Шымкентте әкімдік ғимараты өртенді

Шымкент қаласында түнгі уақытта Абай ауданы әкімдігі орналасқан ғимаратта ірі өрт шықты.
Төтенше жағдай туралы хабар 14 тамызға қараған түні сағат 03:19-да түскен. Өрт Тәуке хан даңғылы, 3 мекенжайындағы ғимараттың шатырынан басталған. Құтқарушылардың мәліметінше, жалын тез таралып, 1200 шаршы метр аумақты шарпыған.
Оқиға орнына 21 арнайы техника және 88 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Жалынды сағат 04:58-де ауыздықтап, толық сөндіру жұмыстары 05:27-де аяқталды.
Абырой болғанда, адам шығыны мен зардап шеккендер жоқ. Өрт кезінде ғимарат ішіндегі құжаттар мен кейбір бөлімдердің кеңсе жабдықтары зақымданған.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Сараптама нәтижелері бойынша материалдық шығын көлемі бағаланбақ. Тергеу амалдары жүргізілуде.