Шығыс Қазақстанда Марат Жыланбаевты қолдаған белсендіге айыппұл салынды

Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 56 жастағы Серік Ыдырышевқа 12 желтоқсанда полиция “тіркелмеген бірлестік қызметіне қатысу” бабы бойынша 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салған, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Айыппұл салуға себеп белсенді 7 жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевты қолдап желіде видео жариялаған. Бұл айыпқа Серік Ыдырышев келіспейтінін, өзінің ой-пікірін еркін жариялайтынын, бұл шешімге шағымданатынын айтты.
— Конституцияға сай, ой-пікірімді ашық жариялаймын. Заңсыз ештеңе істеген жоқпын. Айыппұл салу арқылы өзіме қысым көрсетіп отыр деп санаймын, — деді ол.
Белсенді "ескертусіз оқ ату" бұйрығын сынап, әрі марафоншының сотының жабық өтетініне келіспейтінін айтқан. Полиция белсендінің үйіне келіп, түсініктеме алған. Бұған дейін де белгілі болғандай Жыланбаевтың үкіміне наразы болып, Жыланбаевты қолдаған белсенділер де әкімшілік жазаға тартылды. Сонымен қатар, өткен аптада Астана соты қазан айында белсендіні қолдап, акция өткізгені үшін құқық қорғаушы, белсенді Сергей Измайловты 15 тәулікке қамалды.