Шымкентте 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан қаза тапты
11 қаңтар күні Шымкент қаласында 21 жастағы қыз пышақ жарақатынан көз жұмды. Қылмыстың болғанын қала полициясы растады.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, марқұмның өліміне қатысы бар деген күдіктінің жеке басы анықталған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Күдіктінің жеке басы анықталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол марқұммен бұрын таныс болған. Қазіргі уақытта оны ұстау және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – делінген полицияның ресми хабарламасында.
Otyrar.kz порталы таратқан бейнежазбадан тәртіп сақшыларының қолында бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар бар екенін көруге болады. Алдын ала болжам бойынша, қылмыс көшеде жасалуы мүмкін.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Полиция азаматтарды расталмаған ақпаратты таратпауға және тек ресми дереккөздерге ғана сенуге шақырды.