Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:11, 15 Мамыр 2025

Шерзаттың ісі: судья сотқа қысым жасауға жол берілмейтіні туралы мәлімдеді

Шерзат
Фото: zhasalash.kz

Сот төрелігіне қатысты әлеуметтік желілерде тарап жатқан субъективті пікірлерге байланысты судья ресми мәлімдеме жасады. Онда блогерлер мен іске қатысы жоқ азаматтардың тергеу және сот процесі туралы пікірлеріне заң аясында баға берілді.

«Сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады»
Мәлімдемеде Қазақстан Республикасы Конституциясының 75-бабы 1-тармағы басшылыққа алына отырып, елдегі сот төрелігін тек соттың ғана жүзеге асыратыны еске салынды. Осыған орай, қандай да бір тараптың сот жұмысына араласуына заң жол бермейді және мұндай әрекеттер жауапкершілікке әкелуі мүмкін екені қатаң ескертілді.

Үкім шықпай жатып баға беру — заңсыз
Судьяның айтуынша, іс сот тергеу сатысында тұр. Сондықтан үкім шыққанға дейін сот процесіне құқықтық баға беруге, соттың шешіміне әсер етуі мүмкін субъективті пікірлер таратуға жол берілмейді.

«Сот тек дәлелге сүйеніп, айыптау мен қорғау тараптарының уәждерін жан-жақты тексеріп барып шешім шығарады», – делінген хабарламада.

Ресми мәлімдемеде судьяның іс барысында ешқандай мүдделі тарапқа тәуелді болмауы, жеке мүдде көздемеуі тиіс екені ерекше атап өтілді. Сот тек заңға сүйеніп әрекет ететіні және ешкімнің ықпалына түспейтіні айтылды.

Сот процесіне араласып, тергеу барысына ықпал етуі мүмкін арандатушылық сипаттағы пікірлердің көбеюіне байланысты блогерлер мен басқа да азаматтарға үндеу жасалды. Онда:

«Сотқа қысым жасауға немесе үкім шықпай жатып дәлелсіз сын айтуға жол берілмейді. Мұндай пікірлер сот әділеттілігіне нұқсан келтіріп, құқықтық мемлекетке қауіп төндіреді», – делінген.

Сот өкілдері сот процесінің ашық жүріп жатқанын және түпкілікті шешім тек заң мен нақты дәлелдер негізінде шығарылатынын қадап айтты. Сотқа деген сенім мен құрмет — кез келген құқықтық мемлекеттің іргетасы екені тағы бір мәрте ескертілді.

Тегтер: