Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 30 Қыркүйек 2025

Шымкентте «Асыл мұра» өнер фестивалі өтті

1
Фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласы кейінгі жылдары еліміздегі ең ірі мәдени орталықтардың біріне айналып келеді. Қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан түрлі республикалық және халықаралық деңгейдегі жобалар мегаполистің мәдени келбетін айшықтап, өнерсүйер қауымға зор қуаныш сыйлап жүр.

 Соның жарқын мысалы – жуырда өткен «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі.

Екі күн бойы «Қызғалдақ» сарайында өткен бұл тағылымды шара дәстүрлі өнерді дәріптеу жолындағы ең айтулы мәдени оқиғалардың біріне айналды. Көрерменге рухани азық сыйлаған фестиваль ел тарихы мен өнерін тоғыстырған ерекше алаң болды. Осы іс-шараға қарап, Шымкент қаласы экономикалық және әлеуметтік тұрғыда ғана емес, мәдениет пен өнер саласында да тың серпіліс жасап жатқанын байқауға болады.

Шымылдығы «Шымкент концерт» ұйымының Қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің өнерімен ашылған кеште Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» және Құрманғазының «Сарыарқа» күйлері орындалып, залды ерекше әсерге бөледі. Оркестрді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев басқарды.

Фестиваль аясында дәстүрлі ән, күй, жыр жанрында 30-ға жуық өнерпаз сахнаға шықты. Кештің жүргізушісі – белгілі фольклортанушы Берік Жүсіп әр туындының тарихи негізіне тоқталып, көрерменге қазақ өнерінің тереңдігін айшықтап жеткізді.

Кеште Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев сынды сахна саңлақтары халықпен қайта қауышып, зор қошеметке бөленді. Сондай-ақ көптен сахнадан көрінбеген Гүлмира Сарина, Сәуле Жанпейісова, Айгүл Елшібаева ұлттық ән өнерінің құдіретін паш етті.

Залға жиналған көрермендер әрбір шығарманы ыстық ықыласпен қабылдап, шынайы қошеметін білдірді. Шымкент тұрғындары үшін бұл фестиваль ұлттық мұраға деген құрметтің, рухани сабақтастықтың жарқын үлгісіне айналды.

Бұл фестиваль шымкенттік өнерсүйер қауымға мереке сыйлап қана қоймай, дәстүрлі өнерді дәріптеу жолында үлкен қадам болды. Кейінгі жылдары Шымкент қаласы әкімдігі мәдениет пен өнерді қолдауға ерекше көңіл бөліп, түрлі республикалық, халықаралық деңгейдегі жобаларды жүзеге асырып келеді.

Мұндай ауқымды шаралардың жиі өтуі кездейсоқ емес. Қазір Шымкент қаласы мәдениет пен өнерді дамытуда жаңа деңгейге көтерілді. Қалада бірнеше театр, симфониялық және эстрадалық оркестрлер, музейлер мен көрме орталықтары тұрақты жұмыс істеп келеді.

2018 жылы Шымкентке «ТМД-ның мәдени астанасы» мәртебесі берілсе, 2020 жылы қала ЮНЕСКО аясындағы мәдени жобаларға белсенді қатысып, ұлттық құндылықтарды халықаралық деңгейде танытты. Кейінгі жылдары қалада Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік драма театры, «Шымкент концерт» ұйымы, Опера және балет театры көрерменге үздік қойылымдар ұсынып жүр.

Сондай-ақ «Шымқала» этноауылы мен тарихи-мәдени кешендер қала қонақтарына қазақ халқының бай тарихын таныстырып келеді. Бұдан бөлек, мегаполисте түрлі халықаралық фестивальдер, шығармашылық байқаулар өткізіліп, жас өнерпаздарға үлкен мүмкіндік берілуде.

«Асыл мұра» дәстүрлі өнер фестивалі – Шымкенттің мәдени өміріндегі ірі оқиғалардың бірі ғана. Бұл шара ұлттық өнердің асыл қазынасын бүгінгі ұрпақпен қауыштырып, қала тұрғындарының рухани байлығын арттырды. Шымкент өндіріс пен экономикада ғана емес, өнер мен мәдениетте де үлкен жетістіктерге жетіп, еліміздің мәдени орталықтарының алдыңғы қатарынан орын алып отыр.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: