Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:03

Шетелдік ұйымдастырған алаяқтық топ 21 азаматқа 125 миллион теңге залал келтірді

қылмыс
Фото: из открытых источников

Түркістан облысы прокуратурасының арнайы прокурорлары Қазақстан аумағында шетелдік азаматтың ұйымдастырған алаяқтық тобына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы (“Алаяқтық”) және 262-бабы (“Ұйымдасқан топты құру және оған қатысу”) бойынша қаралды.

Тергеп-тексеру барысында анықталғандай, 2024–2025 жылдар аралығында күдікті интернет және телефон байланысын пайдаланып алаяқтықпен айналысатын қылмыстық топ құрған. Нәтижесінде 21 азаматқа жалпы сомасы 125 миллион теңгеден астам материалдық залал келген.

Алаяқтар өздерін пошта ұйымдары мен байланыс операторларының қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардың атына несие рәсімдеп, алынған қаражатты иемденген.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленушілерге 20 миллион теңге қайтарылды. Сонымен қатар, күдіктілердің үш автокөлігін бұғаттау шарасы қолданылды. Қалған залал сомасы сот тәртібімен мәжбүрлеп өндірілетін болады.

Қазіргі уақытта 20 күдікті қамауға алынды, ал 2 күдіктінің халықаралық іздеуде екені хабарланды. Қылмыстық істің тергеп-тексеру кезеңі толық аяқталды.

Тегтер: