Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:28, 18 Қаңтар 2023

Шиелідегі шетін мәселелер

None
None

Соңғы 4-5 жылдың көлемінде Сырдарияда жаз тұрмақ қыста да су аз болушы еді. Биылғы қыста дарияның суы мен сеңі шіреп тұр.

Яғни жоғарыдан Сырдарияға секундына 650 текше метр су түсіп жатыр. Бұл облысқа қауіпті. Мол судың түсуі сеңнен келетін қауіпті күшейтеді, өйткені арнасын жырып кетсе отызға жуық елдімекен су астында кетуі кәдік. Осыған орай аймақта тасқынның алдын алу үшін бөгеттерді күшейту, қауіпті сейілту жұмыстары жүріп жатыр.

Бүгінде Сырдариядағы сең Шиелі ауданында сіресіп тұр. Қауіпке алаңдаған жұрт бөгеттерді нығайту жұмыстарына қолғабыс беріп жатыр.

– Су тасқынын естіген соң ауыл азаматтары атсалысып жұмыс істеп жатырмыз. Су алып кетпесін деп ауылға көмек көрсетудеміз, – дейді Жөлек ауылының тұрғыны Асыл Мәліков.

Дариядағы мұздың қалыңдығы кей жерлерде 50 сантиметрге дейін жеткен. Оның үстіне күн бір суытып, бір жылып, жағдайды қоюландырып тұр. Төтенше қызмет мамандары қауіп жоғары елдімекендерде ескерту парақтарын таратқан. Жағдай ушықса, эвакуациялау жұмыстары жүрмек.

– Облыста 60 эвакуациялық жинақтау пункті және 78 эвакуациялық қабылдау пункті орналасқан. Талсуат елдімекені, КОПЭС саяжайы, барлығы 29 елдімекен тұрғындарына үгіт-насихат жүргізіліп жатыр, – дейді облыстық ТЖД  бөлім басшысы Бейбітхан Спанов.

Ал өзеннің жоғарғы арнасынан келетін судың көлемі алдағы уақытта секундына 700 текше метрден асады деген болжам бар. Яғни су тасқынының алдын алу үшін сақтық шаралары әлі де үздіксіз жүреді.

Сырдариядағы мол су дарияның арғы бетінде орналасқан ауыл адамдарын да әбігерге түсіріп отыр. Шиелі ауданындағы бірнеше елдімекен тұрғындарының орталыққа қатынауы қиындады. Себебі Сырдариядағы сеңнің кесірінен қалқымалы көпірлерді алып тастады.

Мәселен, Жуантөбе ауылына баратын жалғыз жол дариядан өтеді. Қалқымалы көпірі алынғалы ауыл тұрғындары әзірге аудан орталығымен қатынасы алмайды. Сондай-ақ жедел-жәрдем қызметі де қолжетімсіз болмақ. Тұрғындармен тек телефон арқылы ғана байланыс бар.

– Ауыл халқына алдын ала азық-түлік, дәрі-дәрмектерін, май-суын алып алулары хабарланып, екі күннен кейін көпір алынды. Ол ауылда ұялы телефон байланысы ұстайды, – дейді Жөлек ауылдық округінің әкімі Мейірбек Жолдасбек.

Бұланбай ауылында да Шиеліге баратын 40 шақырымдық төте жол жабылып, енді тұрғындар аудан орталығына көршілес Жаңақорған ауданы арқылы, үш есе ұзақ жолмен қатынауға мәжбүр.

– Байкенженің жолы анау. Көлік те жүре алмайды. Барған көліктеріміз қирап қалып жатыр. Үйде қан қысымымен есепте тұратын келінім бар. Енді соның тілеуін тілеп, қарап отырмыз. Егер бір жағдай болып қалса, ол жаққа жеткізудің өзі қиын боп тұр ғой, – дейді ауыл тұрғыны Күлпаш Бәкірова.

Жалпы Бұланбай ауылында күрмеулі мәселе көп. Клуб, пошта, медициналық бекет ғимараты ескіріп, тозығы жеткен. Әйтеуір биыл көптің талабымен жаңа амбулаториялық бекет құрылысы басталады екен. Ал өзендегі қалқымалы көпір сең жүріп өткеннен кейін қайта орнатылмақ.

– Қоғамдық көлік ауылдан азанда сегізде шығып, Шиеліге барып, кешкі төртте осы Қарғалыға қарай қатынайды. Жедел жәрдем көлігі биыл егерде ауданға бөлініп жатса, бізге бір көлік беруге келісіп отырмыз, – дейді Қарғалы ауылдық округі әкімі Қайрат Барманқұлов.

Дарияның арғы бетіндегі ауылдар осылайша күй кешіп отыр. Олармен орталықты байланыстыратын жаңа көпір салу үшін биыл жобаның техникалық-экономикалық құжаты дайындалады дейді жауаптылар. Бұл жоба әлі қағаз бетіне түсіп, дарияға көпір іргетасы қаланғанша арғы беттегі ағайынға сабыр мен төзім тілейміз.

Тегтер: