Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:04, 19 Шілде 2025

Шымкентте азаматтық қоғам өкілдері бас қосты

1
Фото: gov.kz

Шымкент қаласында XII өңірлік азаматтық форум өтті. Жиынның басты мақсаты – азаматтық қоғам институттарының дамуын талқылау, жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) әлеуетін арттыру және билік пен қоғам арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту.

Форумға өңірлік ҮЕҰ, жастар ұйымдары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, БАҚ, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қатысты. Шара "Тұрақты даму: Жаңа Шымкент – Жаңа мүмкіндіктер" деген тақырыппен өтті.

Азаматтық бастамалар мен әлеуметтік әріптестік

Форумда азаматтық қоғамның дамуы үшін жасалып жатқан нақты қадамдар мен оның әлеуетін арттыру жолдары кеңінен сөз болды. Спикерлер ҮЕҰ-дың әлеуметтік мәселелерді шешудегі рөліне, оларды қаржыландыру, оқыту және институционалдық қолдау тетіктеріне тоқталды.

Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасы өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда қалада 300-ден астам ҮЕҰ тіркелген. Олардың басым бөлігі білім беру, әлеуметтік қолдау, экология және жастар саясаты бағытында жұмыс істейді.

– Соңғы жылдары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен гранттық қаржыландыру көлемі едәуір артты. Бұл – азаматтық секторға сенімнің артқанын көрсетеді, – дейді форумға қатысқан сарапшы.

Қоғам мен билік арасындағы байланыс нығайып келеді

Жиын барысында қоғамдық кеңестердің жұмысы, мемлекеттік шешімдерге қоғамдық бақылау орнату тетіктері, сондай-ақ цифрлық мониторинг құралдарын дамыту мәселелері қаралды. Қатысушылар "тыңдай алатын мемлекет" қағидасының жергілікті деңгейде қалай жүзеге асып жатқанын нақты мысалдармен көрсетті.

Форум аясында "ҮЕҰ өмірі – бір сәт бейнеде" атты фотокөрме ұйымдастырылды. Онда қаладағы белсенді ұйымдардың жұмыс барысынан фоторепортаждар қойылды. Сонымен қатар ашық диалог алаңдары мен шеберлік сабақтары өтті.

Жастар мен жаңа буынның рөлі

Жиынның маңызды бөлігі – жастар ұйымдарының қатысуымен өткен панельдік сессиялар болды. Онда еріктілік, жас көшбасшылық, қоғамдық мониторинг пен әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттары талқыланды.

Форум ұйымдастырушыларының айтуынша, соңғы екі жылда Шымкентте жастардың қоғамдық өмірге араласу деңгейі едәуір өскен. «Жаңа адамдар» «Жастар кадрлық резерві» секілді бастамалар аясында ондаған жоба жүзеге асқан.

Азаматтық форумда не талқыланды?

Форум бағдарламасы келесі бағыттарды қамтыды:

· Қазақстан Республикасының азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын 2030 жылға дейін жүзеге асыру жолдары;

· ҮЕҰ-ларға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, гранттық және сыйлықтық қаржыландыру жүйесін жетілдіру;

· Мемлекет, бизнес және үшінші сектор арасындағы әлеуметтік әріптестікті ілгерілету;

· Жастарды азаматтық бастамаларға тарту, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру;

· Азаматтық процестерді цифрландыру және қоғамдық бақылау жүйесін дамыту;

· Жергілікті деңгейдегі өзекті проблемаларды азаматтық сектор арқылы шешу жолдарын іздеу.

Гражданский Альянс Қазақстаны бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева форумда:

«Азаматтардың бастамасы мен қоғамдық қатысуы – елдің болашағы үшін маңызды. ҮЕҰ – жергілікті жердегі нақты мәселелерді көтеріп, оны шешуге атсалысатын белсенді топ», – деп атап өтті.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Каримов:

«Мұндай форумдар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады. Біз үкіметтік емес ұйымдарға барлық салада қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді.

Гражданский Альянс Шымкент ресурстық орталығының жетекшісі Сара Имбарова:

«Бұл форум – әрбір қоғам мүшесінің, әр ұйымның Шымкентті барлық тұрғындарға қолайлы қала ету жолындағы рөлін нақтылау үшін маңызды алаң», – деп пікір білдірді.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева болса, дамыған елдерде демократиялық деңгей азаматтық қоғамның дамуымен өлшенетінін айтып, ҮЕҰ-ларға кәсіби қолдау қажет екенін атап өтті.

Қорытынды шешімдер

XII өңірлік форум Шымкент қаласындағы азаматтық қоғамның даму қарқынын көрсетіп қана қоймай, нақты тәжірибе алмасу мен стратегиялық серіктестікті жолға қоюға сеп болды. Форум соңында қабылданған қарарда азаматтық қоғамды одан әрі дамыту, ҮЕҰ-ларды кәсібилендіру, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен байланыс орнату және жастарды тарту бағытында бірқатар ұсыныстар енгізілді. 

Мұндай форумдар азаматтар мен билік арасындағы сенімді нығайтып қана қоймай, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған шешімдерді бірлесе қабылдауға жол ашады.

Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар:

- ҮЕҰ мен жергілікті билік арасындағы әріптестікті нығайту;

- әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту;

- өңірлік қоғамдық кеңестердің жұмысын күшейту;

- жастардың азаматтық белсенділігін ынталандыру қажет екенін атап өтті.

Шымкент қаласында өткен азаматтық форум – жергілікті деңгейдегі қоғамдық диалогтың жаңа сатысы. Мұндай алаңдар азаматтық қоғамның дамуына серпін беріп қана қоймай, билік пен қоғам арасындағы өзара сенімді күшейтеді. Бұл – Жаңа Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.