«Шетел агентін» іздеп жүрген депутатқа араша түскен күн

Мәжілістен шағын репортаж
Арагідік дау тудыратын мәселе болмаса, мәжілістегі отырыстың бәрі бір сарында өтетіні әмбеге мәлім. Парламенттің төменгі палатасы бұл жолы да өз дағдысынан жаңылмай, көз үйренген баяу екпінімен өтті. Тек соңғы депутаттық сауалында халық қалаулыларының ел қамына қатысты мәселе көтеретін әдеті бар-тын. Бұл жолы да бір депутат елден ерек шығып, ел қамынан гөрі, өз әріптесінің әділетсіз шетқақпайға ұшырағанын айтып күйінді.
Мәжіліс мінберіне алдымен шыққан сыртқы істер министрлігінің орынбасары Ахан Рахметуллин депутаттарды заң жобасымен таныстырған еді. Ол «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың ҚР аумағында болу шарттары жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде баяндаған. Қалыптасқан әдет бойынша, баяндамадан соң депутаттардан сұрақ қойылып, баяндамашы жауап береді.
Осы жерде депутат Наталья Дементьева хатшылық қызметкерлерінің табысы неліктен салықтан босатылатынын сұрады. Қағаздан оқып берсе де тілі жатық, көз салып қарамаса, сауалды өзге ұлт өкілі жолдап отырғаны сезілмей де кететіндей. Жалпы ол Наталья Григорьевна әрдайым сұрағын қазақша қойып отырады. Ал одан соң араға бір адам салып барып Айдос Сарым сауалын Наталья ханымның ана тілінде қойды. Сұрағы хатшылық қызметкерлерін әскерден босату мәселесіне қатысты еді, бірақ мәселенің мазмұнынан гөрі тілі назар аударды. Нағыз ел тілінде сөйлейтін адам деп сенім артылатындардың бірі осы депутат деп жүруші ек. Мүдіріп болса да сөйлеп тұрған баяндамашыны қинағысы келмеді ме екен, о жағы өзіне аян. Оның алдында Еркін Әбіл де сөйткен. Хатшылықтың қор мен өзге де қаржы механизмдерін құру мүмкіндігі жайында білгісі кеп, негізі орысша сұрауды бастаған сол.
Нартай (Аралбайұлы) Сәрсенғалиев ана мен бала өліміне ашынып: «Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады Қазақстанда» деп салды. Теңеу-метафоралары болмаса, көтерген мәселесіне сөз жоқ. Соңғы 6 жылдағы қайғылы жайттар статистикасын біраз зерттепті.
Бәрінен қызығы, депутат Магеррам Магеррамовтың сөзі болған тәрізді. Әріптесі һәм партияласы Ирина Смирнованың қоғамның теріс талқысына түсуіне шағым білдірді. «Шетелдік агенттер» туралы заң жобасын бізде де қабылдау керек деп бастама көтерген Смирнова шынымен қоғамда, баспасөз беттерінде қатты сынға ұшыраған. Депутаттың айтуынша, қазақ қоғамы сынаймын деп жеке басқа өтіп, мазаққа айналдыруға дейін жетіпті. «Өз сөзім өзімдікі» демекші, Ирина ханым мәселе қып көтерген соң ауыртпалығын да өзі көтере ме деп едік. Дегенмен «Халық партиясы» фракциясының жетекшісі ретінде Магеррамов ақпарат құралдары мен әлеуметтік желідегі келеке енді тоқтамаса, заңмен жауапқа тарттырамыз деп бекініп отыр.
Ерімбет Көлдейбек