Шығыс Қазақстан тұрғынының уақыт белдеуін өзгертуге қарсы шағымы қанағаттандырылмады

Власть басылымының жазуынша, Кассациялық сот Қазақстан үкіметінің елді біріңғай уақыт белдеуіне көшіру туралы қаулысының заңдылығын растады. Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны әрі заңгері Серікжан Ахметжановтың шағымы негізсіз деп танылды.
Ахметжанов үкіметтің «Қазақстан аумағында уақыт есебін жүргізу тәртібі туралы» қаулысына енгізілген 2024 жылғы 19 қаңтардағы өзгерістерді заңсыз деп тануды талап еткен. Оның пікірінше, үкімет мұндай шешім қабылдауға өкілетті емес әрі жаңа құжат қабылдауға жеткілікті негіз бар еді. Ол сондай-ақ бұл өзгерістер астрономиялық уақытқа сәйкес келмейді деп уәж келтірген.
Алайда бірінші сатыдағы сот оның талабын қанағаттандырмай тастады. Кейін апелляциялық алқа да бұл шешімді қолдаған. Енді кассациялық сот та төменгі сатыдағы соттардың тұжырымдарын дұрыс деп таныды.
Сот шешімінде уақыт есебін жүргізу мәселесі үкіметтің құзыретіне жататыны көрсетілген. Бұған дәлел ретінде 2000 жылы құрылған «Уақыт пен эталондық жиіліктер жөніндегі ведомствоаралық комиссияның» жұмысы аталды. Сондай-ақ Конституцияның 69-бабына сәйкес үкіметтің қаулысы заң шеңберінде қабылданғаны айтылды.
Сонымен қатар сот үш жылдық талап қою мерзімі өтіп кеткенін атап өтті. Ал «құжаттың жартысынан астамы өзгертілді» деген уәжді дәлелсіз деп тапты.
Сот дерегінше, елді бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшіру шешімі үкіметтің ғана емес, қазақстандық ғалымдардың ұсынысына да негізделген. Астрофизика институты, Генетика және физиология институты, География және су қауіпсіздігі институты және басқа да ғылыми ұйымдардың зерттеулері бойынша, елдің 15 өңірі үшін (оның ішінде Астана, Алматы, Шымкент) ең қолайлысы – 5-белдеу.
Қазақстан 2024 жылғы 1 наурыздан бастап бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне өтті. Бұған дейін ел екі белдеуде (UTC+5 және UTC+6) өмір сүрген. Үкіметтің мәліметінше, бұл өзгеріс аймақтар арасындағы уақыт айырмасын жойып, бизнесті, көлік қатынасын және мемлекеттік қызметтердің үйлесімділігін арттыруға бағытталған.
Алайда шешім қоғамда сынға ұшырады. Шығыс өңірлерде күннің тым ерте шығып, ерте бататыны халықты алаңдатты. «Уақытты қайтару керек» деген петицияны министрлік қабылдамағанымен, мәжіліс депутаттары да мәселені көтеріп, үкіметті қосымша зерттеу жүргізуге шақырды.
Осылайша, кассациялық сот шешімімен уақыт белдеуін бірыңғайлау туралы үкімет қаулысы заңды деп танылды. Дегенмен, қоғамдағы пікірталас пен депутаттардың қарсылығы әлі де жалғасып келеді.