Шеттегі қазақты елге қалай оралтамыз?
Үкімет қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы мазмұны» деп аталған құжатында мынадай жолдар бар: «Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстан әлемдік қауымдастықтың жаһандану үрдістеріне жауап беретін және көші-қон ағынын ұлттық қауіпсіздікті нығайту, демографиялық ахуалды жақсарту және елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы мүддесінде пайдалануға бағытталған өзіндік көші-қон саясатын жүргізе бастады».
Осыған сай, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еліміздің халық өсімі қарқынды оңтүстік облыстарынан солтүстікке көшіруді қолға алған. Қазақстанның ұлан-байтақ жерінің тұрғындары біркелкі орналаспағаны анық: ауа райы жайлы оңтүстік өңірлерде тығыз, ал қысы қытымыр ұзақ, жазы қысқа да салқын солтүстік аймақтарда халық сирек. Сондықтан мемлекет оңтүстік аймақтан солтүстікке көшуге ыңғай білдірген адамдарды ынталандыру үшін қоныс аударушыларға ақшалай көмек те береміз деді.
Дұрыс делік. Бірақ осы саясатты жүзеге асыру бағытында талай проблемалар (саяси, материалдық, психологиялық және т.б.) туындайтыны дау тудырмас. Алдағы мәселелерді атап өтіп, оларды қалай оңай да ұтымды жеңу керектігіне көңіл бөлейік. Бірінші мәселе – көңілден шығатын қолжетімді жайлы баспана, үй-жай. Екінші мәселе – мерзімі үзілмес табысты жұмысқа орналасу. Үшінші мәселе – жерсіну (солтүстіктің аяздарына төзіп, орыс-қазақ менталитетіне мойынсыну және т.т.). Кейінгі жылдары Солтүстік Қазақстан облысына еңбек күші артық өңірлерден бірнеше мың адам көшіп барған. Алайда оның 7-8 пайызы кері көшіп кеткен. Себебі қоныстанушылардың біразына солтүстіктің қатқыл ауа райы жайлы болмаған, ал басқаларына тиесілі көмек көңілдерінен шықпаған.
Тақырыпты терең талдау үшін әуелі статистикалық мәліметтерге назар аударайық. Бұл цифрлар талай ой салатыны сөзсіз. Сонымен, әлемнің 206 елінің ішінде Қазақстан жер көлемі жағынан 9-орын алады, ал адам тығыздығы бойынша 220-шы орында. 2021 жылдың маусым айында елдегі тұрғындар саны 19 миллионнан асып отыр. Қазақстан бес мемлекетпен шекаралас, соның ішінде әлемдегі, құрлықтағы ең ұзақ шекара – солтүстігінде Ресеймен 7512 шақырымды құрайды. Қазақстан Республикасының Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград, Саратов, Самар, Оренбург, Челябі, Курган, Түмен, Новосибир облыстары және Алтай өлкесі мен Алтай Республикасымен шекаралас. Қазақстанмен жапсарлас мемлекеттердегі қазақтардың санына көңіл бөлейік. Ресей мемлекетіндегі қазақтар саны 1 миллионға жуық, Қытайда 3 млн, Өзбекстанда 1,5 миллиондай, ал Моңғолияда – 150, Қырғызстанда – 40, Түрікменстанда 20 мыңдай қазақ бар. Қазақстан халқының басым бөлігін, 13 миллионға жуық тұрғылықты қазақ халқы құрайды, үлесі 70 пайызға шамалас, 2-орындағы орыстар 3,5 миллионға жуық, олар 18 пайыздан асады.
Ішкі көші-қон саясаты мен тәсілдері түсінікті болғанымен, осы мәселелерге орай, сыртқы қарым-қатынас саясатына да назар аударайық. Солтүстік облыстарда орыс халқының пайыздық үлесі басым екені статистика мәліметтерінен белгілі. Онымен қоса, олар шекараның сыртында нөпір жайғасқан ағайындарын арқа тұтады. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударып жатқан жерлестерімізге әрі-бері жақтардағылар үркіне не тіксіне қарайтындардың аз еместігі айдан анық. Біреулері ашық айтар, біреулері іштерінен тынар. Тіпті астананың өзінде бірнеше дәмхананың атаулары «Понаехали» (қазақша «күтпеген келімсектер қаптады» деген түсінік береді) деп аталуы көп сырдың бетін ашып тұр. Орысша сөздің «келімсектер» деп кімді меңзеп тұрғанын әркім аңғармауы мүмкін. Кезінде мұндай атаулардың астарында қандай сыр жатқанын анықтамай, неге рұқсат берілген? Бұл заңға қайшы атау, ұлтаралық қатынасқа теріс, қиямпұрыс түсінік.
Ал Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі тығыз шоғырланып орныққан өзбектер саны 600 мыңнан асады, салыстырмалы түрде қарасақ, ондағы тұрақты қазақтардың санының үштен бірін құрап отыр. Өзбектердің өсімі өте жоғары. Олардан қазаққа тікелей қауіп болмас, бірақ өз ұлттық мүдделерін қорғайтыны хақ. Қайшылық сонда туады. Қазақстандық Қарабақ шиеленісінен Алла сақтасын. Шындықты бүгіп қалу қатерлі. Ауруын жасырған бейбақтың соңы немен тынатыны белгілі. Осыларды айта келе, ұлттық мүдде үшін ең тиімдісі – аталған мемлекеттердегі қазақтарды туған Отанына тарту. Әу бастан Ресей мемлекеті сырттағы орыстарды қомақты қаржылық көмек беру арқылы ынталандырып, өз еліне тарту тиімді саясатын тыңғылықты жүргізіп келгені белгілі. Өз Отанына қоныс аударуға бет алғандарды алаңдатып, қинайтын ең басты жайт – көздеген тұрақтану аймағында үй не пәтер сатып алу мәселесі. Әркімнің қобалжып, тартынатыны – қол жетпес қаржы көлемі, керек мөлшерде ақша тапшылғы. Егер Қазақстандағы орыстар мен Ресейдегі қазақтар үй-жайларымен алмасу үрдісі қолға алынса, екі жақтың да азаматтарына қолайлы да артық шығынсыз болары анық. Өзбекстанмен екі тарапқа да тиімді жер алмасу мәселесін қозғауға болады. Ал осы бағытта Ресей мен Өзбекстан мемлекеттерімен ұлтаралық тиімді шартқа отыруға болады. Сонымен қатар аталған мемлекеттерде үзілмес жағымды үгіт-насихат жұмыстарын қарқынды жүргізсе үлкен көштің жолы ашылары анық.
Бұл іс-шараның екі тараптағы қоныстанушы тұрғындарына да игілікті нәтижесі өте мол болары анық. Біріншіден, шет мемлекетте өмір кешіп жүрген қандастарымызды Қазақстанға қоныстандырсақ, халқымыздың саны күрт көбейіп, қазіргі саяси жағдайда қазақ ұлттық мүддесіне қосылған ауқымды үлес ретінде қаралып, тәуелсіздігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болып, еңсеміз көтерілетіні анық. Екіншіден, алпауыт Қытай, Ресей және тағы басқа мемлекеттердегі қазақтар қазақтығын мүлдем жоғалтып, үстемдігі басым үлкен халықтар арасына тез арада із-түзсіз сіңіп кету қаупі құпия емес. Ал Қазақстандағы қазақтардың өсімі бәсеңсіп қалғаны анық. Совхоздар мен колхоздар жабылғаннан кейін ауыл жұрты жаппай қалаға көшті. Ал қалаларда көпбалалы жанұя өте сирек кезігеді. Үшіншіден, қандастарымызды жапсарлас мемлекеттерден аталған шарттарды басшылыққа алып ішке тартсақ, мемлекет тарапынан материалдық шығындар жоқтың қасы болар еді. Сонымен қоса, жаңа қоныс тепкендер бұрыннан ауа райына бейімделген, өздеріне жағымды экологиялық ортаға орнығып, ешқандай қолайсыздық сезбей, менталитеті үйреншікті қауымға психологиялық егессіз оңай сіңісер еді.
Бәріміздің жадымызға қайырлы ортақ ұғым болып орнығатын, санамызға терең бойлайтын, жүрегіміздің түбінде саф алтындай сақталатын қастерлі қағидат, ол – кең-байтақ атамекенімізде қазақтың басы көбейіп, қуанышқа толы шынайы бақытты болашағы тек киелі де қасиетті туған Тәуелсіз Отанымыз – Қазақстанда ғана.