Шымкентте 20 млн теңге бопсалады деген күдікті ұсталды
Шымкент қаласында полиция жергілікті кәсіпкерден ірі көлемде ақша бопсалау дерегінің жолын кесті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомство ақпаратына сәйкес, күдікті ер адам қоғамдық тамақтану орнына бірнеше рет келіп, оны видеоға түсірген. Кейін кәсіп иесіне қысым көрсетіп, түрлі мемлекеттік органдар тарапынан «тексеру ұйымдастыратынын», сондай-ақ «анықталғандай» заңбұзушылықтарды сылтау етіп, бизнесін жабатынын айтып қорқытқан. Шантаж бен үркіту арқылы ол кәсіпкерден 20 миллион теңге талап еткен.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Полиция өкілдері ешбір адамның тексерумен қорқытып, ақпарат таратамын деп немесе бизнеске қысым жасап ақша талап етуге құқығы жоқ екенін ескертті. Мұндай жағдайлар орын алса, азаматтарға дереу ішкі істер органдарына жүгіну ұсынылады.
Бұған дейін Алматыда да аса ірі көлемде бопсалау дерегі бойынша күдіктінің ұсталғаны хабарланған еді.