Шығыс Қазақстанда заңсыз алтын өндіру фактісі әшкереленді

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында кезекті рет заңсыз алтын өндіру оқиғасы тіркелді. Тергеу мәліметінше, бір компания екі жыл бойы қажетті лицензиясыз өндірістік жұмыстар жүргізген.
Жер қазу кезінде заңсыз кәсіпорын Шыбынды өзенінің арнасын бұрып, ауыр техника қолданған. Бұл әрекет экологияға орасан зиян келтірген. Алдын ала есеп бойынша, табиғатқа тигізілген шығын 300 миллион теңгеден асып отыр.
Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, жүргізілген тінту барысында шамамен 7 келі алтын тәркіленген. Оның нарықтағы құны 382 миллион теңге деп бағаланды. Қылмыстық істің ұйымдастырушысы қамауға алынып, екі айға қамауда ұсталмақ. Қазір тергеу амалдары жалғасуда, өзге мәлімет әзірге жария етілмей отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Күршім ауданының Маралды ауылында заңды алтын өндіру жұмыстары төңірегінде дау туындаған болатын. Жергілікті тұрғындар өндіріс экологияға қауіп төндіреді деп алаңдаса, инвесторлар кейбір белсенділерді «алтын қазушылармен» байланысы бар деп айыптаған еді.