кездейсоқтық немесе қастандық екенін түсіне алмаған. Кейіннен қорғаушы бұл іс бойынша полицияға арызданбағанын мәлімдеді.
Тұрсынбек БАШАР