Шерзат ісіндегі прокурор Дана Сәрсенбай халық сынына ұшырады

Кәмелетке толмаған Шерзат Полат ісі бойынша сот жалғасып жатыр.
Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша өткен сот отырысында жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Ажығалиева айыпталушылардың әрекеттерін аса қатыгездікпен жасалған, бір топ адам бірігіп қасақана кісі өлтіру ретінде қайта саралауды талап етті.
Оның айтуынша, қазір негізгі айып тек қана Абзал Шынасылға тағылып отыр.
«Айыптау актісіне сәйкес, 2024 жылғы 4 қазанда сағат 00:42-де “Қамажай” дүкенінің жанында Шынасыл кәмелетке толмаған Полатты әдейі жүрек тұсынан пышақпен жарақаттайды. Полат қашуға әрекеттенгенімен, 45–50 метр жүгіргеннен кейін асфальтке құлайды. Анасы оған жүгіріп бармақ болған, бірақ Шынасыл мен Ілиясов кедергі болған», – деді Ажығалиева.
Ол бұл шабуылды алдын ала жоспарланған және ұйымдасқан түрде жасалған әрекет деп атап өтті.
«Осыдан кейін Әскентай, Тоқтаубаев, Сакиев және Шынасылдан құралған топ Шерзатқа қарай бет алған. Анасының қарсыласқанына қарамастан, Белғожаев Шерзаттың басына бірнеше рет пышақпен, Ілиясов мылтықпен ұрған. Қалғандары қолмен ұрып, аяқпен тепкен. Сағат 01:30-да Шерзат Талғар ауруханасында көз жұмды», – деді адвокат.
Ажығалиева прокурорға жаңартылған айыптау актісін әзірлеуге мүмкіндік беру мақсатында сот отырысын кейінге шегеруді өтінді.
«Ұсынылған дәлелдерге сүйене отырып, Әскентай, Тоқтаубаев, Белғожаев және Ілиясовтың әрекеттері 293-баптың 3-бөлімі, 24-баптың 3-бөлімі және 99-баптың 2-бөлімі “Топ болып, ерекше қатыгездікпен кісі өлтіруге оқталу” бойынша саралануы тиіс деп санаймыз. Сакиевке 99-бап бойынша қатаңырақ жаза тағайындауға негіз жеткілікті», – деді адвокат.
Алайда айыптау тарабы мұндай өзгерістерге қарсылық білдірді. Прокурор Дана Сәрсенбай тергеу кезінде барлық дәлелдер жан-жақты әрі мұқият қаралғанын айтты.
«Өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұраймыз. Алдын ала тыңдау өткізу қажеттілігі жоқ деп санаймыз. Өз ұстанымымызды тараптардың жарыссөзінде білдіреміз», – деді Сәрсенбай.
Қазір прокурор Дана Сәрсенбайға қатысты хейт күшейді. Барлық әлеуметтік желіде мемлекеттік айыптаушыны сынға алып жатыр.
Келесі сот отырысы 2 маусым күні, сағат 10:00-де жалғасады.