Шерзат ісі: Олар айыбын мойындаған жоқ...

17-18 сәуірде Талдықорған қаласында Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырыстары өтті.
Істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Өткен аптадағы сотта прокурор айыптау актісін оқыды. Күдіктілер кінәсін мойындамады. Екінші күні марқұмның ата-анасы мен әжесі және Шерзаттың досы куәлік берді. Ал оқиға кезінде айыпталушылармен бірге болған Эльмира Нұрбекованың жауабы сот барысындағы көп күмән тудырған сәттердің бірі болды.
17 сәуірдегі сот отырысы
17 сәуір күнгі сот отырысы белгіленген уақытынан кеш басталды. Бұған айыпталушы тараптың адвокаттарының бірі кешігіп келуі себеп болды. Алдымен сотта екі тарап та сотқа қатысушылардың денсаулығына байланысты істі Алматы немесе Қонаев қаласына ауыстыруды өтінді. Бірақ судья өткен сот отырысында айтқандай, Шерзатқа қатысты іс Талдықорған қаласында жалғасатынын кесіп айтты.
Сот бастала салысымен судья Ержан Жанұзақов тараптарға қылмыстық іс аяқталғанша БАҚ өкілдеріне пікір білдірмеуді сұрады. Іске тартылған аудармашы таныстырылып, тараптар аудармашыға қатысты қарсылығы жоқ екенін жеткізді. Судья аудармашының құқығы мен міндеттерін түсіндірді. Бұдан кейін сотталушылар өздерінің жеке деректерін айтты. Олардың төртеуі бұрын істі болған болып шықты. Тіпті күдікті Азамат Тоқтаубаев 2024 жылы қазанда орташа қауіпсіздіктегі колонияға 7 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот ұзаққа созылды. Прокурор Дана Сәрсенбайдың сөзінше, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында болған оқиға барысында Абзал Шынасыл Шерзат Болатты жүрек тұсынан пышақтаған. Шерзат қашуға тырысқанымен, 50 метрден кейін жарақаттан әлсіреп, құлап түскен. Осы сәтте Шыңғыс Белғожаев, Нұрқияс Ілиясов және басқа да күдіктілер оған жүгіріп барып, ұрып-соғып, суық қарумен шабуыл жасаған. Белғожаев Шерзаттың басынан тепкілеп, пышақтың сабымен бірнеше рет ұрған, ал Ілиясов мылтықтың дүмімен оның басынан соққан. Артынша, Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевқа да шабуыл жасалған. Прокурор бұл әрекеттердің барлығы аса қатыгездікпен жасалғанын атап өтті.
Айыптау актісін толық тыңдауға жәбірленуші тарап шыдамады. Марқұмның әжесі Жұмабике Қадырова сот барысында қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көмегіне жүгінді. Әкесі Қаржаубай Нұрымов та айыптау актісі оқылып жатқанда, судьядан рұқсат сұрап, сыртқа шығып кетті.
Олар айыбын мойындаған жоқ
Сот отырысында прокурор айыптау актісін жариялаған соң, судья Ержан Жанұзақов айыпталушылардың әрқайсысынан өздеріне тағылған айыптарды мойындайтын-мойындамайтынын нақтылап сұрады. Жауаптар түрліше болды – кейбірі ішінара кінәсін мойындаса, енді бірі өздерін толық ақтауға тырысты. Мысалы, Абзал Шынасыл бұзақылық жасағанын жартылай мойындағанымен, кісі өлтіру бабын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Оның артынан жауап берген Равиль Сакиев ешқандай айыпты мойындамайтынын айтып, өзін кінәсізбін деп мәлімдеді. Шыңғыс Белғожаев айыптаулардың кейбір тұстарымен келісетінін білдіргенімен, іс материалдарында сәйкес келмейтін, күмәнді тұстардың бар екенін атап өтті. Азамат Тоқтаубаев оқиға орнында болғанын растады. Бірақ ол өз әрекеттерін қылмысқа жатқызуға қарсы: «Қолымда пышақ болған жоқ. Телефонды алғаным рас, бірақ оны ұрлау ниетімен емес» деді. Сонымен қатар ұрлық туралы айыптауды да мойындаудан бас тартты. Нұрбол Тоқтаубаев та кінәні ішінара мойындады. Ал Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет және Думан Ысқақ өздеріне тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспей, кінәларын толықтай жоққа шығарды.
18 сәуірдегі сот отырысы
Ертеңіне, яғни 18 сәуірде сот отырысы жалғасты. Сотта Шерзаттың әжесі алдымен куәлік берді. Шерзаттың әжесі Жұмабике Қадырованың айтуынша, сол түні дүкен маңына барған сәтте ол жерде шамамен 15 шақты адам жиналғанын көрген. Олардың барлығы қылмыстан кейін көлікке мініп, еш алаңсыз кетіп қалған. Қадырова «Қамажай» дүкенінің алдына барып, Шерзатты ұрып жатқан топқа қарай жүргенде алдынан Абзал Шынасыл шығып итеріп құлатқан. Арыққа құлаған Қадырованың қолынан телефоны ұшып кеткен.

«Бір сәтте бәрі Шерзатқа қарай ұмтылды. Алдынан шыққан мені де қағып өтті. Тұра алмай жатырмын, бірақ көзіммен көріп тұрмын – бәрі жабылып ұрып жатыр. Біреуі де шет қалған жоқ. Қолымен ұрмағаны аяғымен тепті. ...16 жасар бала ғой. Не бүлдіріп үлгерді? Бір шапалақ ұрса, түсінер едік. Бірақ бұл – жоспарланған шабуыл. Үйден дүкенге жай ғана зарядка алуға шыққан бала. Көшеде қаңғып жүрмейтін. Үйде жатқан жерінен «әже, барып келе қояйын» деп кеткен бала еді», – деп еске алды сол күнгі оқиғаны Нұрбике Қадырова.

Оқиға түні Гүлбара Бишембиеваға күйеуі Қаржаубай Нұрымов хабарласып, Шерзаттың біреумен жанжалдасқанын айтып, ағасы Нұрғанатты шұғыл жіберуді сұраған. Нұрғанат дүкен жаққа көлікпен кеткен. Ал араға бес минут салып, Гүлбара тағы хабарласқанда, Қаржаубай бәрінің реттеліп жатқанын айтқан. Бірақ ана жүрегі тыныш таппай, енесімен бірге дүкенге шыққан. Дүкенге жеткенде шамамен 10-15 адамның ішінде екі қыз да болған. Сол сәтте «Делайте!» деген айқай естілген. Ең алғашқы шабуылды Дархан бастап, Шерзатты ұрған. Бірақ Шерзат шегініп қалып, Дархан Әскентайды ұрғанда ол құлап түскен. Әрі қарай топ Шерзат пен ағасы Нұрғанатқа жабылып кеткен. Ал Шерзаттың анасы Гүлбараның өзін Абзал Шынасыл мен Нұрбол Тоқтаубаев ұстап алып, Шерзатқа жібермей қойған.
«Оларға «Мен – анасы едім, балама тимеңдерші» деп жалындым. Бірақ Абзал: «Аузыңды жап, сені де өлтіреміз» деді. Қасымдағы екі қыздан «полиция мен жедел жәрдем шақырыңдаршы» деп өтіндім. Ешкім көмектеспеді. Өзім босап, жүгіріп жеткенімде баламның аузынан қан ағып жатты. «Мама, мына жаққа қарашы» деді. Қарасам, пышақ тыққан екен», – дейді марқұмның анасы.
Гүлбараның айтуынша, Нұрқияс Ильясовтың қолында мылтық болған. Ол Нұрғанатты ұрып-тепкілеген соң, қансырап жатқан Шерзатқа қарай бет алады. Жараланғанына қарамастан, баласының басынан және желкесінен бірнеше мәрте ұрған. Анасы қолымен қорғауға тырысқан, бірақ Нұрқияс оны да қорқытып: «Тыныш тұр, сені де ұрам» деген. Осы сәтте күйеуі Қаржаубайды да Дархан бөтелкемен ұрып, арқасынан Шыңғыс пышақтаған. Бірақ пышақ киімін ғана кесіп өткен.
Сот отырысында «Чика» есімді адам туралы да сұрақ қойылды. Тергеу материалында Гүлбара Бишембиева бұл адамның қолында пышақ болғанын және Нұрғанатты тепкенін айтқаны жазылған. Судья осы мәліметті нақтылағанда, Гүлбара «Чика» есімді азаматтың қазіргі күдіктілердің ішінде жоқ екенін жеткізді. Адвокат оның бұрынғы және қазіргі айтқандарында қайшылық бар екенін ескерткенде, Гүлбара: «Ол сәтте бәрі шок жағдайында болды, нақты кім не істегенін бірден есіме түсіре алмадым. Кейін есіме түсті», деп жауап берді.
Сот отырысы кезінде Қаржаубай бірнеше мәрте сөзге араласқандықтан, судья Ержан Жанұзақов оған «сөзге араласа берсеңіз, сот сіздің қатысуыңызсыз өтеді» деп ескертті.

Сот залында сөз алған Қаржаубай Нұрымов баласының өліміне әкеп соққан оқиға алдындағы, оқиға барысындағы және одан кейінгі әр сәтті баяндады. Қаржаубайдың айтуынша, алғашқы төбелестен кейін Қаржаубай Дархан Әскентайдан кешірім сұрап, көмегін ұсынған. Бірақ Дархан «балаң жауап береді, денсаулығын қойып кетемін, балаларды шақырам» деп көнбей қойған. Кейін дүкенге Нұрбол Тоқтаубаев келіп, өзін «Хутордың жігіттеріміз» деп таныстырған. Әкесі баласын қорғаштап, «мен ұрдым» деп мойнына алуға мәжбүр болған. Қаржаубай Нұрымов Дарханның жағдайын түсіндіріп, төлемнің қайтарылғанын көрсетіп, дауды бейбіт шешуге тырысқанымен, бұл әрекеттер нәтиже бермеген. Көп ұзамай дүкен алдына үш көлікпен адамдар келе бастаған. Арасында Равиль, Нұрқияс, Дидар және тағы бірнеше жігіттер болған. Бұлардың кейбірімен Нұрғанаттың бұрыннан таныс болғаны белгілі болды. Қаржаубай сол сәтте полиция мен жедел жәрдемге екі мәрте хабарласқан, алайда ешкім қоңырауға жауап бермеген. Ол Талғар аудандық жедел жәрдем қызметінің меңгерушісіне жеке хабарласқанымен, көмек тек төбелес аяқталғаннан кейін ғана жеткен.
Сотта хуторлықтар туралы сөз болды
Қаржаубай хуторлықтар деп аталатын бұл топтың ауыл ішінде аты шулы екенін айтып, олардың қатысуымен бұған дейін де жастар арасында төбелестер, тіпті атыс болғанын баяндады. Қауіптенген ол дүкеннен май кесетін пышақты алып шыққанын мойындады. Төбелес кезінде Қаржаубай Шыңғыстың қолынан пышақ көргенін, Азаматтың да пышақпен жүргенін, ал Нұрқиястың қолында мылтық болғанын айтты.
«Шерзат «папа, мынаған қарашы, бірдеңе тығып алды» деді. Мен балаларға «қашыңдар!» деп айғайладым. Бірақ пышақтағанын бірден түсінбедім. Ол біраз жерге барып, отырып қалды».
Жанжалдан кейін Қаржаубай Нұрымов баласын көлікке отырғызып, ауруханаға асыққан. Алғашында тамыры соғып тұрған Шерзат жолда есінен танып, ауруханаға жетпей жан тапсырған. Әкесі көлікте алғашқы көмек көрсетіп көргенімен, нәтиже болмаған.
Тағы кімдер куәлік берді?
18 сәуірдегі сот отырысында Шерзаттың досы Мирас Сейсенбай және сол түні айыпталушылармен бірге болған Эльмира Нұрбекова куәлік берді.

Ал Шерзаттың тағы бір досы Ахмет Махмет Қытайда оқуда болғандықтан куәлігін жазбаша жіберген. Оның куәлігі бұдан кейінгі сотта оқылатын болып шешім шықты. Ал сотта куәлік берген Мирас Сейсенбай алғаш көлікпен келген бірнеше жігіт пен екі қыздың бірі Ахметке тап беріп, оны ұра бастағанын баяндап берді. Мирас оқиға орнында пышақпен қаруланғандарды көргенін айтты. Кейіннен «қашыңдар» деген сөзді естіп, қашып кеткен.

Айыпталушылармен бірге болған Эльмира Нұрбекованың жауабы сот барысындағы көп күмән тудырған сәттердің бірі болды. Себебі ол тергеу кезінде берген жауабын сотта өзгертіп, куәлік берді. Нұрбекованың сөзінше, өзі ешқандай төбелеске қатыспаған, қайта жігіттерді сабырға шақыруға тырысқан. Бастапқы жауабында ол: «Абзал қолындағы пышақпен жерде жатқан жігіттің арқасынан ұрды» деп нақты айтқан. Бірақ сотта бұл сөзінен айнып, басқаша жауап берген. Оның айтуынша, тергеу кезінде өзін «есеңгіреген күйде» сезінген, сондықтан айтқандарын дәл түсінбеген болуы мүмкін. Алайда жәбірленуші тараптың адвокаты бұл айырмашылыққа назар аударып, жалған жауап бергені үшін заң алдында жауап беретінін ескерткен. Нұрбекова: «Мен жауаптарымнан бас тартпаймын. Бәрін шын айтып отырмын», – деп қысқа қайырды.
P.S. Екі күндік сот отырысы осы куәлердің жауабымен аяқталды. Судья Жанұзақов келесі сот отырысын 28-29 сәуірге, одан кейінгі сот отырысын 5-6 мамырға белгіледі. Сот барысы кезінде жәбірленушілер журналистерге комментарий бермеді. Тек қорғаушы Мейірман Шекеевпен ғана тілдесе алдық. Сот отырысында Ғайыпбаевтың өлімі, үйдің өртенуі және Хасан Қасымбаев туралы сөз болмады. «Жас Алаш» Шекеевтен неге бұлар туралы айтылмағанын сұрады. Шекеев: «Аталған істер бөлек-бөлек тіркелген, ал Қасымбаевтың бұл іске қатысы жоғы айтылды, оның ұсталғаны жай сәйкестік шығар, ол жағын нақты айта алмаймын» деп жауап берді.
Айтпақшы, осы соттан 2-3 күн өткен соң, 21 сәуір күні Хасан Қасымбаевқа қатысты тергеудің аяқталғаны мәлім болды.
Тұрсынбек БАШАР