Шетелден іздеген ота елімізде жасалады
Үкіметтің 2021 жылдың 12 қазанда қабылдаған қаулысымен «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы әрбір ел азаматтары үшін сапалы және қолжетімді екені белгілі.
Ел тұрғындарының денсаулығын нығайтуды көздеп отырған ауқымды жоба сапалы әрі жедел медициналық көмекті қажет етеді.
Қарағанды облысындағы Х.Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада заманауи қондырғыларды қолданысқа енгізудің нәтижесінде шетелде жасалатын күрделі оталарды меңгеруге мүмкіндік туған.
— Бұдан 3-4 жыл бұрын ортопедия саласындағы буын оталары теріні кесу арқылы жүзеге асырылатын. Соңғы үлгідегі технологияның көмегімен буынның бір бөлігіне ота иненің жасуындай тесік арқылы жасалады. Бұл процесс бастан-аяқ бірегей қондырғының экраны арқылы бақыланады. Операциядан кейін науқас 5-7 жыл буындағы ауруды сезбейтін болады. Клиникада қазір буынның барлық түрлеріне ота жасау кең қолданысқа енгізілді. Сонымен қатар ортопедияда иық ауыстыру дендей бастады. Өткен жылы жалпы буын ауруларына 22 ота жасалды. Әлемдегі ахуал тұрақты болса биыл да осындай көрсеткішті бағындыру ойда бар. Қыркүйек айында күрделі ота жоспарлап отырмыз. Ол «бұғананың акроминальды ұшын қалыпқа келтіру» деп аталады. Айта кетерлігі, бірнеше дене жарақатымен түскен ауыр жағдайдағы науқастарға кейде екі саланың отасын қатар жасаймыз. Көбіне омыртқаның балта сүйектерін қалпына келтіруге арналған отаны ортопедтер мен нейрохирургтер бірігіп атқарады. Бір ай бұрын аурухананың нейрохирургтері эпилепсияның ауыр түріне оталау тәжірибесін енгізді. Қысқаша айтқанда, мидың жартышарын тамырларымен ажыратты. Мұндай операцияны отандық нейрохирургия саласындағы тұңғыш туынды десе болады. Клиникада сондай-ақ бала денсаулығын қорғауға ден қойылған. Түркістан облысында пойыздың астына түсіп, екі аяғының бұлшықетін терісімен сыдырып алған балаға бірнеше сатылы ота жасалды. Қазір жас өскін өз аяғымен қиындықсыз жүріп тұрады. Ата-анасының айтуынша, еліміздің көптеген клиникаларында мұндай ота жасалмайтындықтан, шетелге шығуды жоспарлаған. Клиника дәрігерлерінің біліктілігі арқасында Ұлытау, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай облыстарынан келген науқастар портал арқылы ем алу мүмкіндігін иеленген. Топшылай келгенде, мұның бәрі мемлекеттің халық денсаулығына туғызып отырған шарапаты, –дейді Х.Мақажанов атындағы көпбейінді клиникалық аурухананың травмотология саласының жетекшісі, ҚМУ-дың хирургия кафедрасының меңгерушісі, білікті дәрігер Берік Төлеубаев.
Төрт жыл бұрын қабылданған ұлттық жоба емделушілердің әлеуметтік кепілдігі мен жеке жауапкершілігіне негізделген. Маңызды қаулыда халықты медициналық көмекпен қамту деңгейін 2025 жылы 80 пайызға жеткізу межеленген. Аталған жобаны тиянақтауға мемлекет қазынасынан 3,6 трн теңге бөлінген.