Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Шымкентте дәріханалар жанындағы емшара кабинеттерінде төрт адам көз жұмды

Ауруханадағы бала
Фото: ЖИ

Шымкент қаласында жеке дәріханалар жанында орналасқан егу (процедуралық) кабинеттерінде төрт адам қайтыс болды. Барлық жағдайда науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген.

Тексеру барысында бұл кабинеттердің шұғыл жағдайларға дайын болмағаны, ал қызметкерлердің пациенттердің ауыр халін еңсере алмағаны анықталған.

Аталған қайғылы оқиғалардан кейін медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті құқық қорғау органдарымен бірлесіп 13 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Нәтижесінде 12 емшара кабинетінің жұмысы уақытша тоқтатылды.

Қалалық департамент басшысының орынбасары Полат Бердалиевтің айтуынша, анықталған заңбұзушылықтар бойынша 14 әкімшілік хаттама толтырылған.

— Егу кабинеттерінде анафилактикалық реакция сияқты төтенше жағдайларда шұғыл медициналық көмек көрсету мүмкіндігі болуы тиіс. Ол үшін тиісті лицензия мен алғашқы медициналық көмек көрсету дағдылары қажет, — деді ол.

Сонымен қатар дәріханаларда психотроптық препараттарды заңсыз сату бойынша 25 дерек тіркелді. Емделуден жалтарған есірткіге тәуелді 10 Шымкент тұрғыны жауапкершілікке тартылды.

Бұдан бөлек, зейнетақы жинақтарын пайдалану бойынша түскен шағымдарға байланысты 34 стоматологиялық клиника тексерілді. Олардың бір бөлігі лицензиясыз жұмыс істеген, ал қызмет көрсеткен мамандардың тиісті сертификаттары болмаған.

Жалпы жоспардан тыс тексерулер қорытындысы бойынша 331 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл көлемі 41 миллион теңгеден асты.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында да күшті әсер ететін дәрілерді рецептсіз сату деректері анықталған. Бұл үшін дәріхана иесіне бірнеше рет әкімшілік шара қолданылғанына қарамастан, заңбұзушылықтар жалғасқан.

Тегтер: