Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Шымбұлақтағы кафеде тілге қатысты жанжал қоғам назарын аударды

Густо
Фото: shymbulak.com

Әлеуметтік желі қолданушылары Алматыдағы Шымбұлақта орналасқан Gusto мейрамханасында болған оқиғаны қызу талқылап жатыр.

 Threads желісіндегі қолданушының айтуынша, ол мейрамханада қазақ тілінде қызмет көрсете алатын даяшы бар-жоғын сұраған кезде, әкімші тарапынан дөрекі жауап алған.

Видео авторының айтуынша, ол тек кафеде қазақ тілінде сөйлей алатын қызметкер бар-жоғын сұраған. Осыдан кейін, оның сөзінше, өзін Елена деп таныстырған қызметкер жанжал тудыра бастаған. Ер адам камераны қосқан соң жағдай ушығып, қызметкер оны күшпен шығарып жібермек болған, соңы кафеден күшпен шығару әрекетіне ұласқан. Ақырында полиция шақырылған.

«Мен шамамен үш сағат уақытымды жоғалттым, ал туристерім суықта күтіп тұрды. Бұл оқиға – туристік аймақта, елдің имиджі қалыптасатын жерде болды. Мемлекеттік тілді қорлау – жеке пікір емес, бұған көз жұма қарауға болмайды», – деп жазды ол.

Ал Елена Threads желісінде өз нұсқасын жариялап, келушінің оны жала жапты деп айыптады. Оның айтуынша, жанжал кезінде күш қолданған – ер адамның өзі.

«Ол мені ұрды, қорқытты және әлеуметтік желіге салатынын айтты. Ал менің ең жақын құрбым – қазақ, 20 жылдан бері араласамыз. Қазақ тілін де аздап түсінемін әрі сөйлей аламын», – дейді ол.

Қоғамдық реакция және мекеме ұстанымы

Жанжал Gusto кафесінің беделіне де әсер етті. Бір күннің ішінде 2GIS платформасында мекемеге қатысты 38 мыңнан астам пікір қалдырылып, қызметкерлердің қазақ тілін білмеуіне наразылық білдірілді әрі Еленаны жұмыстан босатуды талап еткендер көбейді.

Кейінірек Gusto рестораны ресми мәлімдеме жасап, оқиғаға байланысты тексеру жүргізілетінін хабарлады.

«Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының заңдары мен мемлекеттік тілін құрметтейді. Біз қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет көрсетеміз. Әлеуметтік желілерде тараған видео жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Қазіргі уақытта ішкі тексеру жүргізілуде, ол аяқталғанға дейін егжей-тегжейлі пікір білдіруден бас тартамыз», – делінген хабарламада.

Кейіннен Мейрамхана әкімшілігі Елена есімді қызметкерін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді. 

1
Фото: ашық дереккөз

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың сәуірінде Magnum компаниясының курьері орыс тілін білмегені үшін жұмыстан босатылып, бұл да қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.