Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:42, 02 Шілде 2024

Шымкент – Қытайдың мәдени астанасымен серіктес

Шымкент

Шымкент қаласының ресми және іскерлік делегациясы Қытай халық республикасының Сиань қаласына барды. Сапар аясында бас консулдықтың қолдауымен Сиань қаласында бауырлас қалалар кәсіпкерлерінің қатысуымен сауда-экономикалық форум өтті.

Сиань – әлемдегі ең көне қалалардың бірі, сонымен қатар Шымкенттің бауырлас қаласы. Оны жергілікті жұрт Қытайдың рухани және мәдени астанасы деп атайды. Былтыр Қазақстан республикасының президенті мен Қытай халық республикасының төрағасы Шымкент пен Сиань арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісімге келген.

Сапар барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков халықаралық сауда-логистикалық парктің «Қытай-Қазақстан Сауда-логистикалық компаниясы» қызметімен танысты. Мегаполис әкімі форумға қатысушыларды құттықтап, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігі жақсы дамып жатқанын айтты.

«Бүгінгі кездесулер сындарлы ынтымақтастыққа ықпал етіп, екіжақты жаңа жобаларды іске асыру перспективаларына жол ашатынына сенімдімін. Сиань – «Бір белдеу – бір жол» бастамасының Жібек жолы экономикалық белдеуінің маңызды нүктесі саналады. Өткен жылғы сапар аясында Қазақстан президенті мен ҚХР төрағасы Шымкент пен Сиань арасында бауырластық байланыс орнату туралы келісім бойынша бірқатар құжатқа қол қойды. Бұл шаралар екі қала арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды жандандыратыны сөзсіз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар форум барысында Шымкенттің жиырмаға жуық компаниясы мен Қытайдың отыздан аса кәсіпорын өкілдері арасында B2B форматында кездесулер өтті. Шымкент бизнес-делегациясының құрамында IT, денсаулық сақтау, құрылыс материалдары, электр жабдықтарын өндіру, металлургия, тамақ және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, қоғамдық тамақтану, білім беру және тағы басқа салалардағы бизнес өкілдері топтасқан.

Мегаполис әкімі Шымкент қаласы Қазақстандағы халық саны бойынша үшінші ірі қала екенін айтты. Сондай-ақ алып жатқан ауданы бойынша елдегі ең ірі қала екенін еске салды. Шымкент Орталық Азия және Таяу Шығыс елдерімен белгіленген экономикалық байланыстары бар шекара маңы аймағы мәртебесіне ие. Соған сай ол Қазақстанның маңызды көлік торабы болып отыр, қалада елдің өнеркәсіптік әлеуеті шоғырланған.

«Шымкент қаласында инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған, жалпы ауданы 869 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Бұдан басқа, металлургия, жеңіл және тамақ өнеркәсібін, мұнай химиясын, логистиканы дамыту мақсатында өңдеу өнеркәсібінде 2 098 гектар аумақта 7 қосымша өндірістік алаң құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді қала басшысы.

Сондай-ақ келіссөз барысында екі мемлекеттің кәсіпкерлері өз компанияларын таныстырды. Қытайлық серіктестер Шымкент қаласымен азық-түлік өндірісі, логистика, машина жасау, денсаулық сақтау және медицина салаларында ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып отыр. Ал шымкенттік кәсіпкерлер металлургия, логистика, қағаз және тамақ өнеркәсібі, машина жасау салаларында іскерлік әріптестікті арттыру мүмкіндігі мол екенін айтты.

Форум мен кездесулердің қорытындысы бойынша B2B форматындағы бірқатар меморандум мен шарттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Invest Shymkent ЖШС мен China-Kazakhstan Enterprises Alliance Committee group арасында KazFerroGroup ЖШС мен Shanxi Heynan New Metallurgical Equipment Co. ЖШС арасында өзара серіктестік туралы меморандум жасалды.

Бұдан бөлек, JT food Expert ЖШС мен Xi ' an gang Tong Tian Xia Dian zi Shang Wu You Xian Gong Si компаниясы қоғамдық тамақтану саласында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге келді, ал KazBioTech ЖШС мен Alashankou city Haoyu Trading Co. Ltd өсімдік майын жеткізуге арналған келісімшарт жасады.

Сиань қаласына сапар барысында мегаполис әкімі «Орталық Азия» саябағындағы мәдени көрме орталығына барды. Бұл саябақ Сианьде Қытай мен Орталық Азия елдері көшбасшыларының тарихи саммитінен бір жылдан кейін ашылған. Орталық пен саябақ аумағындағы ұлттық киімдер, мүсіндер мен кәде сыйлар туристерге Орталық Азия халықтарының мәдени атмосферасын сезінуге мүмкіндік береді. «Орталық Азия» саябағының аумағында Ғабит Сыздықбеков «Жеті тандыр» ұлттық мейрамханасының құрылысына қолдау көрсетті. Аталған мейрамхана биыл күзде ашылады деп жоспарланып отыр. «Орталық Азия» саябағында отандық өндірушілердің өнімдері ұсынылған сауда қатарлары орналасқан.

Айта кетейік, былтыр Сиань қаласының құрғақ портында Қазақстанның логистикалық орталығының құрылысы басталған. Ал 2024 жылғы ақпан айында мемлекет басшысы телекөпір режимінде көлік-логистика терминалының жұмысын бастауға рұқсат берді.

Сиань құрғақ портындағы қазақстандық терминал жыл сайын 133 мың футтық балама ұстауға қауқарлы. Нысанның жалпы ауданы 6,7 гектар болады. Терминал отандық экспорттаушылар үшін жаңа нарықтарға жол ашады деген сенім бар. Ол жүк жеткізу мерзімін едәуір қысқартып, Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: