Шетелдік үш банк үш қызға тойтарыс бере ала ма?
Елімізде қазір 21 банк бар. Олардың 12-сінің үлесі шетелдік. Кооперативті несиелендірумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен елде тек бірді-екілі ірі банк қана айналысады.
Енді бұл ортада бәсекелестікті арттыру үшін шетелден сенімді үш банк келетін болды. Әзірге ол банктер белгісіз.
Турасын айту керек, қазақстандық екінші деңгейлі банктер кәсіпкерлердің жобаларын қаржыландырып, өндіріс пен банк арасында байланыс орнатуға келгенде өте сараң. Бұл мәселе үкімет қабырғасында да қанша айтылды, қоғамда да біраз талқыланды. 2022 жылы елдегі банктердің таза түсімі 1,5 трлн теңгені құрапты. Бірақ түсімі мол болса да олар өз ұстанымынан қайтпайды. Мемлекет банктерге «бизнеске арзан несие беріңдер» деп қолқа салса да, бұған құлақ асатын банктер көрінбейді. Ақыры үкімет түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін амалдың жоқтығынан Ұлттық қорға жармасады. Біз неге екінші деңгейлі банктерді экономиканы қаржыландыруға қоса алмай отырмыз? Өзінің бас пайдасын ғана ойлайтын, не үкіметке, не қарапайым халыққа пайдасы жоқ банктерден қалай құтыламыз? Біздегі банктер неліктен өле жегенше бөле жеуді білмейді?
Банк секторының маманы, экономист-сарапшы Дәурен Арын былай дейді:
«Елдегі банктер өз жұмысын бастағалы бері тек қарапайым халыққа жоғары пайызбен несие беруді ғана меңгерді. Қандай да бір кәсіпорынды қаржыландыру, олардың жобасына қаражат салу біздегі банктерде жоқ. Өзім оқып білім алған Токионы мысал етейінші: Жапонияда мемлекеттік емес, екінші деңгейлі банктер кәсіпорындарды қаржыландыруға өздері қызығады. Олар менеджерлерін «арнайы өндіріс орындарына жіберіп, ол кәсіпорынның қандай мәселесі бар, іске асыра алмай жатқан нендей жобалары бар. Оны қаржыландырсақ, қандай пайда табамыз» деген сауалдарға бас қатырады. Мысалы, өткенде Жапониядағы танымал банк Japan Post Bank Co.LTD сынбайтын терезе шығаратын жекелеген өнертапқыштың жобасын қаржыландырды. Осылай олардың нарығында мүлдем сынбайтын, сапалы терезелер пайда болды».
Міне, өзге елдің банктері өндіріс пен ғылымның арасында мықтап байланыс орнатады. Тіпті жапон банктерінің менеджерлерінің сапында танк шығаратын зауыттарға дейін барғандары бар екен.
«Өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде Жапониядағы Mizuho банкінің қаржылық тобының танк шығаратын зауыттарға барып, олардың өндірістік қабілетін зерттеп, арнайы күнделік жазып, талдау жасағанының куәсі болдым. Ол танктерді мемлекет сатып алса қанша түсімге шығатынын есептеп тұрып, кеңесте басшылығының алдына ұсынды. Қазір сол банк осы жобаны қаржыландырып, танк шығаратын өндіріспен тығыз байланыс орнатып, пайдаға кенеліп отыр. Бізде мұндай банктер мүлдем жоқ қой», – дейді Дәурен Арын.
Біздегі екінші деңгейлі банктер осы уақытқа дейін шетелден қарызды 2 пайызбен ғана алып, ол қаражатты халыққа 22, 24, 28 пайызбен несиеге беріп келді. Бүгінде қазақстандықтардың банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы қарызы – 21 трлн теңге. Қазір жұмыс істеуге қабілетті адамдардың үштен екісі банкке қарыз. Елде еңбекке араласып жүрген 9,23 млн адам бар десек, оның 7,5 миллионының банк алдында берешегі бар. Бұл мәселені шешуге банк секторын басқарған бас банкирлер де асықпады. Күні кеше Тоқаевтың жолдауынан кейін елдегі тағайындаулар легіне ілесіп, орынтағымен қоштасқан экс-бас банкир Ғалымжан Пірматовтың да шеше алмай кеткен мәселесінің бірі осы еді. Пірматов ең алғаш бас банкті басқаруға келгенде «менің мақсатым – халықты жинақтаушы ету» деген болатын. Дегенмен ол бұл мақсатын орындады деп айта алмаймыз. Оның кезінде үкімет «Қазақстан азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылдады. Бірақ бұл заңның да қазір несиесін төлей алмай жүрген 1,5 млн халықты жарылқай қойғаны шамалы. Сарапшылар «бұл заң, керісінше, халықты кедейшілікке, өзін-өзі кедей ғып көрсетуге үндейді», – дейді.
Қаржыгер Тоғжан Шаяхметова да осыған ұқсас пікір айтады.
«Алысқа бармай-ақ, өзімді мысал етейін. Мен де осы қарапайым халықтың бірімін. Мойнымда 5 млн несием бар. Осы заңның пайдасын көрейін деп ойладым. Бірақ банкрот болу үшін жеке көлік, үй, тіпті жұмысың да болмауы керек. Ең қызығы, банкрот болғаннан кейін де басыңда үш жыл бойы үй болмауы керек, жеке көлік, жылжымайтын мүлік иемденуге де құқың жоқ. Заңның талаптары қарапайым бұқараны жақсы өмірге лайықсыз етеді. Банкроттыққа дейін де, кейін де басыңда ештеңе болмау керек. Тек қана банктен алған 5 миллионнан астам несиең болуы керек. Бұл халықты тығырықтан шығаратын жол емес, керісінше, тереңге батырып жіберетін, кедейшілікке бастайтын жол», – дейді.
Қаржыгер екінші деңгейлі банктерді нарықта саңырауқұлақша қаптата берудің қажеті жоқ дейді. Осыған дейін бұл банктер экономиканы әртараптандыруға, әлеуметтік саланы қаржыландыруға ат салыспады. Тіпті бұл банктердің арасында мемлекеттен арнайы жобаларға қаржы алып, оны соңына дейін жеткізбей, бас тартқан банктер де бар. Қазіргі тұрғын үй құрылысына қатысты, тұрғын үй ипотекасына байланысты мемлекеттен қаражат алған банктердің дені осылай қулыққа басты.
«Ал енді Еуропа мен Араб елдерінен үш банктің келуі бәсекелестік орта тудырып, жағдайды өзгерте қояды деп айта алмаймыз» дейді. Үш банктің елге келуі сол банктерге ғана жағдай туғызып беруі әбден мүмкін. Мамандар бұған қатысты мына тұрғыдан күмәнданады: мысалы, Еуропа және Араб елінде, жоғарыда біз мысал еткен Жапонияда, көршілес Қытайда банктер 2 немесе 5 пайызбен халыққа несие береді. Олардың үкіметінің банктерге қояр талабы қатаң. Бірақ олар біздің елге келгенде бұл талапты сақтай қоюы неғайбыл. Кәсіпкерлерге де өз елдеріндегі сияқты елпілдеп, арзан несие бере қоймайды. Себебі Қазақстандағы заң солқылдақ, талап жұмсақ.
Өз кезегімізде бұл сауалды біз Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға да қойып көрдік. Әбілқасымова: «шетелден банктер келсе, несие арзандайды» деп кесіп айтуға болмайды деп отыр.
«Бұл жерде ең алдымен базалық мөлшерлеме туралы сөз қозғау керек. Ол ақша нарығындағы ақшаның қанша тұратынын білдіреді, Яғни базалық мөлшерлемеге байланысты депозит пен несиенің қанша пайыз болатыны анық көрсетіледі. Қазір оның мөлшері – 16,5 пайыз. Депозит бойынша кірістілікті арттыру үшін салған сомаңызға 16-17 пайыз қосқанымен, несие бойынша да пайызды банктер көтереді. Жаңа банк келсе де базалық мөлшерлемеге қарайды. Егер шетелдік банк келсе, басқа мөлшерлеме бойынша ақша береді деп сенуге болмайды», – дейді Әбілқасымова.
Қазақстанда осы уақытқа дейін өркениетті банк жүйесі құрылған жоқ
Біз тақырыпқа қатысты банк секторында қызмет еткен, экономика ғылымының докторы Жұмаділдә Баяхметовке сауалдарымызды қойдық:
– Жұмаділдә мырза, Қазақстанға Еуропа елдерінен банктердің келуі бізге не береді? Мұнымен бәсекелестік орта қыза ма?
– Біз отандық банктерді қанша жерден сынағанымызбен, олар ұлттық қаржы секторының негізін қалады. Ең өкініштісі, сол негіз қаланған тұста қателік жіберіп алдық. Бізде жабайы жекешелендіру болды. 1999 жылдары қолында қаражаты бар коммерсанттың бәрі банк аша бастады. Елде осыған жол берілді. Олардың қаржы саласынан еш хабары жоқ болды. Ең алғаш қазақстандық нарықта екінші деңгейлі банктердің саны 200-ден асты. Ал қазір содан қалғаны – 21 ғана. Үкімет сол бастапқы іргетасы қаланып жатқанда банк секторына қатты мән беруі керек еді. Талапты күшейтіп, олардың резервте тұратын қаражатын молайтуын бақылау қажет еді. Банктерді бірден өндірісті қаржыландыруға үйреткенімізде қазіргідей бармақ тістеп отырмайтын едік. Сол бірінші кезеңнен бастап біздегі банктер тек халыққа аспандаған пайызбен несие берумен айналысты. Қазақстанда осы уақытқа дейін өркениетті банк жүйесі құрылған жоқ. Ұлттық банк талапты күшейту керектігін енді-енді түсініп, жаңадан ғана өркениетті банк жүйесіне ұмтылып келеді. Бұған дейін банктерді экс-президент Назарбаевтың айналасында жүргендер басқарды. Олар жекелеп байыды. 2010 жылға дейін Дариға Назарбаеваның «Нұр банкте» үлесі болды. Одан кейін ол мәжіліске кеткеннен кейін «Нұр банкті» ұлына тапсырды. Бұл банк мемлекеттен миллиардтаған қолдау қаржы да алды. 2020 жылдары банктің акциялары Ұлттық банкке өтті. Сосын Нalyk Bank. Қазақстандағы бүкіл банк активтерінің үштен бірі осы банктің меншігінде. Бұған Тимур және Динара Құлыбаевтар (Назарбаева) иелік етіп келді. Өткенде халықаралық қаржы орталықтары бұлар осы банктегі үлесін акциялардың пакетін сатудың нұсқаларын қарастырып жатқанын хабарлады. Назарбаевтың кенже қызы Әлияның отандық банктерге қатысы бары айтылмайды. Бірақ былтыр Әлия Назарбаева елден 300 миллион долларға жуық қаражатты алып шығып, швейцариялық жекеменшік «CBH Bank» банкінің 51 пайыздық ақшасын алу үшін 108 миллион доллар инвестиция құйғаны жайлы ақпарат тарап кетті. Ұлыбританияның соты Әлияның сыртқа осыншама қаражат шығарғанына баса назар аударды. Қазір антикор Әлияның әлеуметтік маңызы бар бастамаларды дамыту қорын тергеп жатыр. Аленді шетелден үш банк келе қалып, бұл құрсауды бірден бұзады деу қисынсыз. 2010 жылдан бері елге шетелден банктер келмепті. Келсін, көрелік. Бірақ оларға деген талапты күшейткен абзал.
– Сонда сіз талапты, заңды күшейтсек, өркениетті банк секторына бір табан жақындаймыз дейсіз ғой?! Онда неге үкімет пен Ұлттық банк осы салаға қатысты пәрменді заң қабылдауға асықпай отыр?
– Ресей банктері қазір де елімізге келіп орнығып алды. Олардың активтері де әжептәуір. Бірақ оларды «экономикамызға инвестиция салып, бізге жаны ашыды» деп айта алмаймыз. 90-жылдардың орта тұсында «Альфа» банк – 1,5 млн доллар немесе сол кездегі айырбас бағамына сай 80,1 млн теңге ғана капиталы бар қазақстандық филиалын ашты. Насихаты өктем болуы, жарнаманы кең жүргізуі, билікпен тіл табысуы арқасында тез байыды: 2007 жылы активі 25 миллиард теңгеге жетті. 2010 жылы активі 70 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Қазір одан екі есе. Сондай-ақ бүгінде қазақстандық жеке тұлғалар мен компаниялар 1 триллион 888,5 млрд теңгесін Ресейдің «Сбербанкінде» сақтайды екен. Ресейдің ВТБ банкі (ВнешТоргБанк) де бар. Тізе берсек, өте көп.
Бизнесті несиелендіруге келсек, ол жыл өткен сайын құлдырап барады. Ұлттық банк биыл жыл басынан бері базалық ставканы төрт мәрте көтерді, соның салдарынан бизнестің несиеге алатын ақшасы да азайды. Халыққа берілетін несиенің пайызы да қымбаттады. Елге шетелдік банктер келсе, одан қауіп жоқ деп, арқаны кеңге салуға тағы болмайды. Біріншіден, ақша шетелге кетеді. Екіншіден, Қазақстан азаматтары мен кәсіпорындар ол банктерден несие алады ғой. Демек, олардың шетел алдындағы қарызы өседі. Үшіншіден, шетелдік компаниялар да сол банктерді желеу етіп, елге келе бастайды. Олар елге еніп, қазақстандық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құрады. Ал мұның артында шетелдік компаниялардың отандық компаниялардың табысын аузынан жырып әкету қаупі де тұр. Қазір біз Ресеймен бірлескен кәсіпорындар құрдық. Ресейде ахуал қиындаса көрші елмен бірлескен кәсіпорындардың да жағдайы қиындайды, табысы төмендейді. Міне, мұның астарында осындай мәселелер жатыр. Сондықтан шетелдік, ресейлік және басқа банктерге талапты күшейту керек. Заңды қатайту қажет. Біздің өзіміздің банктерді үкімет экономиканы әртараптандырға міндеттеу керек.
— Пікіріңізге рақмет!