Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:47, 17 Ақпан 2025

Шығыс Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды

Нұрымбет Сақтағанов
Нұрымбет Сақтағанов. Фото: gov.kz

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 14 ақпанда Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған болатын.

Нұрымбет Сақтағанов 1970 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы 172 орта мектепте мұғалім болып бастаған. Осы жылдар ішінде мемлекеттік қызметте, оның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерді атқарды.

2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімінің басшысы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.

2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, Ұлан ауданы мен Семей қаласының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

2021 жылдың ақпанынан 2022 жылдың маусымына дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі болды.

2022 жылғы маусымнан 2023 жылғы қыркүйекке дейін Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

2023 жылдың қыркүйегінде Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған.