Шешенстан билігі Кадыровтың ұлы Құран өртеген тұтқынды соққыға жыққанын мойындады
Бұған дейін БАҚ-та Волгоградта Құран кітапты өртегені үшін ұсталған Никита Журавелді Грозныйдағы тергеу абақтысында Шешенстан президенті Рамзан Кадыровтың 15 жастағы ұлы ұрып-соққаны жайлы ақпарат тараған.
Сол ақпаратты Шешенстанның ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев мойындады.
Адам Кадыров — түрлі спорттық жарыстардың жеңімпазы, атап айтқанда, «Время Легенд» бокс турнирінде жеңіске жеткен. Наурызда 15 жастағы Кадыров аралас жекпе-жектен ACA промоутерлік компаниясында бақ сынайтынын мәлімдеді.
«Журавел мен Рамзан Кадыровтың кездесуі қамауға алынған адамның өтініші бойынша өтті. Адам үнемі әкесімен бірге жүреді, ол бұл кездесуде болды. Адам Кадыров пен Никита Журавел оңаша қалғанда оны ұрып-соққан. Құқықтық елде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз, заң, конституция бар. Бірақ бұл жағдайда діни сезімдер, әдет-ғұрыптар да бар. Швециядағы, Даниядағы, Германиядағы, Америкада күнде Құран өртеп жатқан сатанистер біздің қолға түспейді. Міне, бір сатанист Шешен Республикасына ауыстырылып, Адам Кадыровтың қолына түсті», — деп келтіреді Baza басылымы Дудаевтың сөзін.
Айта кетейік, Волгоградта Құран өртеп жатқан Журавелдің видеосы 19 мамырда тараған. Екі күннен кейін полиция қызметкерлері оның Украинаның аннексияланған Қырымнан көшіп келген азамат екенін анықтаған.
Ресейдің тергеу комитеті бұл істі Шешенстанға беруді шешкен. Мамыр айының соңында Журавелді Шешенстанға жөнелткен.