Шығыста Африканың лебі еседі
Қаңтары қаһарланып, ақпаны ақырып тұратын Шығыс өңірдегі Ұлан ауданында аптап ыстықтағы Африканың лебі есті.
Иә, таңғалмаңыз «Тоғанас» шаруа қожалығының иесі Есенбек Мүрсәлімов экзотикалық бағытты таңдауға ден қойып, түйеқұс өсіруге тәуекел етіпті.
Екі аналық және бір аталық түйеқұсты Түркістан өңірінен алдыртқанына он күннің жүзі енді болған кәсіпкердің тың бастаманы жүзеге асыруға ынтасы зор. Түйеқұстарға арнайы жылы қора дайындап, күтімі мен қорегін күнделікті қадағалап отыр. Алдағы уақытта инкубатор арқылы жұмыртқадан балапан шығарып, құс санын арттыру жоспарда бар. Болашақта түйеқұс етін өндіру бағытында да жұмыс жүргізу көзделуде.
«Түйеқұс – түсінген адамға тек сыртқы тұрқымен таңғалдыратын ерекше құс қана емес. Ол – күш пен төзімнің символы іспетті. Көпшілік арасында «басын құмға тығады» деген түсінік бар. Алайда бұл – шындыққа жанаспайтын миф. Қауіпті сезгенде түйеқұс жерге жата қалып жасырынады немесе сағатына 70 шақырымға дейін жүйткіп, көз ілеспес жылдамдықпен қашады. Ал жұмыртқасын қырық күннен астам уақыт басып шығарады.
Сонымен қатар, аталық түйеқұстардың айрықша қуатты болатыны да ескеруді қажет етеді. Қауіп төнген жағдайда олардың аяқ текпінінің қорғаныс соққысы өте қуатты. Сондықтан мұндай шаруашылықтың ісін қолға алғаннан кейін үнемі жауапкершілік пен сақтықты ұстануды үнемі ойлап тұрамын»,-дейді Есенбек.
Кәсіпкердің айтуынша, түйеқұс өсмірумен айналысу тек экзотика, сән үшін ғана емес, экономикалық әлеуеті жоғары кәсіп түрі саналады. Еті – диеталық әрі құнарлы, жұмыртқасы мен қауырсыны да нарықта сұранысқа ие. Бұл – төрт түлігін түлеткен ауыл кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндік, қызықты бастама екені даусыз.
Тыңнан түрен салған азаматының бастамасына отбасы да демеу болып отырғанын айта кеткен жөн. Жұбайы өмірлік серігінің әр идеясын қолдап, ортақ істің өрге басуына барын салып жүр.
Ұлан даласында басталған бұл қадам – ауылдағы кәсіпкерліктің жаңа тынысы деуге де әбден болады. Қыстың қақаған аязында Африка лебін сездірген түйеқұстар енді өңірдің тағы бір ерекшелігіне айналуы әбден мүмкін.
Сәтжан Қасымжанұлы,
Шығыс Қазақстан облысы