Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Шерзат ісі: Олар ауыр қылмыс үшін жеңіл жаза сұрайды

Шерзат Болат
Фото: ашық дереккөз

18–19 тамыз күндері Алматы облысы Қонаев қаласында Шерзат Болаттың ісі қайта қаралды. Бұған сегіз сотталушының апелляциялық шағымы себепші болған.

 Бұл туралы облыстық сот хабарлады. Сондай-ақ оқиға орнында болған, бірақ бастапқыда куәгер ретінде танылған Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіге қатысты іс те тексерілді. Мұнымен қоса куәгер Юлдаш Розыбакиев пен Арлан Қазыкеновке қатысты шыққан бірінші сотының жеке қаулысында келтірілген Жақсыгелді Дананың жеке шағымы сот отырысында қаралды. Сот процесіне Досымбек Қалдырбек, Марина Мұсабекова, Ербол Құтпанбаев төрағалық етеді.

Сот отырысының алғашқы күні БАҚ өкілдерінің сот залына кіре алмауымен басталды. Әуелі сот залына кірген журналистерді сотқа төрағалық етуші Досымбек Қалдырбек журналистерге қарата: «Сіздер залдан шыға тұрыңыздар, артынан кіресіздер, солай шештік» деп бұйырды, сотқа төрағалық етуші арғы жақта камера, бәрі дайын тұрғанын, сол арадан сот процесін бақылай алатынын айтты. Қалдыбектің «ана жақ» деп тұрғаны соттан ақпарат тарату үшін журналистерге дайындалған бөлек бөлме болатын. Бірақ ол жерден сот залындағы процесті бақылау мүмкін болмады. Сол арадағы трансляция дыбысының нашарлығына байланысты журналистер жарытып ақпарат ала алмады. Осылайша алдын ала «сот ашық өтеді» деп хабарланғанымен, түске дейін ашық процеске журналистер кіре алмады. Тек түстен кейінгі отырыста судья журналистердің сот залына кіруіне рұқсат берді.

Сотталғандардың адвокаттары апелляциялық шағымдарында сот шешімінде дәлелдемелер жеткіліксіз деп танитынын жеткізді. Мысалы, журналистерге пікір білдірген Дидар Қалиахметтің адвокаты Гауһар Баймұханова былай деді: «Алдыңғы сот отырысында менің қорғауымдағы Дидар Қалиахмет «мен полиция қызметкерлеріне хабарламадым, сол жерде көмек көрсетпедім. Бұл менің кінәм шығар» деді. Біз оның осы сөзіне сүйене отырып, Дидар Қалиахметтің ісін «бұзақылық» бабынан «полицияға хабарламау» бабына ауыстыруды қайта саралауды сұраймыз» деді. Баймұханованың айтуынша, Қалиахметтің кінәсі толық дәлелденбеген.

Апелляциялық шағым түсірушілердің бірі Азамат Тоқтаубаевтың адвокаты Гүлмира Бабажанова. Естеріңізде болса, сотталушылардың бірі Азамат Тоқтаубаев оқиға орнында жәбірленушінің ұялы телефонын ұрлады деп айыпталып, оған «бұзақылық» бабы мен қоса «ұрлық» бабы да қосылған. 18 тамыз күнгі сот отырысында Гүлмира Бабажанова осы іс бойынша ұрлық бабын алып тастауын әрі қорғауындағы азаматтың рахымшылыққа ілінуін сұрады. Бұған себеп ретінде маусым айынан бастап Конституцияның 30 жылдығына байланысты қолданысқа енген амнистия заңын көлденең тартты. Яғни адвокат А.Тоқтаубаевқа «ұрлық» бабы бойынша тағайындалған 3 жыл жаза мерзімін алып тастауды сұрады.

Ал Абзал Шынасылдың қорғаушысы Жұмат Әбенов қорғауындағы азаматтан «Шерзатты өлтірді» деген айыпты алып тастауын сұрады. 5 маусым күнгі сот үкіміне сай Абзал Шынасыл ҚР ҚК 9-баптың 2-бөлігі (адам өлтіру) бойынша 20 жыл бас бостандығынан айырылған болатын (жалпы 23 жыл). Адвокаттың сөзінше, қорғауындағы азамат бастапқыда өзі істемеген қылмысты мойнына алған, кейін шындықты айтса да оны ешкім тыңдамаған. Сондай-ақ Жұмат Әбенов Абзал Шынасылдың оқиға орнында Нұрқанат Ғайыпбаевқа жеңіл жарақат келтіргенін, сондықтан айыптау осы негізде қаралуы керек екенін айтты.

«Шынасыл ақымақтықпен мойындап қойған соң, барлығы келіп осыған жауып жатыр. Былай қарасаңыз, Абзал сонда екі адамды да пышақтаған болып шыға ма? Ал Нұрқанат Ғайыпбаевқа салған пышағы денсаулыққа ауыр емес. Тергеушіге де мойнына алатын адам керек. Оған қоса жәбірленушілердің де жауаптары қарама-қайшы екенін ұмытпайық. Олардан қайтадан жауап алайық дегенімде барлығы денсаулығын сылтауратып келмеді», – деді адвокат.

Бірінші күнгі апелляциялық сот отырысы осылай аяқталды. Облыстық сот үкімнің 19 тамыз күні шығатынын мәлімдеді.

19 тамыз күні Алматы облыстық соты Шерзат Болаттың өлімі бойынша істің апелляциялық шағымын жалғасты қарады. Алайда Сот бірінші инстанция үкімін өзгертпеді.

Шерзат Болаттың ісі бойынша үкім биыл 5 маусымда шыққан. Онда тоғыз адам айыпты деп танылған. Соның ішінде «Адам өлтіру», «Адам өлтіруге оқталу», «Бұзақылық» баптары бойынша айыпты деп танылып, Абзал Шынасыл 23 жылға сотталған. Жеті азамат 7 жылдан 20 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал кәмелетке толмаған Думан Ысқаққа 6 ай түрме жазасы кесілген еді. Думан биыл шілде айында жазасын өтеп, түрмеден шықты.

16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғамда қызу талқыланды. Оқиға 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы дүкендердің бірінде болған. Онда бір топ адам дүкен иесі Қаржаубаймен, ұлы Шерзатпен және ағасы Нұрқанатпен төбелеседі, соның салдарынан Шерзат қаза табады, екі адам жараланады.

Алайда кісі өлімі мұнымен бітпеді. 9 желтоқсан күні Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі Талғар маңынан табылды. Ал оның алдында, 12 қазан күні Азат ауылындағы Шерзаттың үйі өртеніп кеткен еді.

4 тамыз күні белгісіз жағдайда Нұрқанат Ғайыпбаевтың ісі тоқтатылды. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев хабарлап, Instagram-парақшасына: «Нұрқанаттың ісі тоқтатылған. Алайда біз болашақта істі қайта жандандыру үшін өтініш хат түсіретін боламыз» деп жазды. Бір қызығы, осыдан соң 15 тамыз күні Шерзат Болаттың өртенген үйіне қатысты тергеу жұмыстары да тоқтатылды. Мұны Алматы облысының прокуратурасы мәлімдеді. Істің тоқтатылу себебін «құқықтық көмек көрсету бойынша іс жүргізу әрекеттерін орындауға байланысты» деп түсіндірді.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ