Шығыс Қазақстанда депутат 2 млрд теңге жымқырды деген күдікке ілінді

Шығыс Қазақстан облысында 2 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл қаражат 11 әлеуметтік нысанның құрылысына арналған болатын.
Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) ШҚО бойынша департаменті жүргізуде. Күдіктілер қатарында — «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары бар, ол Күршім аудандық мәслихатының депутаты.
Қай нысандар аяқталмай қалды
Мемлекет бөлген қаржы 7 аудан аумағында әлеуметтік маңызы бар ғимараттар салуға бағытталған еді. Атап айтқанда, бұл жобалар өңір халқының тұрмыс сапасын арттырып, спорт пен демалыс инфрақұрылымын дамытуы тиіс болатын.
Алайда тергеу мәліметінше, күдіктілердің заңсыз әрекеттері салдарынан:
-
4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмеген;
-
7 ауылда ауызсу тарту жүйесі іске қосылмай қалған.
Бұл елді мекендерде 20 мыңнан астам тұрғын тұрады.
2 миллиард теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған
ҚМА таратқан ақпаратқа сәйкес, ұрланған қаржы аффилиирленген компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Күдіктілер қылмыстық табыстарға Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, сондай-ақ «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» сияқты қымбат көліктер мен асыл тұқымды жылқылар сатып алған.
Қазір бұл мүліктерге сот санкциясымен тыйым салынған.
Күдіктілер қамауға алынды
Екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жалғасып жатыр.
Қаржылық мониторинг агенттігі істің өзге деректерін ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға болмайтынын мәлімдеді.