Шымкент халқының қанша пайызы табиғи газбен қамтылған?
Елдегі әлеуметтік маңызы бар жұмыстардың бірі – халықты газбен қамтамасыз ету. Ел үкіметінің жоспары бойынша 2030 жылға қарай халықты газбен қамту деңгейі 65 пайызға жетеді.
Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев парламенттік комиссия отырысында айтты.
Қазіргі сәтте Қазақстанның 60 пайыз аумағына газ тартылған. Басқаша айтқанда, 12 миллионнан аса қазақстандықтың көгілдір отынға қолы жеткен. Бұл салаға биыл ел бюджетінен қосымша 90 миллиард теңге бөлініп отыр. Соның арқасында тағы 250 мың тұрғын газбен қамтылады.
Елдегі үшінші ірі мегаполис болған Шымкент қаласы бұл міндетті біршама сәтті орындап жатыр. Ресми есеп бойынша, қаланың басым бөлігіне табиғи газ жеткен. Тұрғындардың көбі көгілдір отын тұтынып отыр.
Жақында Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізді. Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, жиналыста өңірдің отын-энергетика кешеніндегі қазіргі жағдайы сөз болды.
Министрдің орынбасары баяндамасында қала тұрғындарының жылу мәселесіне, газбен қамтамасыз ету, жылу-электр орталығын жөндеу жұмыстарының барысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Жиын барысында бүгінгі таңда Шымкент қаласын газдандыру деңгейі республика бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі екені айтылды. Мегаполистің газбен қамтылу деңгейі 99,9 пайызға жеткен, яғни қаладағы 1 миллион 173 мың адам табиғи газ тұтынып отыр.
2024 жылға 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның төртеуі қазір жүріп жатса, бесеуі жаңадан қолға алынатын жоба. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде келешекте қосымша 80 мыңнан астам адам табиғи газға қол жеткізе алады және газдандыру деңгейі 100 пайызға жетеді.
«Ұзақмерзімді баға тұрақтылығын және бағаның алыпсатарлық жолмен көтерілуіне жол бермеуді қамтамасыз ете отырып, сұйытылған мұнай газы нарығын реформалау жөнінде шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл шаралар сұйытылған мұнай газын сатудың шекті бөлшек бағасын белгілеу арқылы бөлшек сауда бағасының күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді», – деді Ерлан Ақкенженов.
Сонымен қатар вице-министр 2025-2026 жылдарға арналған бюджеттік бағдарлама аясында «Шымкент қаласының Ынтымақ шағынауданында 110/35/10 кВ кіші станция және 110 кВ электр желілерін салу» жобасы қолға алынғанын айтты. Жаңа жобаны іске асыру үшін бюджеттен бес миллиард теңге мөлшерінде қаражат бөлу жоспарланып отырғаны белгілі болды.
Аталған жоба жүзеге асырылса, мегаполистің Ынтымақ, Батыс, Солтүстік саяжай, Жаңатұрлан, Темірші әулие шағынаудандары және Шымкент қаласының солтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа әуежай терминалының 45 мыңға жуық тұрғыны үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Бұл да қаланы дамыту бағытындағы үлкен жетістіктердің бірі болмақ.
Вице-министр сөз еткен тағы бір маңызды бағыт – сұйытылған мұнай газы нарығы. Шымкент қаласында сұйытылған мұнай газының шекті бөлшек бағасы белгіленген, ол бір литр үшін 70 теңге болады. Өңірде төрт газ толтыру станциясы және 192 автомобильге газ құю станциясы орналасқан.
Биылғы қаңтар айы мен маусым айы аралығында өңірде сұйытылған мұнай газын тұтыну мөлшері 68 мың тоннаға жетті. Ал былтырғы ұқсас кезеңде шамамен 59 мың тонна тұтынылған. Демек, қалада газ тұтыну мөлшері жыл сайын артып барады. Бұл газ өндірушілерге белгілі мөлшерде салмақ түсіруі мүмкін.
Біз Шымкент қаласы әкімдігіне хабарласып, мегаполис тұрғындарын табиғи газбен қамту жұмысы қалай жүріп жатқанын сұрадық. Әкімдіктің осы салаға жауапты мамандары төменде мынадай мәліметті ұсынды.
«Шымкент қаласында қазіргі таңда табиғи газбен жалпы 54 елді мекен қамтылған, 24-і жартылай қамтылса, 3 елді мекенге газ жеткен жоқ. 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықты көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 94% пайыздан 96% пайызға дейін өсті, 6 нысан бойынша жұмыстар аяқталды (Тұран, Асар-2, Солтүстік Саяжай, Сәуле, Бозарық, Нұртас).
2024 жылға 4 нысанда жұмыс аяқталады (Қайнарбұлақ 1 (70%) және 2 (60%), Ынтымақ-2 (50%), Бозарық 1 (55%), 2 (95%) және 3 (50%) кезең, Тассай (85%). Сондай-ақ 2024 жылы 3 нысанның (Қаратөбе (95%), Тәуелсіздікке 20 жыл (20%), Қайтпас-1 (30%) құрылыс жұмыстары жалғасады.
Қазіргі танда 15% жұмыстар атқарылды. Тағы 3 нысан (Қарабастау, Жулдыз-Жалын, Еламан) бойынша конкурс нәтижесі анықталды, мердігер мекеме тағайындалып, шілде айында құрылыс жұмыстары басталады. Жоғарыдағыларды баяндай келе, 2024 жылы табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткішін 97,4% пайызға жеткізу жоспарланып отыр», – деді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының баспасөз қызметі.
Қуан ӨМІРХАН
Шымкент қаласы