Шетелдік тәжірибе дәрігерлер үшін маңызды
«Дені сау ұлт» жобасы аясында ана мен бала денсаулығын қорғау алғашқы орынға қойылған маңызды міндеттің бірі болып отыр.
Акушерлік және гинекологиядағы шұғыл жағдайлар ана мен перинаталдық сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің негізгі себептері болып табылады.
Жыл сайын мұндай мәселеге денсаулық сақтау саласы мұқият назар аударып келеді. Ерте мерзімді диагностика жасау, сырқаттың алдын алу шараларын жүргізу, емдеудің жаңа тәсілдерін қолдану кешенді түрде жүргізіліп келеді. Қазіргі кезде шұғыл жағдайларда кездесетін ауыр сырқаттарды емдеудің тиімділігі бірінші кезекте дәрігерлердің біліктілігіне байланысты. Жүйелі ем-дом көрсету үшін дәрігер біліктілігімен қоса стационарда қажетті жағдайлардың болуы, міндеттерді нақты бөлуге және медициналық персонал жұмысының үйлесімді болуы маңызды. ҚОДСБ Республиканың жетекші мамандарын тарта отырып, Қарағандыда «Перинаталдық орталықтардың жұмысын ұйымдастырудың өзекті мәселелері. Шетелдік тәжірибе» атты семинар-тренинг ұйымдастырды. Халыққа медициналық көмек көрсетуде күнделікті жұмыс істеу үшін нормативтік-құқықтық актілер мен босану қызметінде көмек көрсету стандарттарын білу дәрігерлер үшін қажет. Сондықтан дәрігердің әр күні ізденіске толы өзін-өзі дамытуға да олар уақыт табады. Медициналық білім біліктерін дамыту мақсатында медицина қызметкерлері тұрақты негізде өз біліктілігін арттырып отырады және алынған ақпаратты меңгеруі үшін аттестаудан өтеді. Емханалар мен стационарлық қызметтің сабақтастығы жүкті әйелдерге, босанған әйелдерге медициналық көмек көрсетуде маңызды орынға ие болады. Ана мен бала денсаулығын қорғау үшін қызмет ететін медицина саласын жаңғырту демографияны өсіруге септігін тигізері сөзсіз. Осы орайда ақ халатты жандардың шетел мамандарының қолданып жүрген әдіс-тәсілін үйреніп меңгеруі дәрігерлік жұмыстарын оңтайландыра түседі. Қарағандылық дәрігерлерге Ресей Федерациясының денсаулық сақтау министрлігінің маманы, жоғары санатты анестезиолог, реаниматолог дәрігер Светлана Ионушена дәріс өткізген. Көрші елден келген маман ана мен бала денсаулығын сақтауға қатысты өз елдерінде қандай іс-тәжірбиелерді көп қолданатынын айтып өтті. Медициналық қызметкерлер әр уақытта тәжірибе алмасып, біліктілікті арттырып отырудың артығы болмайды деді.