Шымкентте бір көпқабатты үйде төрт адам қаза тапты
Шымкентте көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде төрт адамның өліміне қатысты жағдай тергеліп жатыр. Бір подъездегі үш түрлі пәтерден төрт адамның мәйіті табылған. Бұл туралы KTK телеарнасы хабарлады.
Қайғылы оқиға Студенческий городок шағын ауданында болған. Алдын ала болжам бойынша, адамдардың өліміне газдан улану себеп болуы мүмкін.
Қаза тапқандардың қатарында:
-
31 жастағы әйел,
-
16 жастағы қыз,
-
23 жастағы жігіт,
-
20 жастағы студент қыз бар.
Алғаш мәйіт жуынатын бөлмеден табылған
Алдымен ең жас жәбірленушінің мәйіті анықталған. Үшінші қабаттағы жалдамалы пәтердің иесі үйді тексеруге келген кезде жалға алушы қызды жуынатын бөлмеде өлі күйінде тапқан.
Оқиғаның куәгері Ислам Файзуллаевтың айтуынша:
«Пәтер иесі келгенде ванна бөлмесінің есігі жабық тұрған. Ашса, қыз шомылып жатқан кезде қайтыс болған екен. Осыдан кейін учаскелік полиция шақырылды, адамдарды сыртқа шығара бастады. Құтқарушылар келіп, басқа пәтерлердің есігін ашқанда тағы да мәйіттер табылды», – дейді ол.
Кейін полиция қызметкерлері екінші қабаттағы басқа пәтерлерді тексерген кезде әйел мен жасөспірімнің, сондай-ақ көрші пәтерден жас жігіттің мәйітін анықтаған.
Үй тұрғындарының айтуынша, подъезде бірнеше күн бойы газдың иісі сезілген, бірақ бұл жағдайға қатысты ешқандай шара қолданылмаған.
Қазіргі уақытта газ қызметтері тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ.
Қылмыстық іс қозғалды
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Қылмыстық іс «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету салдарынан адамның өліміне әкелу» бабы бойынша тіркелген.
Оқиға орнында криминалистер мен сарапшылар жұмысын жалғастырып жатыр.