Шымкентте атылған оқ: қоғам неге қаталдық танытты?

21 сәуір күні кешкісін Шымкент әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалды.
Аңшы мылтығынан оқ атқан күдікті сол жерде ұсталды. Ол әкімдікке қарасты компанияның директоры Ернар Жиенбай есімді азамат болып шықты. Қазір БАҚ пен әлеуметтік желінің басты тақырыбына айналған бұл оқиғаны қоғам «шенеунікті қол астында жұмыс істейтін қызметкері не үшін атуы мүмкін» деген сұрақ айналасында өрбітіп, қызу талқылап жатыр.
Оқиғаның себебі ретінде әкімнің орынбасары қызметтесінің әйеліне қырындаған деген бейресми мәлімет таралды. Бірақ оны әкімдік пен полиция жоққа шығарды. Кейіннен Ернар Жиенбайдың қастандық ұйымдастыруына жеке бас араздығы, жұмысқа байланысты болуы мүмкін екені де айтылды. Әзірге қастандықтың не үшін жасалғаны белгісіз. Қылмыстық іс ашылған. Жоғарыда айтылған екі нұсқа бойынша қазір жұрт пікірі екіге жарылды.
Күдікті шенеунікті не үшін атты?
Астананың ең биік ғимаратына шығып, Бэтмен болып жоғарыдан «күзетіп» жүрген Берденовке қастандық жасалуының тағы бір нұсқасы – ол ақпан айында Шымкент әкімінің орынбасары болып келген соң заңсыздықтармен күресе бастаған. Көп өтпей «Джокері» де пайда болған сыңайлы. Арадан екі ай өткенде әкімдік алдында қызметтесі атқан оқтан жараланып, ауыр халде ауруханада жатыр. Шымкент қаласы денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаевтың мәлімдеуінше, Берденовке жедел ота жасалған. Жағдайы ауыр.
Оқиға 21 сәуір күні кешкісін болған. Қала әкімінің орынбасарына қарата атылған оқтың екеуі Берденовке тиген. Бытыра өкпесін, оң жақ қабырға астын, бүйрегін, бауырын иығы мен білегін жарақаттаған. Оқ атқан Ернар Жиенбай мұнымен де тоқтамас па еді, шенеуніктің орынбасары көлігімен қағып құлатқан. Содан кейін полиция ұстаған. Күдікті әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның директоры болған. Бұл мекеме көпқабатты үйлерді күрделі жөндеуден өткізуге жауапты. 2024 жылы тағайындалған Жиенбай әлеуметтік желіде белсенді болып, қаланың дамуына үлес қосуға шақырып жүрген.
Күдіктінің мұндай әрекетке не үшін барғаны әзірге белгісіз. Оқиға болған күні Берденовтің Ернат Жиенбайдың әйеліне қырындағанына қатысты әкімдік өкілдері әйелдің Берденовпен мүлде таныс емес екенін мәлімдеген. Жиенбайдың әйелі де әкім орынбасарын мүлде танымайтынын айтқан. Тағы бір себеп – жеке бас араздығы. Бірнеше күн бұрын болған әкімдік жиналысында Берденов Жиенбайға ескерту жасап, оны залдан шығарып жібергенге ұқсайды. Ернар Жиенбай сол сәттен бастап кек сақтап, шенеунікке шабуыл жасауды жоспарлаған болуы мүмкін деген нұсқа айтылып жатыр. Оқиға орнынан 10 патроны бар «Сайга-12» қаруы табылған.
Тағы бір нұсқа бойынша Берденов депутат болып жүргенде лудомания, букмекерлік кеңселерге қарсы «соғыс» ашқан. Бұл соның кесірі болуы да мүмкін деген болжам айтылады. Бірақ блогер Бейбіт Әлібеков бұған букмекерлік кеңселердің қатысы бар дегенге сену қиын дейді. Берденовке бұған дейін де қоқан-лоқы жасалғаны да айтылып жатыр.

Оқ тиген шенеунік кім?
Руслан Берденов – 39 жастағы шенеунік, Шымкенттің тумасы. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен КИМЭП-ті бітірген, мамандығы – қаржы менеджері. 2023 жылы Respublika партиясы атынан мәжіліс депутаты, Қаржы және бюджет комитетіне мүше болды. Букмекерлермен күресте ерекше көзге түсті, лудоманияға қарсы заңдарды қолдап, жарнамаларды шектеуге шақырды. Берденов шенеунік болғанымен қатар әлеуметтік желіде де белсенді. Өзінің жасап жатқан істерін үнемі жарнамалап жүреді. Жақында ғана екі жыл депутат болғанда қандай істер атқарғаны туралы шағын видео да жариялады.
Бірақ ол парламентте жүріп нақты бір нәтижелерімен көзге түсе алмады. Тек Астанадағы Абу-Даби Плаза ғимаратына шығып, Бэтменнің киімін киіп, жемқорлыққа қарсы күрес символына айналуға тырысқанымен есте қалды. Бұл әрекетті қоғам арзан хайп деп бағалаған. 2025 жылдың ақпанында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалғаннан кейін, Берденов бірден батыл мәлімдемелермен танылды. Ол қалада жемқорлық «100 пайыз жойылғанын» ресми түрде айтты. Шымкентке жаңадан келген әкім Ғабит Сыздықбековті жер-көкке сыйғызбай мақтап, оның келуімен қалада адалдық орнады деп сендірді. Ал статистика керісінше сөйлейді. Шымкентте жемқорлық деректері жыл сайын артып жатқанын ресми мәліметтер дәлелдеп тұр. Тек 2024 жылы 108 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 71 адам сотталған. Оның ішінде әкім орынбасарлары, басқарма басшылары, судьялар мен полиция қызметкерлері бар. Осылайша Берденовтің «Шымкентте жемқорлық жоқ» деген мәлімдемесі жерлестері арасында күлкіге айналды. Әлеуметтік желілерде тұрғындар оның сөзін келемеж етіп, Шымкенттің «цифрлық жемқорлықты» да меңгеріп қойғанын мысқылмен жазды. Бұдан бөлек, Берденовтің мемлекеттік қызметте тәжірибесі болмаған. Ол – кәсіпкер. Aq Niet Group секілді фармацевтикалық және сауда компанияларында жұмыс істеген. 2023 жылы жаңа ғана құрылған Respublica партиясының атынан мәжіліске өтіп, бір жылдан соң мандатын тапсырып, әкім орынбасары болып кетті. Келе салып бірде жемқорлық жоқ десе, енді бірде құрылыс компанияларымен күресіп жатқанын айтып жүрген.
Сыздықбековтің популизмі
Берденов «Шымкентте жемқорлық жоқ» дегенімен қаладағы былтырғы жемқорлық ісі бойынша даулы оқиғаны ешкім ұмыта қойған жоқ. 2024 жылғы ақпанда Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азат Момынов пара алды деген күдікпен ұсталды. Тергеу барысында Момыновтың бірнеше әріптесімен бірге ғимараттардың жер сілкінісін тексеруге арналған қаражатты жымқырғаны белгілі болды. Алайда бұл оқиғада басты назар Момыновқа емес, оның тікелей басшысы – Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке ауды. Журналистер әкімнен: «Неге отставкаға кетпедіңіз?» – деп сұрағанда, ол: «Момынов менің емес, орынбасарымның тікелей қарауында болған. Орынбасарым маған отставка жөнінде өтініш берді. Мен оны қабылдамадым, себебі оның бұл іске қатысы жоқ», – деп жауап берді. Бұл жауап қоғамда үлкен резонанс тудырды. Өйткені әкімдік жүйесінде болып жатқан жемқорлық фактілері үшін тек шенеуніктің тікелей бағыныштысы ғана емес, бүкіл құрылымды басқарып отырған әкімнің де саяси жауапкершілігі болуы тиіс еді. Саяси мәдениеті қалыптасқан елдерде мұндай жағдайда әкім моральдық жауапкершілікті сезініп, отставкаға кетеді. Ал Қазақстан жағдайында жауапкершілік тек формалды шеңберде қаралып, жүйені сақтау мүддесі бірінші орынға қойылады.
Ғабит Сыздықбековтің өзі бұған дейін «әкімдікте адал да, сатылған да адамдар бар» деп ашық мәлімдеген еді. Бұл сөзі шенділер арасындағы ішкі жемқорлықты мойындаудың сирек мысалы болып көрінгенімен, нақты іске келгенде әрекетсіз жалаң популизмге айналып шыға келді. Егер әкім өзі айтып отырған «сатылғандарды» жұмыстан шығаруға немесе жүйелі тазалауға ниетті болса, Момынов ісі сол бағытта алғашқы қадам болуы керек еді. Алайда оның саяси салдары – отставка жүзеге аспады. Ғабит Сыздықбеков бұл жағдайдан «заң бойынша» таза шыққанымен, қоғам алдындағы беделі мен сенімділігіне үлкен дақ түсті. Бұл жағдай Қазақстандағы саяси элитаның жеке жауапкершіліктен гөрі, «креслоны» сақтап қалуға көбірек мүдделі екенін тағы бір дәлелдеді.
Жалпы Сыздықбековтің атына кейінгі уақытта айтылып жатқан сын аз емес. Мысалы, әлеуметтік желілерде кәсіпкерлерге, әкімдік қызметкерлеріне жасалып жатқан қысым, жер дауы туралы мәліметтер толастамай тұр. Тіпті «Шаңырақ дауы» бойынша қалалық тұрғындар арнайы редакциямызға келіп сұхбат та берді. Кеше ғана әлеуметтік желіде белсенділік танытпаған, лайк баспаған әкімдік қызметкерлерін қудалап жатқаны туралы ақпарат қоғам арасында біраз шу болды.
Берденовке оқ атылған кезде жергілікті заңгер Айгүл Орынбек «Оңтүстікке келген кейбір әкімдер мен оның орынбасарлары бұл жаққа демалуға келетін сияқты. Ақшаның буына ес жоғалтқанша ішіп, шегіп, Украинадан қыздар алдырып демалған әкімқараларды нақты білем! Ғабит Сыздықбеков сен өзің басқарып отырған әкімдік ішін реттей алмай отырсың! Бұл оқиғадан кейін Шымкентті игере алмайтының айқындалды», – деп жазды. Бұл мәлімдемесі бойынша заңгердің өзіне хабарластық. Заңгер Берденовтің Шымкентке келе салып құрылыс саласында қандай да бір нәтижелі істер атқарылып жатқаны туралы айтылып жүрген мәліметтің өзін күмәнді деп санайтынын айтты.
«Берденовтің Шымкентке келгеніне көп бола қойған жоқ. Оның құрылыс саласында заңсыздықпен күресіп жатқаны туралы мәліметті кездестірмедім. Әкімдіктің оны не үшін жасырып отырғаны да түсініксіз. Ал айтылып жатқан компания әкімдікке қарасты мекеме. Оны жеке ЖШС ретінде бөліп айту дұрыс емес. Оны әкімдікке бөлінетін қаражаты «обналичка» жасайтын орын деп айтсақ та болады. Қылмыс жасаған қызметкерді ешкім ақтап жатқан жоқ. Оның ақ-қарасын тергеу анықтай жатар. Ол Берденовтің қол астында жұмыс істейді. Орынбасары мен қызметкері арасындағы даудың осыншалық дәрежеде ушығып кеткенін Сыздықбековтің білмеуі таңғаларлық нәрсе. Сосын қоғамда ерлердің әйелдерге көз салып жатқан жағдай да кейінгі уақытта жиілеп кетті.
Ал «құрылыс компанияларындағы заңсыздықтарымен күрес жүргізген екен, сондықтан атып кетті» деген нұсқаға өз басым сеніңкіремей отырмын. Себебі кезінде Исақов дейтін Әйтеновтің орынбасары болды. Ол кісі құрылыс компаниясына тендер бермей, олар әкімдікпен соттасқан жағдайлар болды. Қазір де соттасып жатқан компаниялар бар. Ал Руслан Берденовтің келе сала құрылыс саласында тендер шешіп жатыр дегенді естімедік. Шымкентте құрылыс саласының тендерін кім шешетінін кәсіпкерлер де, басқалар да жақсы біледі.
Оңтүстікті тексеруге келетін немесе шенеунік болып келетіндердің аймаққа немқұрайлы қарайтынына көңілім толмайды. Егер антикор, ҰҚК, бас прокуратура дұрыстап тексерер болса, біздегі біраз шенеуніктің қылмысы ашылар еді. Нақты білемін, антикорда қылмыстық іс бар. Бірақ бізде білесіздер, басшы қамалмайды. Орнына оның қол астындағы қызметкерлері кетеді. Мысалы, Украинадан әкелінген қыздардың билеттерін көтергендер қазір қамауда отыр. Олардың аты-жөнін ашық айта аламын. Ол кісілердің адвокаты, әйелі келіп көмек сұрады. Дамир Жүнісов деген жігіт бұл бойынша антикорға да арызданған. Бірақ аталған іс бойынша басшылар жауапкершілікке тартылмады», – дейді заңгер.
Депутаттар не дейді?
«Жас Алаш» сәрсенбі күні Мәжіліс кулуарында бірнеше халық қалаулысының пікірін сұрады. Олардың көбі тергеу бітпей, қандай да бір мәліметті нақты кесіп айту қиын деп отыр. Тіпті билікке жасалған шабуыл дейтін пікірге келгенде де олардың ойы екіге жарылды. Мысалы, Еділ Жаңбыршин бұл оқиғаны «мемлекетке жасалған ашық шабуыл» деп атаса, Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров журналистер сұрағына «бұл оқиғаның саясатқа еш қатысы жоқ. Жеке мәселе. Қандай да бір нұсқаға сенбеймін. Бұл – тұрмыстық сипаттағы қылмыс деп ойлаймын» деп жауап берген. Депутат Бапи да мұны билік өкіліне шабуыл деп санамайды.

«Мұның бәрін тергеу анықтай жатар. Қазір ішкі ойыңды дабыра етіп айтудың қажеті жоқ. Шымкентте мәселе бұлай шешілмейді. Аға-көкемен шешіледі. Бұндай радикалды шешім қабылдаған азаматтың ойы мен мақсатын білмейміз. Бұл осылай ушығып, осы дәрежеге жеткен мәселе шығар», – дейді Бапи.

Ал Берденовтің партияласы, депутат Олжас Құспеков те айтылып жатқан әйелге байланысты сөздерге сенбейтінін айтады.
«Ең бірінші шыққан ақпаратты өзім зерттеп көрдім. Тамыры жоқ саңырауқұлақ секілді, өсек екен. Қылмыс жасаған азаматтың не үшін жасағанын тергеу анықтай жатар. Себебін ешкім білмейді. Сот болады, сол кезде айқындалады. Қазір партияласы ретінде қолдау жасап жатырмыз», – дейді Құспеков.

Депутат Елнұр Бейсембаев фейк-ақпарат таратқан БАҚ-қа ескерту берілу керек деп санайды. Оның сөзінше, жеке бастың мәселесі болғандықтан, ақпарат қағидасы сақталуы қажет еді. Ал қазір сабыр сақтап, тергеу амалдарын күту керек.
«Қазір күдікті ұсталды. Ол міндетті түрде сотталады. Осындай қылмыс жасауға барған адам максималды түрде жаза алуы керек деп есептеймін. Елімізде заң диктатурасы жұмыс істеуі керек. Ал қала әкімі орынбасарының қызметкерін жұмыстан шығаруға келетін болсақ, оны да зерделеу қажет. Себебі Берденовтің ондай құқығы болды ма, болмады ма, оны да білмейміз. Бұдан ешқандай саяси астар іздеудің мәні жоқ. Берденов кеше ғана Шымкентке барды. Жұмыстармен танысып та үлгерген жоқ. Мұны билікке шабуыл деп қарау қисынсыз», – дейді депутат.
Әкімдік не дейді?
23 сәуір күні Шымкент қаласында брифинг өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты алғашқы нақты ресми мәлімдеме жасады. Құранбек шабуылға қатысты әртүрлі болжамдардың көбейіп кеткенін, алайда тек ресми ақпараттарға сүйенуді сұрады.
«Шабуылдың себебіне байланысты түрлі қауесет тарап жатыр. Бұл мәліметтердің шындыққа еш қатысы жоқ. Тек тергеу қорытындысы ғана нақты жауап береді. Шабуыл жасаған адамның психикалық жай-күйі немесе есірткі әсерінде болғаны туралы нақты айтуға әлі ерте. Біз бұған қатысты қандай да бір мәлімет бере алмаймыз. Бұл біздің құзыреттіліктегі іс емес. Тергеу жүріп жатыр. Сот бәрін анықтайды», – деп мәлімдеді әкім орынбасары.
Ал Шымкент қаласы полиция департаменті қазір қылмыстық іс ашылғанын хабарлады.
«Аталған қылмысты жасады деген күдікпен азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы анықталатын болады», – деді Шымкент қалалық полиция департаменті.
Қазір Руслан Берденов ауруханада жатыр. Отадан кейінгі жағдайы қалыпты. Әдетте мұндай жағдайдан кейін оқ тиген жәбірленуші қаһарманға айналып шыға келетін. Бірақ бұл жолғы кейсте жағдай кереғар сипат алды. Кісіге қастандық жасалып, оқ атылып жатыр – туыстары мен отбасы үшін үлкен салмақ. Бірақ қазақ қоғамы бұл іске мүлде басқаша баға беріп жатыр. «Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, жанашырлық пен тілеулестіктен гөрі «неге бұлай болды»; «шенеуніктер неге осындай» деген мағынадағы көзқарастарды жиі байқауға болады. Бұл қарулы шабуыл жұмысқа байланысты болса әкімдік құрылымындағы тәртіп пен бақылаудың әлсіздігін, ішкі кадрлық қақтығыстардың ушығып кеткенін, әрі билікке деген ішкі сенімнің дағдарысын көрсетеді.
Ал «бұл шабуыл оның карьерасына қалай әсер етеді», «Егер Берденовке бұған дейін қоқан-лоқы жасалған болса, оны неге заңды жолмен шешпеді» деген сұрақтарды Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровқа қойып көріп едік, қоңырауымызға да, хатымызға да жауап бермеді.
Тұрсынбек БАШАР