Шерзаттың отбасы жаңа үйге қоныстанды
Бір жыл бұрын Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полат қайғылы жағдайда қаза тапты. Көп ұзамай отбасының үйі де өртеніп кетті. Енді, арада бір жыл өткен соң, Шерзаттың отбасы жаңа үйге қоныс тойын тойлады.
Қуанышты жаңалықты адвокат Мейірман Шекеев әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Ол Шерзаттың анасының жүзінен қуаныш көргенін айтып, мұны халықтың қолдауы мен бірлігінің жемісі деп бағалады.
Адвокат сонымен бірге өткен қасіретті ұмытпау қажеттігін және жаңа үйдің қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін атап өтті.
Жаңа баспананы салуға жергілікті әкімдік пен меценаттар көмек көрсеткен.
"Қаржаубай отбасы халыққа алғысын білдірді. Әуелі Алланың одан кейін Асқар , Асхат бауырларымыздың жомарттығының, Алматы облысы әкімдігінің қадағалап, жұмыла көрсеткен бірлігінің және қарапайым халықтың дұғасының арқасында Қаржаубай отбасына қуаныш силай алдық деп ойлаймын. Қаржаубайдың бауыры Перизатқада Алла разы болсын! Гүлбарам ханымның жүзінен куанышпен күлкі көру біз үшін сол күні бақыт болды!!! Осы қуаныштың орнауына тілектес болған барлық адамдарға Қаржаубай отбасының және өз атымнан алғыс білдіремін", - деп жазды Шекеев.
Өрт ісі әлі тергеліп жатыр
Шерзат Поттың үйі өткен жылдың қазан айында өртеніп кеткен еді. Сол уақыттан бері тергеу жалғасып келеді. Көктемде Бас прокуратура өрт орнындағы жағдайды толық анықтау үшін спутник суреттерін пайдалану жоспарын жариялаған. Сол суреттер арқылы өрт кезінде үй маңында қандай көліктер тұрғанын анықтау көзделген.
Бұл мақсатта Қазақстан Ресейге халықаралық тергеу тапсырмасын жіберген болатын.