Ши төраға келе жатыр...
Әлемді коронавирус жайлағалы бері елінен сыртқа шықпаған Қытай басшысының алғашқы шетел сапары жайлы шетелдік БАҚ-тар біздің СІМ арқылы құлағдар болды.
5 қыркүйекте сыртқы ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров Ши төрағаның 14 қыркүйекте елімізге сапарлай келетінін мәлімдеді. 7 қыркүйекте Ресейдің Қытайдағы елшісі Андрей Денисов Си төрағаның Самарқанда өтетін ШЫҰ-ның кезекті басқосуында Путинмен кездесетінін шүйіншіледі. Қытай СІМ-нің өкілі бұл ақпар жайында білгісі келген тілші сұрағына өзінде ондай ресми ақпараттың жоқ екенін жеткізді. Қытай тарапының Ши төрағаның кезекті сапарын алдын ала дабыра қылмай, құпия ұстауының ішкі-сыртқы себептері бар екені айтпаса да түсінікті. Қытайдың кезекті ел басшысын жариялайтын 20 құрылтайы қазанның 16-ына белгіленді. Ши төрағаның қайта сайлануына әлі бір ай уақыт бар деген сөз. Ірі қалаларында карантинді сылтауратып, жүріс-тұрысты шектеді. Украина мәселесінде Путинге жақтас болуын батыстың айыптауы – Қытайды сақ қимылдауға итермелеп отыр. Қытайдың сақтығы қорыққанын білдірмейді. Өткен аптада Владивосток Экономикалық Форумына қатысқан Қытай Жоғары Кеңесінің төрағасы Ли Чжаншу Батыс санкциясына төтеп беріп келе жатқан Ресей экономикасына мақтау айтып, екі елдің барлық салада әріптестікті күшейтетінін айтты. Екі жақты сауданың рубль мен юані арқылы жүзеге асатынын тағы да қайталады. Путин өз кезегінде Еуропаға жөнелтіліп келген ресей газының енді Моңғолия арқылы Қытайға тасымалданатынын, бұл мәселенің егжей-тегжейін Қытай басшысымен Самарқанда болатын кездесуде талқылайтынын жеткізді.
Ши төрағаның елімізде, сондай-ақ Өзбек жерінде өтетін кездесулері негізінен энергия, экономика, геосаяси мәселе төңірегінде өрбімек. ШЫҰ-ның бұл жолғы отырысында Иранды ұйымға мүшелікке қабылдау мақсаты да бар.
Ши төрағаның Орталық Азияға сапарының дақпыртынан кейін АҚШ президенті Байден: «Демократияның бұрын-соңды болмаған қарсылыққа тап болып отырғанын» мәлімдеді. Ақ үй басшысы бұл сөзі арқылы Ресей-Қытай-Иран ынтымақтастығын меңзегені айдан анық.
Еуропа мен Ресейдің ортасына орналасқан Украина мен теңіз жолының торабына орналасқан Тайуан екі алып көршіміздің батыспен қақтығыс ошағына айналып отыр. Еуропа мен АҚШ Украинаға әскери көмекті көбейтіп, Тайуанмен байланысын жаңа саяси деңгейге көтеріп, өз позициясын нығайтуда. АҚШ конгресі Тайуанға қатысты дайындаған жаңа заң жобасын Ши төраға елімізге келетін күні, 14 қыркүйекте президенттің қол қоюына жолдайтыны мәлім болды. Онда Тайуанның АҚШ-тағы өкілдігіне консулдық мәртебесін беру, НАТО-дағы әріптестеріндей, мәміле жасау баптары бар екен.
Соңғы кездері Қытайдың мемлекеттік БАҚ-тарында: «Экономикада ішкі айналымға сүйену», «Жабық мемлекет» тақырыптары жиі талқыланатын болды. Тәуелсіз сарапшылар бұл Ши төрағаның кезекті бес жылдықта Дэн Сяопин негізін қалаған «Сыртқа есікті айқара ашу» бағытынан бас тартатынын білдіреді дейді. Ши төрағаның бұл жолғы энергия көздеріне бай Қазақстан, Ресей басшысымен кездесуі – соның дайындығы екен.
Айтып-айтпай не керек, Ши төрағаның алдағы сапары әлемдік геосаяси жағдайдың бұрылыс кезеңі болмақ.