Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:15, 27 Мамыр 2025

Шешен белсендісі Мансур Мовлаев Қазақстаннан баспана іздеуші куәлігін алды

Мовлаев
Фото: ашық дереккөз

Шешен билігін ашық сынға алған және отанына экстрадицияланудан қауіптеніп, Қазақстаннан саяси баспана сұраған Мансур Мовлаевқа қазақстандық билік баспана іздеуші тұлға куәлігін берді.

Бұған дейін туған жерінде қылмыстық қудалауға ұшырап, Ресейде федералдық іздеуде жүрген Мовлаев мамыр айында Қазақстан халқы мен шешен халқына ашық хат жолдаған еді. Ол хатында отандастарының оны ашық қолдай алмайтынын, себебі олар да қысымға ұшырауы мүмкін екенін жазды. Сонымен қатар Қазақстаннан қолдау табуға үміттенетінін жеткізді. Себебі егер ол еліне қайтарылса, өміріне қауіп төнуі мүмкін деп санайды.

Бірнеше күн бұрын қазақстандық бірқатар БАҚ Алматыда Мансур Мовлаевтың ұсталғанын хабарлады. Оның адвокаты Мұрат Адамның айтуынша, тергеу соты оны 40 тәулікке уақытша ұстауға санкция берген. Адвокаттың мәлімдеуінше, Мовлаевты Ресейге экстрадициялау оның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осы себепті адвокаттар Қазақстан билігінен оған саяси баспана беруін сұрамақ.

Бұған дейін Мовлаев әлеуметтік желілерде Шешенстанда оның ағалары Зелимхан мен Хамзаттың ұрланғанын, бұл әрекет өзіне қысым көрсету мақсатында жасалғанын жазған еді.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, Мансур Мовлаев 2020 жылы «есірткі құралдарын заңсыз сақтау және тасымалдау» бабы бойынша сотталған. Ол 2022 жылы бостандыққа шыққан. Алайда Мовлаевты қолдайтын чешен белсенділері бұл істің қолдан ұйымдастырылғанын айтып келеді. Түрмеден шыққан соң да Мовлаев қудалауға ұшыраған. 2022 жылы ол Қырғызстанға қашып барған, бірақ онда шекараны заңсыз кесіп өткені үшін сотталған. 2023 жылы «Настоящее Время» басылымының мәліметінше, ол Қырғызстаннан Ресейге депортацияланудан қорқып кеткен.

Тегтер: