Шымкент қаласының бюджеті 30 миллиард теңгеге ұлғайды
Шымкент қаласы – Қазақстандағы үшінші ірі мегаполис. Қаланың халық саны да, экономикасы да, өндіріс көлемі де елімізде алдыңғы қатарда тұрады.
Биыл шілдедегі есеп бойынша, Шымкентте белсенді жұмыс істеп тұрған 902 өнеркәсіптік кәсіпорын бар екені белгілі болды.
Бұл туралы қаладағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Шымкент қаласында кәсіпкерлік, индустриялық-инновациялық, өнеркәсіп, инвестициялар, сауда саласында жарты жылдық қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы» баспасөз конференциясында айтылды.
БАҚ өкілдерімен кездесуде Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Ермек Тұрманов үшінші мегаполистегі аталған сала бойынша атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Басқарма басшысының орынбасарының айтуынша, қазіргі сәтте Шымкент қаласының өнеркәсіп саласында белсенді жұмыс істеп тұрған 902 өнеркәсіптік кәсіпорын бар. Атап айтқанда, мегаполисте 20 – ірі, 45 – орта және 837 – шағын өндіріс орны жұмыс істеп тұр.
2024 жылы қаңтар мен мамыр айлары арасында қаланың өнеркәсіп кәсіпорындары 424,7 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бірақ бұл былтырғы жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,8 пайыз төмен көрсеткіш. 2023 жылдың бес айында Шымкентте 405,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген.
Бұған дейін қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі Шымкентте алғаш рет инвестициялық жобалардың интерактивті картасы іске қосылғанын хабарлаған. Ол – инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысына live-режимде мониторинг жасап, бақылауға және жобаларды дамыту барысын нақты түсінуге мүмкіндік беретін бірегей жоба.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбековтің айтуынша, алға қойған басты мақсат – Қазақстанның инвестицияға қолайлы мемлекет атануы.
«Интерактивті картаның көмегімен әр инвестициялық жобаның қалай жүзеге асырылып жатқанын кезең-кезеңімен бақылауға болады. Қажет болған жағдайда түрлі деңгейдегі мемлекеттік органдардың өкілдері картамен танысып, түйткілді тұстар мен оларды шешу жолдарын анықтай алады», – деді Нақыпбеков.
Үшінші мегаполисте өңдеу өнеркәсібінің жалпы өнеркәсіп саласындағы үлесі 85,4 пайызға жетіп отыр, осы салада биылғы жарты жылда 628,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш 2023 жылғы бес айда – 349,2 миллиард теңге болған. Саланың өнеркәсіптік өндіріс индексі – 94,5 пайызға жетті.
Өңдеу өнеркәсібі көлемінің төмендеуінің өз себебі. Атап айтқанда, осы саланың басым бөлігін құрайтын «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-ның өндіріс көлемі азайды, осы жағдай жалпы нәтижеге әсер етіп отыр. Өйткені Қазақстан Республикасы энергетика министрлігінің жоспар-кестесіне байланысты зауытта 2024 жылғы 25 наурыздан 23 сәуірге дейін жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, өндіріс уақытша тоқтатылды.
Қазір Шымкент қаласы аумағында жалпы ауданы 869 гектар болатын бес өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр. Онда 330,9 миллиард теңгеге бағаланған 344 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде жалпы құны 229,0 миллиард теңге болатын 287 жоба іске қосылып, 8,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
12 шілдеде өткен жиналыста қала әкімінің орынбасары А.Кәрімов Шымкенттің кәсіпкерлікті жүргізу бойынша қолайлы қала екенін, ал бұл инвесторларды жұмылдыруға сеп болатынын атап өткен болатын. Орынбасар әкім мегаполиске алыс-жақын шетелден инвестиция тартылып, өндіріс орындары көбейіп жатқанын айтты.
Қаладағы «ОҢТҮСТІК» индустриялық аймағында 101,4 миллиард теңгеге 96 жоба іске қосылып, үш мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 78 жаңа жоба жүзеге асып, онда 2,7 мың адам жұмыспен қамтылды, оған 96,7 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды.
Жоспар бойынша, 2024 жылы 38 жаңа жұмыс орны құрылып, 547 миллиард теңгенің 2 инвестициялық жобасы жүзеге асырылады. Ал оның біреуі қазірдің өзінде іске асты, соның арқасында 347 миллион теңгенің сегіз жаңа жұмыс орны құрылғаны белгілі болды.
Қалада индустриялық-инновациялық өнеркәсіпті дамыту үшін қызметкерлердің біліктілігімен қатар, біршама қаржы қажет. Осыған орай шілде айында мегаполис бюджеті қайта қаралып, оның мөлшері көбейді. 12 шілде күні қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен сегізінші шақырылымдағы қала мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібінде 2024-2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау, абаттандыру мәселелері қаралды.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Е.Есқараев осы мәселе бойынша баяндама жасап, қала бюджетін нақтылау барысында бюджет көлемін 30 миллиард теңге ұлғайту ұсынылды.
Ұлғайған бюджет қаржысы есебінен бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешетін шығындарды жабу көзделген. Жиналыс қорытындысында мегаполис бюджетінің көлемі қазіргі 735 миллиард теңгеден 764 миллиард теңгеге дейін артатын болады.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ә.Оңғар қала аумағын абаттандыру бойынша экологиялық қолайлы және тартымды орта құру бағытындағы жұмыстардың қағидасын бекітуді ұсынды. Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарап, маңызды шешімдер қабылданды.
Шымкент қаласы жылдам дамып келе жатқан маңызды мегаполис ретінде шешімін табуды күтіп тұрған мәселе көп. Қала инфрақұрылымын дамытып, көлік-логистика саласын жақсарту мәселесі де өте маңызды. Атап айтқанда, бұл бағытта қалада халықаралық сауда-логистикалық орталығын салуға жобасы және қаланың батыс айналма жолын жөндеу міндеті тұр.
Қуан Өмірхан
Шымкент қаласы