Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:06

Шикізаты жоқ үкімет «2030»ертегісіне әлі сенеді

Алмасадам Сәтқалиев
Алмасадам Сәтқалиев. Фото: Жас Алаш коллаж

Өткен аптада энергетика министрлігі Қазақстанда мұнай-газ химиясын жетілдіруге шикізат тапшы деген мәлімдеме жасады. Біз мұнайға бай мемлекетпіз деп жүргенде бұл жайттың құлаққа түрпідей тигені рас. Ойлаңызшы, мұнай-газ химиясын жетілдіруге елде шикізат жоқ.

Саланы басқарып отырған министр Алмасадам Сәтқалиев әдеттегідей бұл жолы да халықты айыптай сөйледі. Министрдің айтуынша, үкіметте гәп жоқ. Қазір Қазақстанда мұнай-газ химия саласында аса қымбат бірнеше жобалар жүзеге асырылып, газ өңдейтін зауыттар іске қосылған. Алайда олар шикізаттың тапшылығынан толыққанды жұмыс істей алмай отыр. «Себебі халық көгілдір отынды көп тұтынады. Өндірілген шикізат халықтың қажетін өтеуден аспай жатыр».

Негізінде, қолданыста жүрген «Газ және газбен жабдықтау» заңына сәйкес жер қойнауын пайдаланушылардың өндірген шикі газын және өңдеген тауарлық газын сатып алуда Қазақстан артық құқыққа ие. Бұл ретте біздің жер қойнауын пайдаланушылар шикізатты мемлекетке мейлінше арзанға сатады. Көгілдір отын құнына оны өндіруге, тасымалдауға, қайта өңдеуге кеткен шығын ретінде рентабельділік үстемақы ғана қосылады. Мысалы, «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да газдың 1 текше метрі шамамен 35 000 теңгеден болса, ал бұл компания ол газды QazaqGaz ұлттық газ операторына 11 837 теңгеге сатуға тиісті. Міне, осындай арзан газдың басым бөлігі Қазақстанның тұрмыстық және коммуналдық тұтынушыларына, автогаз тұтынушыларға, халыққа пропан газы ретінде тұрмыстық мақсатта жеткізіледі. Бұған қатысты энергетика министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, 2024 жылы жалпы республика бойынша өндірілген 28,8 млрд текше метр тауарлық газдың 65 пайыздан астамын халық тұтынған. Қалғаны экспортқа кеткен.

Елде мұнай-газ химиясын (МГХ) жетілдіруге шынымен де шикізат тапшы. Ал әлемдік мұнай-газ химия өндірісі жылына орта есеппен 3-4 пайыздық қарқынмен тұрақты түрде өсіп жатыр. 2023 жылы МГХ-ның әлемдік нарығының көлемі 590 миллиард доллардан асқан. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 780 миллиард доллардан асып жығылады деп болжануда. Өкініштісі, бұл саладан Қазақстан ұшан-теңіз пайда таба алмай отыр. Еуразиялық даму банкінің дерегінше, Қазақстан мұнай-газ өндіруші ел бола отыра, одан табыс табатын әлемдік көлемінің небәрі 0,1 пайыздық үлесіне ғана ие.

Сонда қайтпек керек? Елдегі мұнай-газ химиясын жетілдіру үшін халықты шөміштен қағып, «көгілдір отынды барынша аз тұтын» деп тағы айта алмайсың. Бүгінде қыстыгүні көгілдір отынның қысымы күрт азайып кететінін, осыған байланысты сапалы көгілдір отынмен қамтылмай отырғандарын, соның өзінде газ бағасы жыл сайын аспандап, қымбаттап бара жатқанын айтып шағынатын елдің қарасы көп. Ал үкіметтің халықты газбен қамтуға қатысты жоспары тіптен көп. Үкімет келер жылы республика халқының 62 пайызын газбен қамтимыз деп те уәде беріп қойған. Тек қана биылдың өзінде газдандыруды жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ үкіметтің іс-қимыл жоспары аясында қосымша 105,4 млрд теңге берілген.

Бұдан бөлек, үкімет мұнай-газ химия өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасын да әзірлеп тастаған. Ол карта аясында: мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемін 2023 жылғы 357,8 мың тоннадан 2030 жылға қарай 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайту; 14,7 млрд АҚШ доллары сомасына инвестициялар тарта отырып, шамамен 3,5 мың тұрақты және 16 мың уақытша жұмыс орнын құра отырып жобаларды іске асыру іспетті тамаша жоспарлар айтылған.

Табыстың көбі – шетелдікі

«Маңғыстаумұнай» компаниясын бірнеше жыл басқарған ардагер мұнайшы Меңдеш Салиховтың айтуынша, үкіметтен мыс-мыс қаражат бөлініп, қаншама жоспарлар құрылып, жол карталары жасалғанмен, елдегі мұнай-газ химиясы жуық арада жетіле қоймайды. Тіпті «өндіріс көлемін бес жылдың ішінде 357 мың тоннадан, 1,8 млн тоннаға дейін өсіреміз» деудің өзі күмәнді. Себебі біздегі мұнайдан түскен табыстың басым бөлігі шетелдік компаниялардың еншісінде қалып жатыр.

«Біз жобамен алғанда жылына 90 миллион тонна мұнай өндіріп отырмыз. Ал енді оның 80-85 пайызы шетелге – Қытай, АҚШ, Италия және басқаларына кетіп жатыр. Бізге қалатыны 15-20 пайызы. Білесіздер, мұнай өндіруде «ҚазМұнайГаздың» тиімділігін үлкен деп көрсетеді. Түптеп келгенде, оған «Теңізшевройл», «Қарашығанақтан» келетін үлесті де қосып есептейді. Біздегі мұнай кеніштерінің барлығы шетелдіктерге сатылып кетті. Кезінде мұнай саласын жекешелендіруге, кеніштерді шетелдіктерге сатуға қарсы болған едім. Жерастындағы елдің негізгі байлығын шетелдіктерге саттық та, қазір күніміз соларға қарап отыр. Табыстың басым бөлігі кен орындарын игеріп жатқан шетелдік компанияларға кетіп жатыр. Біз олардан тек салық аламыз. Көп пайда көре алмай отырмыз. Кен орындары өз жерімізде тұрғандықтан, Қазақстандыкі боп саналады. Алайда оған ие болып отырған басқалар. Сондықтан олар біздегі мұнай-газ химиясын дамытуға шикізат өндіре қоймайды. Оларға шикі мұнайды өңдеп, синтездеп, оны мұнай-газ химия саласына қажетті шикізатқа айналдырғанша мұнайдың өзін шикі күйінше шетелге экспорттай берген тиімді. Ал пайымдағанға мұнай-газ химиясынан өте қомақты табыстар тауып, жалпы ішкі өнімді (ЖІӨ) соның күшімен-ақ өсіруге болар еді», – дейді Меңдеш Салихов.

Маманның сөзіне сүйенсек, қазірде Сингапур осы саланы жетілдіру арқылы ЖІӨ-сін қомақты етіп отыр. Осыдан 10 жыл бұрын Сингапур Джуронг аралында мұнай-газ химиясын жетілдіруге 10 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Технологияны дамыту үшін 12 миллиард долларлық венчурлық қор құрылған. Қазіргі уақытта аталмыш елде мұнай-газ химия өнімдерінің жылдық өндірісі елдің ЖІӨ-сінің 20 пайызын құрайды.

Шикізат тапшылығы мен маман тапшылығы

Экономика және Құқық институтының маманы, Механика және мұнай газ ісі мамандығын зерттеп жүрген ғалым Айдос Жаппаров та ардагер мұнайшының сөзін құптайды.

«Әлемнің барлық елдері мұнай-газ химиясынан қомақты пайда көріп отыр. Көптеген елдерде бұл салаға қатысты кадрларды оқытып даярлағаны үшін ғалымдарға 30 пайыз өтемақы әлі төленеді. Сингапурда мұнай-химия және фармацевтика өнеркәсібі үшін жұмысшылар арнайы оқытылады. Ал бізде бұл салада маман даярлаудың өзі жолға қойылмаған. Болашақта шикізат тапшылығынан бөлек, маман тапшылығына да ұрынатынымыз даусыз. Негізінде, бізде мұнай-газ химиясынан ең қажетті этан, пропан, бутанды өндіруге мүмкіндік мол. Бірақ мұнай газ өндіруші компаниялар оларды молынан өндіріп, ішкі нарыққа жібергісі келмейді. Біздегі мұнай-газ өндірушілер ішкі нарыққа газ бен мұнайды арзанға сатқанымен, сыртқы нарыққа қымбатқа сата алады. Осыны есепке алсақ, өндірушілер ішкі нарыққа қатысты шикізат тапшылығын қолдан туғызуы да мүмкін. Ең қиыны, біз бұл жерде оларға қатаң талап қоя алмаймыз. Себебі бізде «Теңіз», «Қашаған», «Қарашығанақ» сияқты үш кен орны бойынша инвесторлармен келісім бекіткенде Қазақстан жіберген үлкен олқылық бар. Ол келісім бойынша мерзім аяқталғанға дейін алынған міндеттемелерге түзетулер енгізілмейді, келісім қайта қаралмайды. Осының нәтижесінде заңнама талаптары орындалмайды. Бір ғана мысал, біз қазіргі келісімге сай 2042 жылға дейін Қашағаннан пайда көрмейді екенбіз. «Қашағанды игерушілермен келісімге келгенде «Өнімді бөлу келісімі» жасалғандықтан мұнайдан түскен түсімнің 80 пайызын бірден Қашағанды игеріп отырған инвестор алады. 20 пайызы біздің қаражатымыз. Өзге кен орындарына қатысты да пайданың басым бөлігі инвестордың қалтасына түседі. Сондықтан мұндай келісім жасау арқылы елдегі мұнай-газ саласына үлкен тұсау салдық. Осыған қарамастан, әрине, үкімет жоспарлар құрады. Уәделер береді. Ал осы келісімдер дұрыс жасалып, өз мүддемізді ойлағанымызда бүгінде бір ғана мұнай-газ химия өнеркәсібінен пайдаға кенеліп отыратын едік», – дейді сарапшы.

Маманның айтуынша, мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілі бар. Бірінші крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау тағы басқалар. Мұнайдан Қазақстанда бензин, дизель отыны, мазут қана алынады. Біз осы мазутқа дейінгі өнім алуды білеміз, әрі қарай мамандарды даярламаймыз, зерттеу жұмыстарын жүргізбейміз, техникалық қуатты базамыз жоқ. Ең қызығы, мұнай қоры көп бола тұра ұшаққа қажетті дизельді отынды өзге елден импорттаймыз. Жанар-жағармайды да көрші Ресейден, Қытайдан әкелеміз. Сондай-ақ мамандар біздің мұнайдың ішінде күкірт қосындылары көп екенін айтады.

Әттеген-айы, осы уақытқа дейін бірде-бір энергетика министрі мұнай-химия саласына қатысты ғалымдармен кеңеспеген, ұсыныстарға құлақ аспаған, олардың зерттеулеріне мән бермеген. Соған қарамастан, бізде жоспарлар айтылады, жобалар жасалады, тіпті «алдағы бес жылда мұнай-газ химиясын дамытамыз» деп жол картасын да құрып тастаймыз. Соның аясында Қазақстан 2030 жылға қарай мұнай-химия өнімдері өндірісін бес есеге арттырмақ.

Иә, үкімет 2030 ертегісіне әлі сенеді...

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ