Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 16:50

Шерзат ісі: Жәбірленуші тарап 120 миллион теңге моральдық өтемақы талап етті

Жәбірленуші тарап
Фото: ашық дереккөз

Шерзат Полаттың өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша өтіп жатқан сот процесінде жәбірленуші тараптың адвокаты Мейірман Шекеев соттан моральдық зиянды өтеу туралы талап арызын жариялады.

Оның айтуынша, марқұм Шерзаттың жерлеу рәсіміне кеткен шығынды өтеу үшін негізгі айыпталушы Шынасыл Абзалдан 2 794 000 теңге өндіріп алу сұралды. Бұл сома нақты түбіртектермен расталып, істің материалдарына тіркелген.

Бұдан бөлек, жәбірленуші тарап моральдық зиянды өтеу ретінде Шынасыл Абзал мен Равиль Сакиевтен Нұрымов Қаржаубайдың пайдасына 100 миллион теңге (әрқайсысынан 50 млн) өндіріп беруді сұрады.

Сонымен қатар, басқа сотталушылар — Белқожаев Шыңғыс, Әскентай Дархан, Ильясов Нұрқияс, Тоқтаубаев Азамат, Тоқтаубаев Нұрболат, Қалиахмет Дидардан да үлестік тәртіппен марқұмның әкесінің пайдасына жалпы сомасы 120 миллион теңге, яғни әрқайсысынан 20 млн теңгеден өндіріп алу талап етілді.

Адвокат сондай-ақ бұл алты азаматтан Шерзаттың анасы Бейшембиева Гүлбара мен әжесіне де дәл осындай сома – әрқайсысынан 20 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуді сұрап отыр.

— Біз бұл талапты психолог маманның зерттеу қорытындысына сүйене отырып ұсынып отырмыз. Отбасы мүшелерінің күйзелісі мен бала жоғалтудың ауыр зардабы ескерілді, - деді адвокат.

Айыпталушы жақтың қарсылығы бар. Сотталушы Дархан Әскентайдың адвокаты Мәулен Ержанов бұл талаптармен келіспейтінін жеткізді. Ол 120 миллион теңге өте үлкен сома екенін айтып, өз қорғауындағы азаматтың мұндай соманы төлеуге ешқандай мүмкіндігі жоқ екенін алға тартты.

— Дархан Әскентай — жетім бала. Әке-шешесі жоқ, тұрақты жұмысы жоқ. Керісінше, ол да осы іс бойынша жарақат алып, көзінен айырылып, жәбірленуші ретінде танылған. Қазіргі таңда жұмысқа жарамсыз, - деді адвокат Ержанов.

Ол жәбірленуші тараптың өтемақы туралы талап-арызына қарсы шағым түсіретінін мәлімдеді. Сонымен қатар «жерлеу шығындары мен моральдық өтемді нақты түбіртекпен, құжатпен дәлелдесін» деген талап қойды.

Бұл іс қоғамда резонанс тудырған еді. Қоғам белсенділері мен адвокаттар әділ сот тергеуін талап етіп отыр. Келесі сот отырысында қос тараптың талап-арыздары нақты қаралып, дәлелдер тыңдалады деп күтілуде. Еске салайық, келесі сот отырысы дүйсенбі күні, сағат 10:00-де өтеді.

Тегтер: