Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:15

Шымкент университетіндегі жемқорлық: 256 миллион теңге офшорға кеткен бе?

ҚР ҚМА
Фото: ашық дереккөз

Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы уақытша ректоры Қайрат Нұрманбетов пен оның орынбасарлары 256 млн теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен тергеліп жатыр. 

Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, Шымкент қаласы бойынша ҚМА департаменті бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша тергеуді аяқтаған.

Қылмыстық іске күдікті ретінде университеттің ректор міндетін атқарушысы, қаржы және әкімшілік департаментінің директорлары, сондай-ақ мердігер ұйымдардың басшылары танылған.

Тергеу барысында университет тарапынан қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты жалған келісімшарттар жасалғаны анықталған. Жалпы сомасы 256 миллион теңгені құрайтын бұл жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Алайда бюджет қаржысы жалған актілер негізінде мердігер ұйымдардың есепшоттарына аударылып, кейіннен қолма-қол ақшаға айналдырылған.

“Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы құны 254 миллион теңге болатын алты қымбат көлік (Mercedes-Benz S-класс, Lexus LX570 және т.б.) пен Шымкент қаласының орталығынан элиталық коттедж сатып алған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды”, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда төрт күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Айта кетейік, Қайрат Нұрманбетовтің қамауға алынғаны 2024 жылдың қыркүйегінде белгілі болған. Сол кезде ол 28 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен тергелген еді.

Тегтер: